Сөз — сыйластық бастауы

Осыдан біраз жыл бұрын, арамызда білім беру саласының ардагері, тіл жанашыры Зоя Бралова да бар, тіліміздің тағдыры туралы әңгіме қозғалған еді. Негізінен, елімізде жылдан-жылға қазақтың саны, үлесі артып келе жатқандықтан, тіл мәселесінің де бірте-бірте беті бері қарауға айналғанын, соның ішінде үлкен жиындарда, көпшілік шараларда қазақ тілінің үстемдік алғанын сөз еткенбіз.
Алайда Зоя апай әлі де тіл тағдырына алаңдайтынын жеткізді: «Мысалы, бұрын үй шаруасын істегенде міндетті түрде радионы қосып қойып, түрлі хабарлар тыңдайтынбыз. Өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін кәдімгі қарапайым еңбек адамдары сөйлегеннің өзінде, қазақ тілінің байлығына, шұрайлылығына сүйсініп, рахаттана тыңдаушы едік. Ал қазір басқаны былай қойып, журналистердің тіліне «қарның ашады». Тіл жұтаңданып, қарабайырланып барады»…
Ғаламторды қарасақ, тілдің жұтаңдануы, ластануы, мәдениетсіз, ойсыз сөйлеуге әдеттену бүгінде тек біз емес, көп халықты толғандырып отырған мәселе екен.Тіл экологиясы, тіл тазалығы проблемасы біз ойлағандай, бұрынғы КСРО елдерімен шектелмейді, ол көп елде күн тәртібіне өткір қойылып отыр.
Ең алдымен, адамзаттың бүгінгі буыны сөздің қадір-қасиетін қашырмау, сөз құдіретіне мойынсыну секілді құндылықтарға жүгіне бермейтінін ескеру керек. Бұрынғы дәстүрлі қоғамдарда жақсы сөз ел ішінде — жақсылықты, ал жаман сөз жамандықты көбейтеді деген ұғым басым болды. Мұны алысқа бармай-ақ, қазақтың мақал-мәтелі мен нақыл сөздерінен де аңғара аламыз: «Жақсы сөз — жарым ырыс», «Жылы киім тәнді жылытар, жылы сөз жанды жылытар», «Жақсы сөзге жан семіреді, жаман сөзден жан түршігеді», «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады», «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Ауыр істің салмағы білекке түсер, ащы сөздің салмағы жүрекке түсер», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», т.б. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп, жаман сөзді тәрбие көрмеген, мәдениеті төмен адам ғана айтады деген түсінік қалыптастырылды. Бір қауіпке, жаман жағдайдың алдын алуға байланысты қолайсыздау әңгіме қозғау қажет бола қалса, үлкендер жағының алдымен «Жаман айтпай, жақсы жоқ»деп барып қана(яғни соңынан жақсылық шақырып отырғанын меңзеп) сөз бастайтынына да бүгінгі аға, орта буын өкілдері сан рет куә болса керек.
Тіл тазалығын сақтау туралы айтқанда, көп қозғалатын өзекті мәселенің бірі — бейәдеп сөздерге бейімдік, лас сөзді оңды-солды айтудың қалыпты көрініске айналуы. Соңғы жылдары тіпті екі сөзінің бірі бейбастақтықтан тұратын қазақ киноларының (коммерциялық кино) көбейіп кеткені жөнінде жиі дабыл қағылып келеді. Ал нақ осы мәселе он шақты жыл бұрын Үндістанда қолға алыныпты. Бұл — киноиндустриясы мықты дамыған ел. Үндістанның фильмдерді сертификаттайтын орталық кеңесі хинди және ағылшын тілдеріндегі балағат сөздердің тізімін жасап, 30 сөзді қолдануға үзілді-кесілді тыйым салуға мәжбүр болды.
Осындай қадамдардан бейәдеп сөздіңбүгінде көше, отбасы, қоғамдық орындарды былай қойып, өнерге дейін «ауыз салуы» әлемдік үрдіске айналғаны аңғарылады. Отбасы, қоғамдық орын демекші, бұрын, мысалы, қыз баланың немесе үлкен адамның алдында бейәдеп сөз айтпау қайда да жазылмаған заңсекілді қабылданатын. Қазір, өкінішке қарай, жаңалықтардан үлкен кісінің өзі жастарды лас сөзбен сыбап, аяғында таяқ жеп қалған оқиғалар жайлы оқып жүрміз.
Арақтың кесірінен қанша қылмыс жасалатыны, қанша отбасының ойран болатыны жөнінде орта есеппен алынатын статистика бар. Ал былапыт сөздердің де зардабы аз емес, дегенмен оған қатысты нақты статистика кезікпейді. Егер шолу жасар болсақ, біріншіден, балағат сөз әсіресе жасөспірімдер арасында төбелеске себеп болып, оның соңы тіпті қайғылы жағдайларға соқтырған оқиғалар да тіркелді. Бүкіл елді дүрліктірген Шерзат Полаттың өліміне байланысты қасіретті оқиғаның балағат сөзден басталғанын сотта оның әкесі Қаржаубай баяндап берген еді. Дархан есімді сатып алушы Шерзаттың әкесіне лас сөз айтып, тіл тигізеді. Бала соған намыстанып, соңынан ере шығады… Былапыт сөзден шыққан төбелестің әлегі немен тынғаны белгілі: қазақтың 2 баласы өлді, 9 баласы әртүрлі мерзімге сотталды… Бәрінің артында аңыраған ата-ана қалды.
Екіншіден, ірілі-ұсақты басшылық қызметте отырған, білімді, қабілетті, бірақ сөйлеу мәдениетін ескере бермейтін адамдардың опық жеп жатқан тұстары да бар. Қызметтегі адамнан бөлек, ұрпақ тәрбиесіне жауапты мұғалімнің де бейәдеп сөздері желіде тарап, жұртты түңілдірді.
Былапыт сөз отбасының да берекесін қашырады, балалардың тәрбиесіне кері әсерін тигізеді.
Қоғамда бейәдеп сөзге бейімділіктің пайда болуына келсек, қай халық та, әсіресе отарлық қамытын киген жұрттар оның себебін басқадан іздеп, сырттан келгенге балайды екен. Қайткенде де, орта ғасырларда көп халықта бұл келеңсіздікке қарсы жаза қолданылған: «Жеті жарғы» бойынша кәмелетке толмаған балаға қол тигізбесе де, туған ата-анасынанбалағаттап ұрысса, ондай адамды қара сиыр не есекке теріс мінгізіп, ауылды айналдырып шыққан; ал Ресейде І Петр патшаның кезінде бейәдеп сөз айтқан адамға дүре соғылған, т.б.
Орта ғасырда бейәдеп сөз дінсіздіктің бір көрінісі ретінде қабылданды. Христиан дінінде «инфернальды лексика» термині бар, мұндағы «инферналь» сөзі латын тілінде «тозақтық» деген мағынаны береді. Діни ұғымда балағат сөздер тозақтық күштерге тән, тіпті соларды шақыру үшін айтылады деп те саналған.
Ислам дінінде біреудің ата-анасын сыбау өз ата-анаңды сыбаумен бірдей саналады. Бұл туралы хадисте айтылғандай, Мұхаммед пайғамбар: «Үлкен күнәлардың ішінде ең ауыры — кісінің өз ата-анасына лағнет айтуы», — дейді. Сонда бір адам түсінбей: «Адамның өз ата-анасына лағнет айтуы мүмкін емес қой?» — депті. Мұхаммед пайғамбар оған: «Кісі біреуді ата-анасынан сыбайды. Ол да жауап ретінде оны әке-шешесінен сыбайды» — деп, айналып келгенде әлгі ауыр сөздің өз ата-анасына қайтатынын меңзейді.
Бүгінгі зайырлы мемлекеттерде де, әсіресе қоғамдық орындарда былапыт сөйлеуге заңмен тыйым салынған. Италия елінде біреуді балағаттаған адамның үстінен шағым жазылса, кінәлі адам 350 еуро айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Ресейде әлеуметтік желілер мен сайттар балағат сөз жазған адамды бұғаттауға міндеттелген. Ол талапты ескермесе, ірі көлемде айыппұл төлейді.
Австралияда біреуді лас сөзбен балағаттаған адамға салынатын айыппұлдың көлемі — 600 доллар. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде айыппұл көлемі 70 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Көпшіліктің көзінше біреуді бейәдеп сөзбен қорлайтын болса, ол адам екі жыл мерзімге дейін қамалады. АҚШ-та да қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандар әр штаттың заңына сәйкесжазаланады, көбіне айыппұл төлейді.
Біздің елдің заңнамасында да балағат сөздер үшін жауапкершілікке тарту көзделген. Жеке адамға әдепсіз сөздермен тіл тигізу, сонымен қатар қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу— заң арқылы жазаланатын қылықтар.
Қоғамдық орындарда лас сөйлеу ұсақ бұзақылықтың бір түріне жатады. Ондай жағдайда 20 айлық есептік көрсеткіш (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе айыпты адам 5-15 тәулікке қамалуы мүмкін. Бұл бұзақылықты бір жыл ішінде тағы қайталаған жағдайда 30 тәулікке қамалады.
Ал жеке адамды бейәдеп сөзбен балағаттаса, қылмыстық жауапқа тартылып, 100 айлық есептік көрсеткішке (393 200 теңге) дейін айыппұл төлеуге міндеттелуі мүмкін.
Сондай-ақ ҚР Қылмыстық және Әкімшілік кодекстеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес енді 12 жастан асқан балалардың бейәдеп әрекетіне ата-анасы жауап беретін болады.
Әлеуметтік желідегі қорлау мен буллингке де жоғары көлемде айыппұл қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда, заң талаптары азаматтарды әлеуметтік ортада әр сөзіне, ісіне жауапты болуға міндеттейді. Байқасаңыз, көпшілік орындарда бейәдеп сөз айтуға қарсы заң күшейтілгелі бергі уақытта қоғамдық көліктерде былапыт сөйлеу де тыйылып келеді.
Заң талабынан бөлек, отбасындағы тәрбиенің маңызын да естен шығармаған дұрыс. Барлығымыз да сыйластық пен адамгершілік қағидаттарын ұстанған ортадаөмір сүруді қалаймыз. Балаларымыз бен ертеңгі ұрпағымыз үшін де соны тілейміз. Ал сол қоғамның негізі, іргетасы отбасында баланы жақсы сөзге үйретуден басталады.
Айна САРЫБАЙ.



