Мәдениет

Ұстаздық қызметтегі үш мүшел

Ақ халатты абзал жанға әдетте жұртшылық жылы көңілмен қарайды. Құрметтейді, одан әлдебір жылы көңіл, ізгілік күтеді. Өйткені бұл мамандықтың табиғатының өзі сондай — адамға жақсылық жасау үшін жаралған.

Ғалым-ұстаз Төлеуғали Адайбаев — осындай құрметті мамандарды даярлайтын жоғары оқу орнында ұзақ жылдан бері табан аудармай еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан адам. Білікті ұстаз, өнегелі аға, білікті маман. Әріптестері оны осылай бағалайды. Бірге еңбек ететін әріптестерді айтпағанда, кешегі медицина институты, одан кейінгі академия, ал бүгін университет атағын алған оқу орнында оқып, білім алған студенттердің де көпшілігінің бұл кісіні білмейтіндері кемде-кем. Әрдайым жылы жүзі мен жайдары мінезінің арқасында көпшілікке ұнайтын осы азаматтың бір жерде  еңбек еткеніне, міне, қырық жылға жақындап-ақ қалыпты.  Оның  ұстаздық қызметпен үш мүшел бойына айналысуы – қызметіне, қалаған кәсібіне деген шынайы құштарлығының көрінісі болып табылары анық.

Ол туған мекені — Жем бойын ылғи да мақтан тұтады. Сақтаған Бәйішев секілді сындарлы ғалым, Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Сағи Жиенбаев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин сынды  дүлдүл ақындар өмірге келген өңір ол үшін қашан да ыстық. Сонау бала кезінен сол талантты тұлғалардың есімдерін жаттап өскен Төкең есімдері елге белгілі ағаларына талай рет еліктегенін де жасырмайды.

Дәрігер болуды арман етіп облыс орталығына келген жас түлек сол уақыттағы оқуға түсудегі қатал бәсекені жеңе отырып, Ақтөбе мемлекеттік медицина институты студенті атанды. Осы оқу орнында білім ала жүріп, жас жігіттің ғылымға, адам ағзасының құпиялы қыры мен сырын ашуға деген құштарлығы оянды.

1974 жылы осы оқу орнын емдеу ісі мамандығы бойынша аяқтап шығып, курстастарының көпшілігі тәжірибелік дәрігер болуға асыққан кезде ол адам жанын арашалаудағы өз ролін өзгеше ұғынып, ғылыммен айналысуға бел буды. Яғни, ғылымсыз, жан-жақты зерттеусіз медицинаның алға баса алмайтындығын ұғынды. Сөйтіп, студенттік талпыныс ұшы-қиыры мен шегі жоқ ғылыми ізденіс пен педагогикалық қызметке ұласты. Жас ұстаз өз қызметін қалыпты анатомия кафедрасында ассистент ретінде бастап, кейін осы кафедраның аспирантурасында білім алды, онан соң аталған кафедрада аға оқытушы қызметін атқарды, сөйте жүріп ғылыми жұмыспен ден қоя айналысты. Бұл ізденісіне оның сол кездің озық ғалымдары еңбек еткен Ресейдің Новосібір, Мәскеу қалаларында білім жетілдіру курстарынан алған тәлімі, сондай-ақ өзінің әріптес аға буын ұстаздары профессор К. Мельникова және ғалым-лимфолог, Қазақстан Республикасы МҒА академигі Т. Үмбетов көп ықпал етті. Сөйтіп ұзақ ізденістер нәтижесінде медицинадағы аса күрделі мәселелердің бірі болып табылатын «Ащы ішектің лимфатикалық арнасының және шашырқайлық лимфатикалық түйіндерінің бихромат натрийдың әсері кезіндегі өзгерісі» тақырыбына дайындалған кандидаттық диссертациясы Ресейдің Новосібір қаласында, кешегі Кеңес Одағының белді мамандарының сын тезінен өтіп, сәтті қорғалды. Осы еңбегінен кейін Төлеуғали Адайбаев медицина ғылымдарының кандидаты, доцент атағына ие болды.

Алайда ғылым жолында жеткен бұл жетістіктері оны қанағаттандыра қоймады. Ғалым-ұстаз енді ізденісін жалғастырып, докторлық диссертациясына әзірлік жұмысын бастап кетті. Ғылыми ізденістерін, сан қилы зерттеу мен тәжірибелерін педагогикалық қызметпен қатар жүргізе отырып, оқу орнындағы адам анатомиясы мамандығы бойынша диссертациялық  кеңестің ғылыми хатшысы қызметін де қоса атқарды.  Талмай еңбек ету  арқасында 2004 жылы «Ұрықтың және нәрестелердің перинаталды кезеңдегі созылмалы құрсақішілік гипоксиясына байланысты лимфоидты мүшелердің морфологиясы» тақырыбындағы докторлық диссертациясын Алматы қаласында қорғады. Күрделі зерттеу, тынымсыз еңбек нәтижесінде жазылған осы жұмысы мен өз қызметіндегі сіңірген еңбегі үшін Төлеуғали Адайбайұлы нақ осы жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды, 2005 жылы профессор атағына ие болды. Ал 2008 жылы оқу орнындағы адам анатомиясы мамандығы бойынша докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі болып сайланды.

Төлеуғали Адайбаев — ғылым жолын ұстаздық қызметпен білікті де шебер ұштастыра білген жан. Ол осы жылдар ішінде қарапайым ассистенттен ғылым докторы, профессор қызметіне дейін жоғарылай отырып, неше бір мәртебеге жетсе де, өз білгенін шәкірттеріне үйретуде қарапайым мінезінен алыс кеткен жері болмады.

Күнделікті дәріс оқу барысында студенттердің, ғылыми ізденістерде өз шәкірттерінің сүйіспеншілігі мен құрметіне ие болған тәлімгер 1989-1999 жылдар аралығында емдеу факультеті деканының орынбасары болса, ал 2005 жылдың желтоқсан айынан декан қызметін атқаруда. Бүгінде ол факультет — жалпы медицина, емдеу ісі және педиатрия факультеті деп аталады.

Жоғары оқу орнында қызмет ете жүріп, ғылымда өз жетістіктеріңмен шектеліп қалу — мүмкін емес жайт. Сондықтан Төкең шәкірт дайындау мен тәлімгерлік ісіне аса көңіл бөледі. Себебі, «Көргенін, білгенін айтпаса — аға кінәлі» деген халық нақылы оның бойына сіңген қағида.

«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» деген тағы бір сөзді жадында мықтап сақтаған Төлеуғали Адайбайұлы — бүгінгі күні сегіз ғылым кандидатын, бір ғылым докторын дайындап шығарған білікті жетекші. Оның шәкірттері ұстаз еңбегін ақтап, ғылыми ізденіс пен денсаулық сақтау ісінде биіктерден көрініп жүрген жандар. Олардың арасында доценттер Қ. Жарылқасынов, М. Жайлыбаев, медицина ғылымдарының кандидаттары С. Рахманов, А. Қалиев, Н. Шапанбаев, А. Қадыров, ғылым докторы А. Алмабаева және басқаларын атауға болады.

Ғалым-ұстаз — бүгінде 120-дан астам ғылыми мақаланың, 2 оқу құралының,  1 монографияның авторы, оның ізденісінің нәтижесінде 2 ғылыми жаңалық ашылды. Бұл профессордың ізденістері мен шығармашылығының соңы еместігі, оның әлі де талай жаңалықтардың жаршысы болатыны айдан анық.

Қарапайымдығымен танылған Төкең ешкімнен атақ, даңқ, мақтау мен мадақтау сұраған жан емес. Дегенмен, еленбейтін еңбек болмайды. Ол кісі үшін «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы мен төсбелгісінен асатын құрмет жоқ. Себебі, дәрігер үшін, денсаулық саласында ізденісте жүретін маман үшін өз ісінің, өз саласының үздігі болудан артық мәртебе болмайтыны анық.

Төлеуғали Адайбайұлы — көпшілікке үлгілі отбасының, шаттықты шаңырақтың отағасы. Жұбайы Ғалия — жоғарғы білікті балалар дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, ата-анасының ізін қуған Қайрат — ғылым саласындағы ізденістері үшін медицина ғылымдарының кандидаты атағын иеленіп, бүгінде Астана қаласындағы №1 қалалық клиникалық емхананың хирург-дәрігері болып еңбек етуде. Ал қызы Назымгүл — Атырау қаласының перзентханасында білікті акушер-гинеколог. Яғни бұл жанұяны тұтас дәрігерлер династиясы деп атауға толық негіз бар. Үлкен ұлы Асхат қана өзге мамандықты таңдады. Дегенмен ол да өз ісінің шебері, теміржол саласының білікті  маманы. Қазір Қарағанды қаласындағы локомотив депосының директоры. Төкең болса бүгінде осы балаларынан тараған жеті немеренің атасы.

Бүгінде осы бір ел сыйлаған, шәкірттері мен әріптестерінің құрметіне ие болған, халық денсаулығының жақсаруы мен адам өмірінің ұзаруына  үлкен үлес қосқан, көпшілікке қарапайымдылығымен, ұстамдылығымен, ілтипаттылығымен танылған азаматтың өзінің де денсаулығының мықты қалпынан таймауын, ғылым көкжиегі мен ұрпақ тәрбиесінде әлі де талмай, шаршамай еңбек ете беруін, білімді де білікті шәкірттерінің көп болуын, ең бастысы ел сыйлаған азамат қалпынан көрінуін тілейміз. Адамдықтың ең бастысы – адам үшін еңбек ету. Ал адам денсаулығы мен медицина саласындағы ізденістер — осы еңбектің ең ұшар шыңы. Сондықтан 63 жастың асқарына шыққан медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Төлеуғали Адайбайұлы Адайбаевты осы шың басынан ұдайы көре берсек дейміз.

Қараман Жарылқасынов,

доцент, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің кафедра меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button