«Таза Қазақстан»

Қоршаған ортаның тазалығы – ортақ жауапкершілік

«AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Ақтөбе облысында лайықты жалғасын табуда. Партия мүшелері, белсенділер, волонтерлер апта сайын қоғамдық орындарды, ескерткіш айналасын, су айдындары мен саябақтарға тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді.

Бұл жолы акция Байғанин ауданының Жарқамыс ауылы маңында орналасқан өзен – “Жем” аумағында өтті. Бұл шараға партия мүшелерімен бірге «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, «Жарқамыс ауылы» бастауыш партия ұйымы мүшелері, жалпы 50-ге жуық адам қатысты.

– Жем – 647 шақырымды алып жатқан Ақтөбе және Атырау облысындағы өзен. Ол Мұғалжар тауының батыс беткейінен басталып, Мұғалжар және Байғанин ауданына қарасты ауылдардың үстімен өтеді. Біз өзен жағалауына тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Екі айда акцияға 70-80 адам қатысып, 21 тонна қоқыс жиналды, – деді партияның “Жарқамыс ауылы” бастауыш партия ұйымы төрағасы Айнұр Әби.

Ал Қарғалы ауданынындағы партия мүшелері акцияны Қарабұтақ ауылындағы “Нұрпейіс Хазрет” мешітінің маңына ұйымдастырды. Тазалық жұмыстарына “Жастар рухы” жастар қанатының белсенділері, бастауыш ұйым мүшелері және Бадамша агротехникалық колледжінің белсенді студенттері атсалысты.

-Біз бүгін киелі орынға тазалық жүргізіп қана қоймай, өңір тарихымен етене таныстық. Мәселен, Нұрпейіс Хазірет – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама, ғалым болған. Хазіреттің атындағы мешіт Қарабұтақ ауылында 1898-1905 жылдары салыныпты. Бұрын мұнда намаз оқитын залымен қатар балаларға білім беретін медресе және құран кітаптары сақталған екен, – деді жастар белсендісі, партия мүшесі Мейіржан Жұбан.

2025 жылдың алғашқы бес айында  акция Ақтөбе облысында 23 рет ұйымдастырылды. Нәтижесінде саябақтар, скверлер, өзен-көл жағалаулары, Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштер, тарихи-мәдени маңызы бар нысандар тазартылды. Іс-шараға 5 мыңға жуық адам атсалысып, 20 тоннадан астам қоқыс қайта өңдеуге жіберілді.

Меңтай Бектұрсынова

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button