Спорт

Жай оғындай Жайро соққан екі гол

Премьер-Лига

5-6 шілде күндері 15-тур ойындары өтті.

Алғашқы төрттік — «Астана» мен «Қайрат» та, «Ақтөбе» мен «Тобыл» да жеңіске жетті.

Бестікке енді ғана ілінген «Елімай» өз алаңында ұтылып қалды.

Сондай-ақ соңғы төрттікте ілініп-салынып жүрген «Атырау» мен «Тұран», «Ұлытау» мен «Қайсар» тағы да жеңіліске ұшырады.

*   *   *

5 шілде күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Атырауды» қабылдады.

Тап қазір мұнайлы өлке футболшыларының жағдайы кісі қызығарлықтай емес. Бұлар қатарынан 16 тур бойы жеңістің қандай болатынын сезінген емес. Екі кездесуде ғана тең ойынға қол жеткізді. Сол себепті де «Атырау» турнир кестесінің ең төменгі сатысында келе жатыр.

«Атыраудың» шаруасы ілгері баспай келе жатқандығының тағы бір себебі ретінде мұндағы стадионның хал-күйін айтуға болады. Неге екенін кім білсін, Атыраудағы стадионның кедір-бұдырлы жарақсыздығы талайдан бері айтылып жүрсе де, жергілікті билік бұған қыңқ етер емес. Ешкім маңдайынан сипауға ынта білдірмеген соң да болар, футболшылар да жарқыраған ойын өрнегін көрсетуге ықыласты емес сияқты. Чемпионаттың бірінші айналымы аяқталар тұста бас бапкер де өзгерді. Бұрынғы бас бапкер Виталий Жуковский осы бұрынғы командасына қайта оралды. Келмей жатып одан әлдебір нәтиже күту де артықтау болар. Дегенмен жаңа сыпырғы жаңаша сыпыратынын да естен шығаруға болмайды. Әйтсе де өткен жылы бұлар, әсіресе көнекөздер, осы «Ақтөбемен» екі кездесуде де тең ойнағанын, сөйтіп, 2024 жылғы чемпионатты жетінші орынмен аяқтағанын еске түсірген де шығар.

Өкінішке қарай, «Атыраудың» Ақтөбедегі ойынға келуі біраз кедергілерге тап болды. 4 шілде күні ұшақ ұшпады да, бұл команда футболшылары он сағат шамасында автобуста отыруға мәжбүр болды. Сөйтіп, олар Ақтөбеге түнделете жетті.

*   *   *

Қалай болғанда да, «Ақтөбе» қарсыластар қақпасына ойын басталған бойдан-ақ лап қойды. Бас бапкер де алаңға командаға жаңадан қосылғандардың барлығын дерлік шығарыпты: Никита Корзун, Вячеслав Швырев, Даниэль Соса, Артур Шушеначев (бұларға екінші таймда Георгий Жуков қосылды).

Алдын ала айта кетейік, осылардың барлығы да бірінші таймда жан аямай қимылдады. Әсіресе Артур Шушеначев қарсыластар қақпасына бірнеше рет шүйілді. Жанкүйерлерге әуелден-ақ танымал Артур осы бірінші таймда есеп ашып, Ақтөбеге өзінің алғашқы сыйын тарту еткісі келген сияқты. Дегенмен адамның көздегені бола бере ме? Біресе ол бағыттаған доп қиыс кетіп жатты, келесіде қақпашы Егор Хаткевич әбжілдік танытып, голдың жолын кесіп тастады. Дегенмен бұл шабуылшымыз алда да осылай қимылдай беретін болса, «Ақтөбенің» соғатын голы көбейе түсетін тәрізді. Даниэль Сосаның да қарсыластар қақпасына бағытталған бірді-екілі жорығы сәтсіз аяқталып жатты. Әйтеуір, стадион толы жанкүйер командамыздың құрамы мына екінші айналымда расымен де күткендегідей футболшылармен толыққанын көрді, олардың бұл кездесуді ойдағыдай өткізуге деген шынайы ынтасын сезінді.

Дегенмен бірінші таймда көзіміз үйренген, бұрыннан келе жатқан Жан Жайроның қимылы ерекше болғанын атап өтуіміз керек. Негізінен, сол қанатта көбірек көрінген ол аяғына ілінген допты қарсыластар қақпасының маңында жүрген әріптестеріне жолдаумен болды. Қарсылас команданың алаңдағы біздің аймаққа жасамақ болған шабуылының да берекесін қашыра берді. Сол еңбегі ақталды да. 35-минутта алаңның қақпаға таяу тұсында жүрген Жан Жайро өзіне тасталған допты қақшып түсті де, «Атыраудың» қақпасына тура тартты. Өзімен қапталдаса жүгірген атыраулық қорғаушыларды маңайына жолатпады. Ал дәл қақпа алдына келгенде алдынан атып шыққан қақпашы Хаткевичті алдамшы қимылмен сұлата құлатып, ілгері зырлаған допты бос қалған қақпаға сабырлы қимылмен дәл шегеледі. Сөйтіп, өзінің осы маусымдағы көшбасшы екенін тағы бір дәлелдеді — 1:0.

Бұдан соң да жерлестеріміз допты қарсыластар қақпасына қарай жөнелтуді азайтқан жоқ. Таймның соңғы минуттарының бірінде дәл қақпаның іргесінде жүрген Даниэль Сосоға тамаша пас берілді. Бірақ мұндай көлденең сыйды Сосо күтпеді ме, әйтеуір, нысананы дәл көздей алмады, доп қиыс кетті. Ал алаңға кәдімгідей бой үйретіп қалған қонақтар біздің футболшылардың әр қимылын жіті бақылаумен болды. Осы есеппен бірінші тайм да аяқталды.

Екінші тайм қонақтардың шабуылымен басталды. Бір ұпай болса да олжалап кетуді мақсат еткен қонақтар «Ақтөбенің» қақпасына қарай ұмтылумен болды. Бірінші таймда көп қимылдай қоймаған Андрей Влад енді шабуылдарға тойтарыс беруге шындап кірісті. Дегенмен алаңға шыққан «Атырау» ойыншылары түгелге жуық командаға жаңадан келген ойыншылар болғандықтан, олардың қимыл-қозғалыстарында бірін-бірі түсінісу жағы жетіспеді. Ал терең тактикасыз шабуылдарға «Ақтөбе» дес бере қоймайтыны белгілі. Әйтсе де алда Конференция лигасында кездесу өткізетінін, сол себепті жарақат алып қалмауды ойлады ма екен, әлде басқалай себептер болды ма, әйтеуір, екінші таймда «Ақтөбенің» екпіні басылып қалғаны байқалып тұрды. Дегенмен таймның бас жағында қақпа алдына ентелей жеткен Сосо тағы да оңтайына ыңғайлы келе қалған допты тағы да сәл қиыс тепті. Бұдан соң тәп-тәуір соққы жасаған Георгий Жуковтың добы қақпадан сәл жоғары асып түсті.

Ойын барысында алаңға жаңа футболшы шықса, қызу қолдап отыратын жанкүйерлер екінші таймда, 85-минутта ойынға Ыдырыс Умаев қосылғанда аса ризалық таныта қойған жоқ. Әлде бұл Ыдырыстың Жан Жайроны ауыстырғанына байланысты ма екен? Себебі екінші таймда да есепті ұлғайтқан Жан Жайро еді. Айтпақшы, алаңға осы екінші таймда шыққандар да команданың бұрынғы қарқынына жаңа қарқын қоса алмады. Мысалы, Георгий Жуков бірнеше рет допты әріптесіне асыруда қателіктерге ұрынып жатты. Оралхан Өміртаевтың да Артур Шушеначев тәрізді ұрымтал тұстарға ұмтылуы кемшін болды. Тек 80-минутта Жан Жайро пенальтиден соққан гол алаң иелерінің жеңіске жететіндігіне толық сендірді. Айып алаңында Жайроны «Атырау» ойыншысы Руслан Хадаркевич итеріп құлатып, соған байланысты пенальти белгіленген болатын. Сол аңдысқан сәтте, 80-минутта Жан допты қақпаның сол бұрышына бағыттаса, қақпашы оң жаққа қарай құлай ұмтылған еді — 2:0.

Ал екі таймға қосылған 4-минутта қақпа алдына жетіп келген, қақпашымен жекпе-жек шыққан Георгий Жуков допты қапталында келе жатқан, екеуі де қолайлы позициядағы екі футболшыға ысыра салудың орнына өзі соққы жасады да, доп айдалаға лағып кетті. Өзің жеке-дара жарқ етіп көзге түскенге не жетсін, дегенмен алдағы уақытта футбол ұжымдық ойын екенін Георгий де, басқалар да ұмытпауы керек.

Ал жалпы кездесу барысына келсек, доп ойын уақытының 54 пайызында ақтөбеліктердің еншісінде жүрді. Қақпаға соққы жасауда да (14-6), соның ішінде дәл соққы жасауда да (6-2) алаң иелері алда болды.

Ойын осы есеппен аяқталды. «Ақтөбе» күткеніміздей үш ұпай олжалады. Ал енді тоғыз кездесуі ғана қалған «Атыраудың» жағдайы ойлантарлық. Өзіне турнир кестесінде ең жақын тұрған «Ұлытаудан» 6 ұпайы кем мұнайшылардың биыл Премьер-Лигамен қоштасуы әбден мүмкін. Сол сияқты бұл ойында жеңіске жеткенімен «Ақтөбенің» де биыл чемпион атануға деген сенімі аса мықты емес екендігін мойындағанымыз жөн.

«Ақтөбе»-«Атырау» — 2:0

Гол авторы: Жан Жайро, 35-минут (1:0), Жан Жайро, пенальти, 80-минут (2:0).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Габи Кики, 57-минут, Георгий Жуков, 87-минут («Ақтөбе»), Ринат Жұматов, 40-минут, Игорь Стасевич, 79-минут («Атырау»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, ​Неманья Анджелкович, Габи Кики, Бағдат Қайыров (капитан), Данияр Үсенов (Георгий Жуков, 46-минут), Никита Корзун, Вячеслав Швырев (Аян Байдәулетов, 72-минут), Жан Жайро (Ыдырыс Умаев, 85-минут), Даниэль Сосо (Амаду Думбия, 63-минут), Артур Шушеначев (Оралхан Өміртаев, 63-минут).

Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Талғат Кусяпов, Әлібек Қасым, Лев Скворцов, ​​Саят Жұмағали, Әділхан Таңжарықов, Уче Агбо, Еркебұлан Сейдахмет;

Бас бапкер: Вячеслав Левчук.

5 шілде 2025 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Жетісу»-«Астана» — 0:2

«Қайрат»-«Тұран» — 4:0

«Елімай»-«Тобыл» — 2:3

«Оқжетпес»-«Қайсар» — 4:2

«Жеңіс»-«Ұлытау» — 2:0

«Қызылжар»-«Ордабасы» — 0:0

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Жан Жайро, шабуылшы — 6 гол;

Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 4;

Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2;

Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;

Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;

Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;

Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;

Лев Скворцов, қорғаушы — 1;

Габи Кики, қорғаушы — 1,

Аян Байдәулетов, қорғаушы — 1,

Амаду Думбия, шабуылшы — 1,

Данияр Үсенов, жартылай қорғаушы — 1.

(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).

*   *   *

Жерлестеріміз 16 кездесу өткізіп, 10 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 32. Доп айырмашылығы — 26-12.

*   *   *

15-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:

  1. «Астана» — 37;
  2. «Қайрат» — 36;
  3. «Ақтөбе» — 32;
  4. «Тобыл» — 31;
  5. «Елімай» — 24;
  6. «Оқжетпес» — 24;
  7. «Ордабасы» — 20;
  8. «Жеңіс» — 17;
  9. «Қызылжар» — 16;
  10. «Жетісу» — 13;
  11. «Қайсар» — 13;
  12. «Ұлытау» — 12;
  13. «Тұран» — 11;
  14. «Атырау» — 5.

Р.S. «Ақтөбенің», «Қайраттың», «Астананың», «Қайсардың» басқалардан бір кездесуі артық өткенін еске саламыз. Ал «Атырау» екі кездесуді артық өткізді. «Тобыл» мен «Ордабасының» бір ойыны кем.

*   *   *

Келесі аптада Еурокубок ойындары басталады.

Биыл Конференция лигасында бағын сынайтын «Ақтөбе» 10 шілдеде Варшавада «Легия» командасымен кездеседі.

Өткенде мәлім еткеніміздей, поляктармен жерлестеріміз бұдан бұрын да (2014 жылы) кездескен. Онда «Легия» екі ойынның қорытындысы бойынша жерлестеріміздің қақпасына үш гол соғып, өз қақпаларын аман сақтаған. Сөйтіп, Владимир Газзаев жаттықтыратын командамыз Еуропа лигасының негізгі кезеңіне өту мүмкіндігінен айырылып қалған еді.

«Ақтөбенің» биылғы қадамының алғашқы нәтижесі жоғарыда келтіргеніміздей 10 шілде күні мәлім болады. Сайттар мәліметінше, «Легия» құрамасының бағасы 37 миллион еуро құраса, «Ақтөбенің» құны — бар-жоғы 9 миллион еуро ғана.

*   *   *

16-тур ойындары:

12 шілде, сенбі:

«Ұлытау» — «Елімай»

«Жеңіс» — «Жетісу»

«Тұран» — «Қызылжар»

13 шілде, жексенбі

«Тобыл» — «Оқжетпес»

«Ордабасы» — «Астана»

*   *   *

Бұл турдың екі кездесуі мерзімінен бұрын өткен еді. «Қайрат» «Атырауды» 4:0 есебімен ұтса, «Қайсар» өз алаңында «Ақтөбеден» 1:2 есебімен ұтылып қалған.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button