«Нағыз қазақ — домбыра»

«Қазақтың рухани дүниелеріне зер сала қарағанда, олардың кейбір зерттеушілердің айтқанындай, «аттың жалы, түйенің қомында» туған мәдениет үлгілері емес, керісінше, үлкен тарихты, нақты халықтың дүниетанымын айна-қатесіз суреттейтін кемел өрнек екеніне көзіңіз жетеді».
Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай осылай деп, бабалардан қалған рухани мұраның дәп бағасын береді. Халқымыздың рухани мәдениетінің өзегі, құты қайсы дегенде, кім-кім де алдымен домбыраны еске алары сөзсіз. Қазақ халқы орыстануға, жаһандануға бет алған тұста ақын Қадыр Мырзалиевтің:
«Нағыз қазақ — қазақ емес,
Нағыз қазақ — домбыра!» — деген жолдар арқылы «ұлттық болмысыңды енді домбырадан ізде» деп меңзеуі де тегіннен-тегін емес еді.
Сондықтан да жаймашуақ шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күнінің біз үшін орны бөлек. Бұл мереке елімізде 2018 жылдан бері тойланып келеді.
Көне аспап
Домбыра тәріздес аспаптар бізге туыс, көрші саналатын халықтардың көпшілігінде бар. Сондықтан зерттеушілер домбыраны тарихы әріден басталатын көне аспап санайды. Олардың айтуынша, домбыра аспабының «түп атасының» кемінде 4 мың жылдан бері бар екеніне 1989 жылы Алматы облысының Майтөбе деген жерінен табылған тасқа қашалған суреттер дәлел бола алады. Бұл суреттерде сыртқы түрі домбыраға ұқсайтын аспап ұстап билеп жүрген адамдар бейнеленген. Көне сақтардан, ғұндардан қалған археологиялық ескерткіштерде де сырт пішіні домбыраға келетін музыкалық аспаптың кездесетіні жайлы деректер бар.
Ежелгі Хорезмде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде де домбыра пішіндес аспапта ойнап отырған адам бейнеленген саз мүсіндер шыққан. Ал ғылым домбыра тектес шертпелі аспаптарды Х ғасырдан бастап кең таралған деп тұжырымдайды.
Дегенмен 2010 жылы Моңғолиядағы Алтайдың бір сілемі — Жарғалант-Қайырқан тауына қарасты Үңгіртас аталған көне үңгірден домбыра тәріздес аспап табылған. Бұл аспаптың V ғасырда жасалған дүние екені анықталған. Көн үңгірге алғаш Н.Дандар есімді шопан тап болып, оның ішінен саз аспабын көргенін ауыл мектебінің мұғаліміне айтады. Мұғалім бұл ақпаратты жылы жауып қоя салмай, Моңғолия Ғылым академиясына қарасты археология институтына хабарлайды. Сөйтіп, мұнда археолог Ц.Төрбаттың жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізілген. Қазба барысында адам қаңқасы, ер-тұрман, садақ оқтары және саз аспабы табылған. Саз аспабын моңғол зерттеушілері өз халқының түйеқобыз аталған аспабы деп шешкен. Алайда бұл аспап туралы естіп, оны арнайы барып көрген ғалым, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы бұл тұжырыммен келіспей, «Бұл — домбыра. Оның үстіне аспап түркінің бейітінен шығып отыр, оның мойнындағы жазу да түркінің бітік жазуы» — деген пікірді алға тартты. Ғалым өз пікірін, яғни аспаптың шанағы мен мойнындағы бітік жазу оның түркі мәдениетінің мұрасы екенін көрсететінін табандылықпен дәлелдеп, ақыры 2013 жылы аспаптың көшірмесін жасауға рұқсат алып, оның негізінде жасалған көне домбыра музейге қойылды. Айта кетейік, Моңғолия жағы бастапқыда аспапты ғалымға көрсеткенімен, суретке түсіруге, сызып алуға рұқсат бермеген. Көшірмесі ұзақ айларға созылған келіссөздерден кейін ғана алынды.
Бұл — қазба жұмыстары кезінде табылған шертпе аспаптардың ең көне нұсқасы. Бір сөзбен айтқанда, осы нұсқа арқылы домбыраның тарихын нақты дәлелмен тағы да бес ғасыр әріге апаруға мүмкіндік туды.
Көне күй
Тарихшылар Жошы ханды 1225 (немесе 1227) жылы қайтыс болған деп жазады. Ал халық аңызына сүйенген өнертанушылар, зерттеушілер әдетте «Ақсақ құлан» күйін Жошы өлімімен байланыстыратыны белгілі. Күйдің бастапқы аты «Ақсақ құлан — Жошы хан» болған деген пікір де алға тартылады. Бұл пікірге құлақ түрсек, мұндағы «Жошы хан» сөзі кеңестік заманда қолданыстан түсіп, саясат салдарынан күйдіңтолық аты сақталмай, тек алғашқы бөлігі ғана қалған.
Сонымен биыл (немесе алдағы 1-2 жылда) бұл күйдің шыққанына тура 800 жыл толады. Сегіз ғасыр бойы қазақ даласында үзілмей тартылып келе жатқан күй — баға жетпес қазынамыз.
Күйдің өзі —өте көнеден бар музыкалық жанр. «Ортеке», «Нар идірген», «Бозінген», т.б. ғасырлар бойы тартылып келе жатқан күйлер белгілі.
Ал «Ақсақ құлан» күйіне келсек, олда кеңестік замандағы зерттеулерге «халық күйі» ретінде енген. Бұл туынды қазақ даласының бар түкпіріне тараған. Қазір күйді Кетбұға би шығарған деген пікір де айтылады. Бір пікірлер бойынша Кетбұға — Шыңғыс хан заманында өмір сүрген тарихи тұлға; екіншілердің айтуынша, ол — сол тарихи тұлғамен аттас, ел ішіне атағы шыққан күйші. 2015 жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында Кетбұға күйшінің мұрасы топтастырылған «Ақсақ құлан» атты жинақ жарыққа шыққан еді.
Жалпы, бұрын ел ішінде күйшілер күйді тартып қана қоймай, оны аңызымен бірге таратқан. Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты мақаласында: «Күй аңызы — әлі тексеріліп, ерекше жиналып зерттелмеген түрдің бірі. Бірақ қазақ халқының музыкалық фольклорын біліп, аңғарған адамның барлығына сыбызғы, қобыз, домбыра баян ететін көп күйлермен қатар, сол күйлердің ауызша айтылатын көркем, шебер әңгімесі болатыны мәлім», — деп жазыпты. Күй мен оның аңызының қатар жүруі ата-бабалардың өнер мен тарихты ұштастыру ниетінен туса керек.
«Ақсақ құланның» аңызы бойынша, Шыңғыс ханның үлкен ұлы, Дешті Қыпшақтың билеушісі Жошы хан аңға шыққанда бір ақсақ құланды қуып кетіп, жазатайым аттан құлап, қазаға ұшырайды. Оның өлімін қаһарлы ханға естірту оңайға соқпайды. Ел ішіндегі атақты күйшінің бірі тәуекел етіп, қаралы хабарды домбырамен күй арқылы жеткізген екен деседі.
Айта кетелік, 800 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде күйдің әр өңірге тән өз ерекшелігі қалыптасса, сонымен қатар аңызы да сан түрлі нұсқада айтылады. Бірақ оның кейіпкерлері Шыңғыс хан мен ұлы Жошының аты көп нұсқада сақталған. Сонымен қатар аңыздағы деректер орта ғасырлардағы кейбір қолжазба еңбектердегі мәліметтермен де сәйкеседі. Мысалы, ХVI ғасырда Өтеміс қажы Жошының аң аулап жүріп, аттан құлап өлгенін жазған. Тіпті ол Ұлытау деп, Жошының қаза тапқан жерін де атай кетеді.
1901 жылы Мәртөк ауданында туған күйші Қамбар Медетовтің бұл күйді қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеуде өткен онкүндігінде (1936 жыл) тартқаны да белгілі. Қамбар Медетов — Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі, төре руынан, Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы. Бүгінгі күні Ақтөбеде Қамбар Медетов атындағы көше бар.
Домбыра — қазақтың мыңдаған жылдар бойғы рухани мұрасы, дүниетанымы, тарихы қаттаулы тұрған киелі аспап. Домбыра басқа да халықтарда болғанымен, одан бір сәтке ажырамай, керісінше, қандай қиын күнде де домбыра арқылы рухын шыңдаған халықтың бірі — қазақ халқы. Мысалы, башқұрттарда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында домбыра (домбура) қолданыстанқалуға айналған. Мұның себебін зерттеушілер жаугершілік заманмен байланыстырады. Ұлт-азаттық қозғалыстар біріне-бірі ұласып, халық үнемі ат үстінде болғандықтан, домбырамен жыр айту дәстүрі үзілген. Тек 1980 жылдары ғана тарихи еңбектерге сүйене және қариялар естелігін басшылыққа ала отырып, Вәкил Шөгәйопов есімді шебер көне ұлттық аспаптарды қайта қалпына келтіру ісін қолға алып, соның ішінде домбыраны 1985 жылы қайта жасап шығарған екен. Осылайша башқұрт халқы өз аспабымен қайта табысқан. Башқұрт домбырасы — қазақ домбырасынан қысқалау және үш шекті аспап.
Біз домбыра қазақпен бірге мәңгі жасай берсе дейміз.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.