Ваучерлік қаржыландыру: жаңа жүйе, тиімді модель

Балабақша қаржысы балаға беріледі
Еліміз бойынша мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік қаржыландыру жобасы іске асырылып жатыр. Соның арқасында барлық балабақша балалар мен ата-ананың көңілінен шығу үшін, балапандарға лайықты қызмет көрсету үшін барын салады. Өйткені бұл жүйе бойынша ақша ұйымға емес, балаға беріледі. Ата-аналар бас тартқан бақшалар жабылады немесе білім беру сапасын жақсартуға көшеді. Бұл жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасында шынайы бәсекелестікті ынталандыруға сеп болмақ.
Жоспар бойынша жыл соңына дейін еліміздің барлық өңіріндегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, маусым-шілде айларында бұл жобаға Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Алматы қосылады.
Біздің облыстабалабақшаларда мемлекеттік тапсырыс орналастыру үшін тиісті қаражат қарастырылды. Бұл мақсатта облыс бойынша 32,6 миллиард теңге, Ақтөбе қаласында 18,5 миллиард теңге бөлінді.
Өңірімізде жаңа жүйенің жүзеге асырылу барысы қалай? Біз осы және жүйенің тиімділігі жөнінде облыстық білім басқармасы басшысы Бұлбұл Күзембаевамен сөйлескен едік. Сонымен…
Балабақша кезегі азаяды
— Оқу-ағарту министрлігінің ұсынымдарына сәйкес Ақтөбе облысының әкімдігі мектепке дейінгі білім беру саласына ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу бойынша ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді.
Ел Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңес хаттамасына сәйкес, ваучерлік қаржыландыруға көшу мерзімдері қысқартылып, осыған байланысты аталған тетікті Ақтөбе қаласында 1 маусымнан бастап енгізу жоспарланды.
Қазір жобаға 238 балабақша қатысып жатыр. Оның ішінде 48-і — мемлекеттік және 190-ы — жекеменшік ұйым. 25 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған ваучермен қамтылады.
Жалпы, мектепке дейінгі ұйымдардағы ваучерлік қаржыландыру жүйесінің басты артықшылығы — мемлекеттің қаражаты ата-ана мен бала таңдаған балабақшаға бөлінеді. Егер бала басқа балабақшаны таңдап, ауысқан жағдайда ваучер сол баламен басқа балабақшаға «ауысады». Бұл қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Ата-аналарға балабақшаны еркін таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-аналар білім беру қызметінің сапасын тікелей бағалайтын болады.
Балабақшалар арасында бәсекелестік туғызып, қызмет сапасын арттыруға септігін тигізеді. Жаңа жүйе балабақшаға кезекке тұру процедурасын жеңілдетеді. Сондай-ақмұндағы түрлі заңсыз факторларды жояды. Қысқасы, жаңа жүйені мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың тиімді моделі деп айтуға толық негіз бар.
Айта кету керек, қаражат тек ата-аналар «Darabala» автоматтандырылған жүйесінде баланың қатысуын растағаннан кейін ғана аударылады, — дейді Бұлбұл Бисембайқызы.
Біздің облыста 638 мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 45 048 бала тәрбиеленіп жатыр. Балапандардың 92 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында балабақшамен қамтылған. 22 284 балдырған (49,4 пайыз)жекеменшік балабақшаға (250) барып жүр.
Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар арасында кезекте тұрғандар саны — 6 113, оның ішінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың үлесі — 3 853 балапан.
***бала бұрын балабақшаға орын үшін кезекке тұрса, қазір ваучерге кезекке тұрады.
*** балабақшаны білім басқармасы анықтаса, қазір балабақшаны ата-ана таңдайды.
*** мемлекеттік тапсырыс балабақшаға бекітілсе, қазір ваучер баланың «қалауымен жүреді».Ол қай балабақшаға ауысса, ваучер де сонда «ауысады».
Кеңес беру пункттері ашылды
— Қаржыландыру жағынан өңір бойынша күрделі мәселе жоқ. Балбақшаларда мемлекеттік тапсырыс орналастыру үшін тиісті қаражат қарастырылды. Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін облыс бойынша 32,6 миллиард теңге, Ақтөбе қаласына 18,5 миллиард теңге бөлінді.
Ваучерлік жүйені әзірлеп жүзеге асырушы «Қаржы орталығы», «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығына және пилоттық жоба енгізілген Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысына жауапты мамандар жіберіліп, тағылымдамадан өтті.
12-13 мамырда мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік қаржыландыруды енгізу аясында әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге бағытталған түсіндіру іс-шараларына «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына Ақтөбе қаласының білім бөлімінің жауапты қызметкерлері, «DaraBala» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің өкілдері және жеке балабақшалардың құрылтайшылары қатысты.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы балаларды кезекке қою және жолдама беруге арналған «DaraBala» ақпараттық жүйесінде ата-аналар үшін ваучерлік қаржыландыру туралы ақпараттық материалдар орналастырылды.
Ақтөбе қаласында аталған жүйеге байланысты ата-аналар үшін арнайы кеңес беру пункттері жұмыс жасап жатыр. Ата-аналар сауалдарын 8(7132) 46-26-98 нөмірлеріне хабарласып, қоюларына да болады, — дейді басқарма басшысы.
Пункттерде білім беру саласының жауапты мамандары ата-аналарға жаңа жүйенің тәртібі мен артықшылықтары туралы толық ақпарат беріп, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруде. Түсіндіру жұмыстары ата-аналардың ваучерлік жүйені дұрыс түсініп, балаларына тиімді таңдау жасауына жағдай жасайды. Консультациялар белгіленген кесте бойынша жүргізілуде.
Айта кету керек, бұл жоба жалпы былтырдан бастап еліміздің кейбір өңірлеріндегі балабақшаларда пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Қазірде бұл жоба облыстық маңызы бар 15 қалада және еліміздің екі өңіріндегі 5 ауданда жүзеге асырылып жатыр. Олар — Тараз, Шымкент, Түркістан, Орал, Астана, Семей, Өскемен, Қостанай, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Талдықорған, Қосшы, Қонаев қалалары мен Жамбыл облысының Байзақ, сондай-ақ Түркістан облысының Сарыағаш, Сайрам, Мақтаарал, Қазығұрт, Жетісай аудандары.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазірде ваучерлік қаржыландыру жүйесіне 3 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым қосылған. Осы уақыт ішінде 230 мыңнан астам бала мектепке дейінгі біліммен қамтылыпты. Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал, Астана қалаларында ваучер жүйесі енгізілгелі бері кезек 44 пайызға қысқарған.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.