Шекара маңындағы шағын ауыл

Қобда ауданына қарасты Жиренқопа ауылдық округі — шекаралық аймақта орналасқан шырайлы мекен. Орталығы — Жиренқопа ауылы. Іргесі өткен ғасырдың 30-жылдары «Жиренқопа» қой шаруашылығы болып қаланған. Бүгінде уақыт талабына сай жаңарып келеді.
Халқы тұрақты, тұрмысы орнықты
Амандық Манашевтың айтуынша, Жиренқопа ауылдық округінің халқы 570 адамнан асады. Ауылда шекара бекетінің орналасуы көші-қон қарқынын төмендетіп, халықтың тұрақтап қалуына оң ықпал етіп отыр.
— Ауылда жұмыссыздық деңгейі — 3 пайыз шамасында. Тұрғындардың басым бөлігі бюджеттік мекемелерде және ауыл шаруашылығымен айналысады. Негізгі табыс көзі де осы салалар. Соңғы жылдары шаруа қожалықтары техникалық базасын жаңартып, мал басын көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, «Ауыл —ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламалары аясында түрлі жобалар іске асып жатыр. Жастар үшін «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы үлкен демеу болып отыр. Мемлекет тарапынан кәсіп бастаймын дегендерге жан-жақты қолдау көрсетілуде, — деді А.Бақтыбайұлы.
Бүгінде округте 18 шаруа қожалығы мен 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік мал шаруашылығымен айналысып отыр.Сол шаруашылықтардың бірі — округтегі «Марат» шаруа қожалығы. Басшысы Марат Шәріпов бұл істі 2012 жылы қолға алған. Қазіргі таңда қожалықта 1000-нан астам асылтұқымды ірі қара және 1500-ге жуық жылқы бар. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
— Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, жыл сайын мал басын көбейтіп келеміз. Қолымнан келгенше жұмысшыларға жағдай жасап отырмын. Мал дәрігерінен бастап, қажетті мамандардың бәрі бар. Жыл сайын аудандағы шаруа қожалықтарына 100-ден астам бұқа беріп, ұрықтандыру жұмысына да атсалысамыз, — дейді шаруа қожалығының басшысы М.Айтқалиұлы.
Ал кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүргендердің бірі — Айсұлу Нұрпейіс. Ол кәсібін қарапайым нан пісіруден бастап, бүгінде ауылда отбасылық кафе ашқан. Алғашында үй жағдайында тапсырыспен донер, пицца секілді тағамдар әзірлеген ол кейін мемлекеттік гранттың көмегімен шағын нысан ашып, қызмет аясын кеңейткен.
— Жалпы, кәсіпті осыдан 10 жыл бұрын үйден нан пісіріп сатудан бастадым. Ауылда отырып-ақ кәсіппен айналысуға болады. Үш жылдай үйден тапсырыспен тамақ әзірлеп саттым. Кейін кәсібіміз кеңейіп, грант арқылы шағын кафе аштық. Қазір ауылдан да, маңайдағы бес ауылдан да келушілер бар. Жұбайым мен үш қызым көмектеседі. Бір адамды жұмысқа алдық. Алдағы уақытта мәзірді толықтырып, жазда сыртқа сәкі(тапчан) орнатып, келген жұртқа жайлы жағдай жасауды жоспарлап отырмыз, — дейді кәсіпкер.
Басты мәселе — көгілдір отын
Жиренқопа ауылдық округінде шешімін күтіп тұрған басты мәселелердің бірі —газ мәселесі. Ауылда бүгінге дейін газ желісі тартылмаған. Тұрғын үйлерде жылыту жүйелері болғанымен, табиғи газдың жоқтығынан халық жылыту маусымында әлі күнге дейін ағаш, көмір және кей жағдайда тезек жағуға мәжбүр.
Округ әкімінің айтуынша, газ тарту мәселесіне байланысты бірқатар нақты жұмыстар қолға алынған. Жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Мердігер мекеме де анықталып отыр.
— Алда тұрған басты міндет— қаржыландыру мәселесін шешу. Құжаттар дайын, тиісті ұсыныстар жолданды. Бұл мәселе жергілікті биліктің бақылауында. Қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстарын бастауға толық мүмкіндік бар. Бұл — ауыл тұрғындарының көптен бері күтіп жүрген арманы,— деді ол.
Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды
Ауылішілік инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, төрт көше толықтай асфальтталып, бірнеше көше күрделі жөндеуден өткен.
— Биылдың өзінде Қобыланды батыр, Әлия Молдағұлова және Жастар тұйық көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жолдардың кезең-кезеңімен жөнделуі ауыл тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысқа мүмкіндік беріп отыр.Сонымен қатар ауыл ішіндегі барлық көшелер жарықтандырылған. Жол жөндеу мен жарықтандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Ауылдағы орталықтандырылған ауызсу жүйесі 2012 жылы іске қосылған болатын. Қазіргі таңда тұрғындар 100 пайыз таза ауызсумен қамтылған. Алайда су құбырларының тозуына байланысты оларды қайта жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Осы мәселеге байланысты қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мердігер мекеме анықталды. Жақын арада жаңарту жұмыстары басталады, —дейді Амандық Манашев.
Ауылда электрмен жабдықтау мәселесі де тұрақты шешімін тапқан. Елді мекенде орналасқан электроподстанция үздіксіз қуат беріп тұр. Қызмет көрсететін екі электромонтер күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізіп, жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар биыл Жиренқопа ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. 1978 жылы салынған ғимарат толықтай жаңартылып, заманауи талаптарға сай жөнделді.
— Бүгінде 200 орындық Мәдениет үйі ауыл халқы үшін маңызды қоғамдық, мәдени орталыққа айналды. Мұнда түрлі шаралар, концерттер мен кездесулер өтеді. Сонымен қатар модульді кітапхана жанынан коворкинг орталығы ашылып, жастар мен оқушылардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалды. Мәдениет үйінде 7 қызметкер жұмыс істейді. Жалпы, жөндеу жұмыстарын «Самұрық Құрылыс KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді, — деді Мәдениет үйінің меңгерушісі Гүлмира Бикеева.
Ауылдың тазалығы мен көркейту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Мұнда тұрмыстық-қатты қалдықтарға арналған арнайы полигон жұмыс істейді. Тазалық шаралары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар «Мансап» орталығы арқылы қоғамдық жұмысқа тартылған тұрғындар ауыл ішінің күнделікті санитарлық жағдайына жауапты.
Тұрғындармен байланысты нығайту да ауыл әкімдігінің басты назарында. Қазіргі заман талабына сай, ауыл тұрғындарына арналған арнайы WhatsApp чаттары құрылып, тұрғындар кез келген мәселесін тікелей әкімге жолдай алады.
— Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату — жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Қандай да бір мәселе туындаса, дер кезінде назарға алуға тырысамыз, — дейді ауыл әкімі Амандық Манашев.
Бұл өлке Қобыланды батырдың кесенесімен, тарихи-рухани құндылығымен көпке танымал. Жиренқопа — батыр бабаның мәңгілік мекені орналасқан тарихи-рухани орда. Тарихи орын бүгінде қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Аптаның жұмыс күндерінде ғана емес, сенбі және жексенбі күндері де келушілерге есігі ашық.Алыс-жақыннан, тіпті шетелден арнайы келетін туристер мен зиярат етушілер қатары жылдан-жылға артып келеді. Зиярат етушілерге арнап 2018 жылы демеушілік арқылы 15 орындық қонақүй салынған.
Жиренқопа ауылдық округінде әлеуметтік-экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта табиғи газ мәселесі шешімін тапса, тұрғындардың өмір сүру сапасы артып, ауылдың әлеуеті бұдан әрі нығая түседі.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.