Бопай ханым

Ақтөбе қаласындағы Баишев жоғары медициналық колледжі Бопай ханым есімін иеленген. Бұл оқу орнында негізінен қыз балалар оқиды. Бүгінгі қыз бала — ертеңгі ана. Ана — ұлт тәрбиесінің, ұлт болашағының бір тірегі. Сондықтан колледжге өз заманында қазақ халқы үшін үлкен істер атқарған Бопай ханымның есімі тегіннен-тегін берілген жоқ.
Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, сұңғыла саясаткер, көрегенмәмілегер Әбілқайыр хан 38 жыл ел басқарған. Бопай, яғни Бәтима Сүйіндікқызы —Әбілқайырдың ханымы.
Бәтиманы әкесі еркелетіп «Бопай» деп атаған. Бопайдың табиғатындағы ерекше бір қасиеті — емшілігі екен. Ол бала күнінде-ақ аяғы сынған қозы-лақты емдеумен айналысып, өсе келе адам емдеген. Қазақ елі ежелден ұл-қызын ержүрек қылып тәрбиелеуге ұмтылғанын білеміз. Және «Отан» ұғымын баланың құлағына бесіктен-ақ сіңірген. Бопай да сол тәрбиені көріп өскен.
Әйгiлi батыр Жəнiбек пен Әбiлқайыр сұлтан бірде жолда келе жатып, кеш түсе бiр ауылға кез болады. Ауыл иесi аса бай әрі батыр, жасы үлкен кiсiекен. Оның бой жетiп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Әбiлқайыр бірден ғашық болады. Жəнiбек батыр жас төренің мұнысына таңғалады.
Келесi күнi Әбiлқайыр күтпеген жерден сол ауылда қалатынын айтады да, Жəнiбек батырға ары қарай жалғыз кетуге тура келеді.Әбілқайыр қыз ауылына қайтып келіп, өзiнiң төре тұқымынан екенiн жасырып, Бопайдың әкесiнiң малын бағуға жалданады. Ұзын бойлы, батыр тұлғалы Әбiлқайыр жылқышы болып жүрсе де, аз уақытта ауылдың сеніміне кіреді. Көп ұзамай сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да ұнатады. Сөйтіп, Әбілқайыр Бопай сұлудың əкесiнен рұқсат сұрауға бел буады.
Қыз әкесi жылқышы, кедей жігітті өзіне тең көрмейді. Сондықтан «Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат және 60 боз ат әкелесiң, әйтпесе бере алмаймын», — деп шарт қояды.«Жалғыз атты кедей жiгiт бұл шартымды орындай алмас», — деп үмiттенеді.
Қыз әкесініңталабы жас батырға расында ауыр тиеді. Дегенмен оны орындау үшін ағайындарынан, ел-жұрттан көмек сұрайды. Бұл тілегін Жәнiбек батыр орындайды. Ол Әбiлқайырға керектi 150 жылқынысанап беріп, дәстүр бойынша құда түсуге де өзі аттанады. Сөйтіп,Жəнiбек екi жастың басын қосып, үлкен азаматтық іс жасаған деседі.
Әбілқайыр мен Бопайдың тұңғышы Нұралы 1711 жылы дүниеге келген. Бопай келiн болып келген соң, Қажысұлтан шаңырағының құт-берекесі арта түсті. Әбілқайырдың тасы өрге домалады.Оны Кіші жүздің билері, игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан сайлады. Әбілқайыр хан мен Бопай ханым ұрпақтарыныңарасынан хан, сұлтан болып, мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген, одан бөлек қазақтың мәдениеті мен өнеріне, ғылым саласына зор еңбек сіңірген қаншама тұлғаның есімі тарихта қалды!
Бопай ханымның беделдi болғаны соншалық көптеген саяси iстерді шешуге ақыл қосқан. Қиын мәселелер кезінде Әбілқайыр ханды сабырға шақыра да білген. Ол өз ерінің халықты бейбіт өмірге, жақсы тұрмысқа жеткізсем деген мақсат-ниетін барынша қолдады.
Бопай ханым орыстың шекаралық аймақтағы басшыларымен ресми келіссөздер жүргізіп, өзара хат алысқан.Әбілқайыр ханның ордасына патша елшілері келгенде,ханның қасында әр кез Бопай ханым да болған. Сондай-ақ ол рубасы, батырлармен де келіссөздер жүргізіп, олардың Әбілқайыр хан жағынан табылуына үлес қосқан.
Әбілқайыр хан қаза тапқаннан кейін Бопай ханым оның саясатын жалғастыруға атсалысты, халықтың жоғын жоқтап, қалың елді айналасына топтастыра білді. Үш ұлы хан сайланған Бопай ханым — көзі тірісінде «Хан Ана» атанып, халқының сүйіспеншілігіне бөленген бірегей тұлға.
Деректер бойынша,Бопай ханым 1693 жылы Елек өзенінің бойында дүниеге келіп, 1780 жылы қайтыс болған. Ол Елекке келіп құятын Жосалы өзенінің жоғарғы жағындағы қорымға жерленген.
Баишев жоғары медициналық колледжіне Бопай ханым есімін беру туралы бастаманың иесі Сақтаған Бәйішев атындағы білім корпорациясының президенті,философия ғылымының докторы, профессор Бекежан Ақанұлы еді. Қазақ қыздары Бопай ханым сынды ел анасы атанған тұлғалардың жолын қусын, солардай отаншыл болсын деген ниеттен туған бастаманы қалың жұрт қолдады.
Бопай есімі халқымызбен бірге жасай береді деп сенеміз.
Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,
Бопай ханым жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.