Тарих

Тарихты тану сапары

Дархан даламыздың әр қиырында орналасқан байырғы ескерткіш-белгілердің, көне қорымдардың түпкі тарихы қазақ халқының өткенімен үндеседі. Оларды бүгінгі буынға насихаттап, жас ұрпақтың жадына ұялату — елдік ісіміз. Бұл ретте Шалқар аудандық тарихи-өлкетану  музейінің  алға қойған жоспарлары айқын.

Белгілі ғалым, тарихшы, профессор Зәкіраддин Байдосов өзінің «Талмай шапқан тарлансың» атты еңбегінде 1804 жылы Ырғыз өңірінде дүниеге келіп, жастайынан алғырлығымен өз замандастары арасында беделді болып, патшалық Ресей өкілдерінің  назарына  ілігіп, сардар атағын иеленген Алмат Тобабаргенұлы туралы жан-жақты баяндайды.

Алмат Тобабергенұлы — заманында жұртын өркениет көшіне жетелеген, сол мақсат жолында қыруар іске ұйытқы болған көрнекті тұлға. Жас шағында Ресей мен Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтары арасындағы сауда керуендеріне ілесе жүріп орыс тілін меңгерген.  Оның 1830-1846 жылдары аталған мемлекеттерге орыс өкілдігі атынан дипломатиялық миссияларға барғандығы және патша шенеуніктері мен Кенесары хан арасында жүргізілген келіссөздерге де қатысқандығы туралы деректер бар.

1892 жылы өмірден өткен Алмат сардардың асыл сүйегі Ырғыз ауданының орталығынан шығысқа қарай 22 шақырым қашықтықтағы Майтөбеде жерленген. Майтөбе — 1731 жылы 10 қазанда Қазақстанның өз еркімен Ресейге  қосылуы жайлы  құжатқа  қол  қойылған тарихи жер.

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Нағима Тілембаеваның бастамасымен музей жанындағы «Тарих — халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшелері Майтөбедегі осы батыр мавзолейіне саяхат жасап, Алмат ата рухына Құран бағыштады.

Тарих жанашыры Жеткерген Елемес Алмат баба туралы тарихи деректерге сүйеніп, келелі әңгіме өрбітті. Шалқарлық суретші, зейнеткер Жұмағазы Ешмұқанбетов Алмат ата   тамының сызбасының қалай жасалғанына тоқталды. Көне жазулардан хабары бар Самат Әлжанов қорым басындағы құлпытастардағы ескі жазуларды оқыды.

Қорым ХІХ ғасырдың 30-жылдары ататектік бейіт ретінде Солтүстік Арал маңындағы белгілі қайраткер, Шөмекей руының ішіндегі бозғыл-шабдар аталығынан шыққан Алмат Тобабергенұлы мен оның бес ұлына (Төремұрат, Мақмұрат, Қосмұрат, Пірмақан және ең үлкені Самұрат, бірақ ол Қызылорда облысының Байғожа станциясы маңында жерленген) арналған отбасылық бейіті ретінде пайда болған.

Алмат Тобабергенұлының көзі тірісінде өзінің тапсырмасымен, үлкен ұлы Самұраттың қолдауымен халық сәулетшісі Жығаның 1888-1890 жылдары салынған көп бөлмелі, жалпы ауданы 100 шаршы метр, биіктігі  кезінде 20 метрдей  болатын сирек кездесетін үлгімен салынған кесене. Құрылысқа өзінің шынайы композициялық-жоспарлық шешімімен және әшекейімен аса ерекшеленіп, күйдірілген кірпіштің 11 түрі пайдаланылғандықтан, ХІХ ғасырдың қазақ сәулеткерлік өнерінің қайталанбас үлгісіне айналған екен.

Кесене  1994 жылы қорған қоршаумен қоршалып, алдына мемориалды тақта орнатылып,  ХІХ ғасыр соңынан бастап жерленген 20 адамның есімі жазылған. Алмат Тобабергенұлының суреті мен өмір сүрген жылдары жазылған естелік белгісі бар құлпытас та  қойылған.

Алмат тамы — «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы жергілікті маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енген ескерткіш.

Алмат баба демі таусылар шағында өзінен тараған ұрпақтарына: «даңқ, байлық, қызметтің  өрлеуі» сынды   үш  нәрсеге сақ болыңдар деген екен.

«Даңққа бой берсең — көзіңді  байлар, құздан құлайсың, байлыққа масаттансаң — төгілесің, қайыршылыққа қадам тартасың, қызметіңнің биіктігіне берілсең — жалғыз  қалып сандаларсың. Даңқты да, байлықты да қызмет биігінде уыстарыңа ұстай біліңдер,  топшыл болма, көпшіл бол!» деп өсиет етіпті.

Танымдық сапар барысында делегация мүшелері «Ырғыз-Торғай  мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі жанынан ашылған салалық музейдің жұмыстарымен танысты.

Осы саяхат барысында Шалқар және Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейлерінің  директорлары Нағима Тілембаева мен Әлібек Таубатыров алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жасау үшін бұрыннан бар  ынтымақтастық келісімшарт мерзімін ұзартты.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button