50 қап қоқыс жинады


«Ақтөбе» су қоймасы жағалауында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңір жастарының қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Оған отызға жуық ерікті мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары жұмылдырылды.
— «Таза жағалау» экологиялық акцияның басты мақсаты — өңірдегі табиғи аумақтардың тазалығын сақтау, тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Шара барысында қатысушыларға арнайы қаптар мен құрал-жабдықтар таратылып, бірнеше сағат бойы жағалауға жиналған қалдықтар тазартылды. Нәтижесінде 50-ге жуық қап қоқыс жиналып, арнайы орындарға жеткізілді.
Сондай-ақ жыл басынан бері облыс бойынша 330-дан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 9000-ға жуық жастың қатысуымен 10 мыңнан астам қап қоқыс шығарылды. Бұл тек «Таза жағалау» акциясымен шектелмейді. Өңірде «Ардагерлерді ардақтайық», «Таза бейсенбі» секілді өзге де экологиялық бағыттағы бастамалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
«Ақтөбе» су қоймасы маңындағы жағалауды тазалау жұмысына екінші жыл қатарынан келіп жатырмыз. Өкінішке қарай, қоқыс көлемі азаймай отыр. Сондықтан қала тұрғындарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, тазалықты бірге сақтауға шақырамыз. Табиғатты аялау — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз, — деді облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы.
Акцияға қатысқан еріктілердің бірі Жансейіт Қуандық та өз ойымен бөлісіп:
— Қоршаған ортаны қорғау — әр азаматтың парызы. Бүгінгі акция арқылы туған өлкемізге деген жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуге мүмкіндік алдық.
«Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеп, осындай игі істердің бел ортасында жүргеніме қуаныштымын. Бұл тазалық жұмысын болашақ ұрпаққа жайлы әрі қауіпсіз орта қалдыру жолындағы нақты қадам деп білемін, — деді ол.
Жұлдыз СӘРСЕНБАЙ,
Ақтөбе қаласы.





