Спорт

Үшінші орынға оралдық

Премьер-Лига

«Тұран»-«Ақтөбе» — 0:3

28-29 маусым күндері 14-тур ойындары өтті.

*   *   *

«Қайрат» сырт алаңда «Ордабасы» командасын 1:0 есебімен ұтты.

Өз алаңдарында ойнаған «Астана» да, «Тобыл» да қарсыластарымен тең түсті.

Сырт алаңда жеңіске жеткен «Ақтөбе» турнир кестесінде қайтадан үшінші орынға көтерілді.

Қатарынан төрт рет ұтылған «Атырау» тең ойынға қол жеткізді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Тұранмен» ойнады.

Соңғы төрт тур бойы жеңіске жете алмаған, оның орнына екі рет ұтылған «Ақтөбенің» жай-күйі жанкүйерлерді жабырқатып тастаған еді. Бас бапкер Вячслав Левчук те сөйткен шығар деп ойлаймыз. Дегенмен «темірді қызған кезінде соғу керектігі» рас. Тез арада лайықты жаңа бапкер табыла қоймады ма, әлде басқалай себептер болды ма, әйтеуір, алас-қапаста бұрынғы бірінші орында тұрған бапкерді (И.Леонов) екінші орында тұрған бапкер (В.Левчук) алмастыра қойған еді. Бірақ жаңа бапкердің айқын қолтаңбасын әлі көре алмай келеміз.

Рас, ол қолына тізгінді біржола алған соң «Ұлытау», «Жеңіс», «Елімайды» жеңдік, бірақ бұны салмақты шешім қабылдауға лайықты көрсеткіш деп те айта алмас едік. Бұл командалардан «Ақтөбенің» құрамы да мықты, шеберлігі де жоғары еді. Сол құрам, сол шеберлік «Қайрат» пен «Астанаға» келгенде жоққа айналып кеткендей болды. Әсіресе «Астанамен» кездесуде тең ойнап тұрып 84-минутта бас төреші Б.Абдуллаевтың даулы шешімімен пенальтиден бір гол соққызып алғанымыздың өкініші әлі естен кетер емес. Сол голға дейін де, гол соғылған соң да жерлестеріміздің қонақтың қақпасына ең болмаса бір доп енгізіп жіберерліктей мүмкіндіктері болды. Әттең, сол мүмкіндік пайдаланылмады. Әсіресе Оралхан Өміртаевтың қақпа алдына келіп тұрып неге соққы жасай алмағаны түсініксіз күйде қалды. Ал футбол дегеніңіз мүмкіндікті пайдалана білу екендігі әркімге де мәлім.

*   *   *

«Тұранмен» кездесуде жерлестеріміз сол жеңілістердің есесін қайтарар деп ойлағанбыз. Қайтарды да. Дегенмен бұдан сәл бұрын ақпарат құралдары «Тұранда» ойнайтын 12 легионер командадан кетіп қалғанын, олардың бірқатары бұрынғы бас бапкер Виталий Жуковскиймен бірге «Атыраудың» құрамына барғанын хабарлаған болатын.

Бұрынғы таныс-біліс футболшылардың сиреп қалғаны, әрине, команда ойыншыларына ауыр тиетіні сөзсіз. Маусым басталғалы түсінісіп қалған үйреншікті серіктердің орны үңірейіп тұратыны белгілі. Оның үстіне бұндай жағдайда үнемі алғашқы орындардың бірінде келе жатқан «Ақтөбе» тәрізді азулы командамен текетіресу команданың көңіл күйіне кері әсер ететіні белгілі.

«Ақтөбе» ойыншылары әуелде бұны да есепке алған болуы керек. Әйтеуір, ойын бірден қонақтардың шабуылымен басталды. Біздің жігіттерге жағдайды барлап алудың да қажеті болмады. Бесінші минутта-ақ есеп ашылды. Данияр Үсенов дәл қақпаның алдына келіп қалған Амаду Думбияға оңтайлы пас тастады да, Думбия допты қақпаға енгізе салды — 0:1.

Екінші голды өткізу де аса көп уақыт алмады. Үсті-үстіне жасалған шабуыл алаң иелерін абыржытып тастады. Осыны пайдаланған біздің жігіттер өңмендеп қақпаға ұмтылуымен болды. 14-минутта соның нәтижесі де көрінді. Богдан Вэтэжелу қиыннан қиыстырып допты қақпа маңайында жүрген Данияр Үсеновке жеткізіп берді. Ал Данияр еш қателеспестен қақпаны нысанаға алды — 0:2.

Осыдан соң ғана алаң иелері де ес жиғандай болды. Олар да шабуылдаудың ретін тауып, біздің қақпаға жақындауға тырысумен болды. Сондай сәттердің бірінде біздің қорғаушыларымыздың бірі қақпаға таяп қалған «Тұран» футболшысынан допты тартып алмақ боп әрекеттенген кезде тәртіп бұзды. Төреші еш ойланбастан пенальти белгіледі. 27-минутта он бір метрлік нүктеге келген Рахат Түсіпханов әлденеге алаңдаулы болды ма, әйтеуір, соққы жасаған шақта он бір метрлік допты тебудің ережесін бұзып алды. Сол себепті қақпаға кіріп кеткен доп гол ретінде есепке алынбады.

Ойын одан әрі жалғасты. Арагідік шабуыл ұйымдастыруға ниеттенгені болмаса, алаң иелері қонақтарды тықсыра алмады. Ал бірқатар өзгерістер жасап, алаңға жаңа ойыншыларды шығарған «Ақтөбе» есепті одан әрі ұлғайтуға аса тырыспады да. Сол бұрынғысынша доп екі команда ойыншыларының арасында кезек-кезек зырылдап жүрді. Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда алаң иелері өздерінің айып алаңында тәртіп бұзды. Төреші пенальти белгіледі. Бұл жолы пенальтиді орындауға келген Ыдырыс Умаев «Тұранның» қақпашысынан айласын асырды — 0:3.

Осы есеппен ойын да аяқталды. Ал қатарласа өтіп жатқан кездесуде «Тобыл» қарсыласымен тең ойнап, бір ғана ұпай алуына байланысты «Ақтөбе» үшінші орынға қайтадан көтерілді.

Бір ескерерлік нәрсе, бұл кездесуде «Ақтөбе» сапында жартылай қорғаушы, Беларусь құрамасының мүшесі Никита Корзун мен жартылай қорғаушы, Қазақстан құрамасының мүшесі Георгий Жуков алғаш рет алаңға шықты.

«Тұран»-«Ақтөбе» — 0:3

Гол авторлары: Амаду Думбия 5-минут (0:1), Данияр Үсенов, 14-минут (0:2), Ыдырыс Умаев, 90+2, пенальти (0:3).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Асылбек Асан, 45+3 минут, Шохан Абзалов, 82-минут («Тұран»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, ​Неманья Анджелкович, Габи Кики, Бағдат Қайыров (капитан), Аян Байдәулетов (Георгий Жуков, 46-минут), Данияр Үсенов (Мирас Уманиязов, 84-минут), Никита Корзун (Уче Агбо, 78-минут), Амаду Думбия (Ыдырыс Умаев, 46-минут), Жан Жайро, ​Оралхан Өміртаев (Әлішер Кенжеғұлов, 88-минут).

Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Лев Скворцов, ​Саят Жұмағали, Әділхан Таңжарықов.

Бас бапкер: Вячеслав Левчук.

29 маусым 2025 жыл. Түркістан қаласы, «Түркістан-Арена» стадионы.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Қайрат» — 0:1

«Ұлытау»-«Жетісу» — 1:2

«Қайсар»-«Елімай» — 1:2

«Астана»-«Қызылжар» — 3:3

«Тобыл»-«Жеңіс» — 2:2

«Атырау»-«Оқжетпес» — 0:0

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Жан Жайро, шабуылшы — 4 гол;

Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 4;

Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 2;

Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;

Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;

Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;

Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;

Лев Скворцов, қорғаушы — 1;

Габи Кики, қорғаушы — 1,

Аян Байдәулетов, қорғаушы — 1,

Амаду Думбия, шабуылшы — 1,

Данияр Үсенов, жартылай қорғаушы — 1.

(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).

*   *   *

Жерлестеріміз 15 кездесу өткізіп, 9 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 29. Доп айырмашылығы — 24-12.

*   *   *

14-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:

  1. «Астана» — 34;
  2. «Қайрат» — 33;
  3. «Ақтөбе» — 29;
  4. «Тобыл» — 28;
  5. «Елімай» — 24;
  6. «Оқжетпес» — 21;
  7. «Ордабасы» — 19;
  8. «Қызылжар» — 15;
  9. «Жеңіс» — 14;
  10. «Жетісу» — 13;
  11. «Қайсар» — 13;
  12. «Ұлытау» — 12;
  13. «Тұран» — 11;
  14. «Атырау» — 4.

Р.S. «Ақтөбенің», «Қайраттың», «Астананың», «Қайсардың» басқалардан бір кездесуі артық өткенін еске саламыз. Ал «Атырау» екі кездесуді артық өткізді. «Тобыл» мен «Ордабасының» бір ойыны кем.

*   *   *

15-тур ойындары:

5 шілде, сенбі:

«Қызылжар» — «Ордабасы»

«Қайрат» — «Тұран»

«Елімай» — «Тобыл»

«АҚТӨБЕ» — «АТЫРАУ»

«Жеңіс» — «Ұлытау»

6 шілде, жексенбі

«Оқжетпес» — «Қайсар»

«Жетісу» — «Астана»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button