Басты жаңалықтарМереке

Мерекедегі марапат

БАҚ

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнінде облыс әкімдігінде салтанатты қабылдау өтті. Облыс әкімі Асхат Шахаров БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтап, облыстың дамуына қосқан елеулі үлестері үшін алғыс айтты.

Кездесуге республикалық және өңірлік БАҚ журналистері, газеттер мен телеарналардың редакторлары және сала ардагерлері шақырылды.

Облыс әкімі өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін «қоғамдық өмірдің барометрі» дегенін еске салып, билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтудағы журналистердің ерекше рөлін атап өтті.

— Бұқаралық ақпарат құралдары — қоғамға тез әсер ететін қуатты құрал. Журналистер біздің дамуымыздың қарқыны мен жетістіктерін көрсете отырып, елдегі келісім мен тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосуда. Журналистік қоғамдастықтың өңірді дамытудағы және өзекті мәселелерді шешудегі маңызды рөлін ерекше атап өткім келеді. Сіздердің әр мақалаңыз, әр дайындалған сюжетіңізде адам тағдыры, үміті мен тілегі жатады. Сіздер біздің қоғамның айнасысыздар, сол үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, — деді облыс әкімі.

Іс-шара аясында Асхат Шахаров БАҚ өкілдеріне мерекелік марапаттар табыс етті.

Ардагер журналист Мейірхан Ақдәулетұлы Президент Жарлығымен бекітілген «Парасат» орденімен марапатталды. Облыстық «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Буханова «Еңбек ардагері» медалін алды.

Шарада бір топ журналиске «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Марапатталғандар қатарында әріптестеріміз, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты қос басылымның журналистері де бар. Атап айтсақ, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен «Ақтөбе» газетінің тілшісі Индира Өтеміс, Алғыс хатымен «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева марапатталса, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай мен «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Виноградова облыс әкімінің Алғыс хатын алды. Осы күні «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Динара Сангулова Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Марапаттау рәсімінен кейін сөз алған «Парасат» орденінің иегері Мейірхан Ақдәулетұлы әріптестеріне ізгі тілегін білдірді.

Кездесу соңында Асхат Шахаров медиа саласының қызметкерлеріне мамандыққа адалдығы, объективтілігі және белсенді азаматтық ұстанымы үшін тағы да алғысын білдіріп, шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button