Балаларға шаттық сыйлаған

Облыстағы балалардың 98 пайызы жазғы демалыспен қамтылады
Жазғы демалыс кезінде де балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету — білім саласындағы басымдықтардың бірі. Өңірде 1-10 сыныпта оқитын 174 959 бала бар. Соның 171 мыңын жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда,жазғы каникулда 291 497 баланы түрлі бағыттағы іс-шаралармен қамту жоспарланған (бір бала бірнеше қызмет түрін пайдаланады: қала сыртындағы лагерь, мектеп жанындағы лагерь, саяхат және қосымша білім беру ұйымдарындағы жазғы алаңдар).Бұл мақсатқа жергілікті бюджет есебінен 228,1 миллионтеңге қарастырылыпты.
Жазғы маусымда 7 (2 мемлекеттік, 5 жекеменшік) сауықтыру орталығы, 699 мектеп жанындағы лагерь және 49 қосымша білім беру ұйымдары жанындағы жазғы алаңдар жұмыс жасап жатыр.
Жақында облыстық білім басқармасы өңіріміздегі бірқатар лагерьлерге баспасөз турын ұйымдастырған болатын. Журналистер қала сыртындағы, мектеп және колледж жанындағы лагерьлерге барып, демалыс орындарының жұмыстарымен танысты. Сонымен…
Алыстағы аралдарға саяхат…
Алдымен жұмыс тобы Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияға барды. Мұнда бір емес, екі лагер жұмыс жасап жатыр екен. Бірі — жазғы лагерь (160 бала), екіншісі — жазғы алаң (140 бала).
— Лагерьдің негізгі мақсаты —оқушылардың жазғы каникулын тиімді өткізу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету десек, біз бұл бағытта көптеген іс-шаралар мен бағдарламалар өткізіп жатырмыз. Лагерь бағдарламасы балалардың физикалық, шығармашылық және интеллектуалды дамуына бағытталған. Балалардың көңілді демалуы үшін табиғат аясында демалу,спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Лагерьде балалардың көңіл күйі мен денсаулығы ғана емес, сонымен қатар олардың жаңа достар табуы, ұжымда жұмыс істей білу дағдыларын дамытуға да ерекше назар аударылып жатыр. Бір топтың балалары сурет салса, екіншісі іс тігіп, үшіншісі спорттық іс-шараға қатысуда. Әр күннің іс-шараларын бір-біріне ұқсамайтындай етіп ұйымдастыруға тырысып жатырмыз. Балаларға лагерьдің ұнағаны соншалық — бірінші кезеңде демалған оқушылар екінші кезеңге де қалып жатыр. Демеушілер — ата-аналар. Мектептің есебінен тынығып жатқандар да бар.
Мектеп жанындағы «Балдәурен» жазғы лагеріне бастауыш сынып оқушылары қамтылған. Олар 4 мезгіл тамақтанады.Барлық санитарлық жағдайлар талапқа сай.
Бұл жылғы лагерь жұмысының негізгі тақырыбы — «Аралдар». Соған сәйкес топтардың аты да «Бора Бора», «Мальдив», «Гавай» аралдарымен аталады. Іс-шаралар тақырыптары да аралдармен байланысты өткізіледі.
Сондай-ақ гимназияда «Бала Life» танымдық жазғы алаңы жұмысі стейді. Мұнда,негізінен,1-8 сынып оқушылары қамтылады. Жазғы алаңның жұмысуақыты —таңғы сағат 9.00 мен түскі сағат 13.00 аралығы. Жоспарға сәйкес балалар демалыс орындарына, ойын–сауық орталықтарына, кинотеатрларға саяхат жасайды және түрлі сайыстар мен ойындар өткізіледі. Мысалы, бүгін оқушылар Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдерге арналған кітапхана жұмысымен танысуға кетті.
Жазғы алаң бағдарламасы бойынша жұмыс үш бағытта жүргізіледі: оқушылардың экологиялық, мәдениет, құқық негіздерін қалыптастыру, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамыту, — дейді №51 гимназия директорының орынбасары Венера Қалдина.
— Лагерьдегі әр күніміз қызықты өтіп жатыр. Сол себепті мен екінші кезеңде де демалудамын. Мұнда уақыт тез өтеді. Әр күнде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Бәріне бәріміз белсене, қуана қатысамыз. Әсіресе бассейн ерекше. Тамақтары дәмді, — дейді 3-сынып оқушысы Нұрәли Қозыбаев.
Естен кетпес демалыс
Балалардың каникулды қызықты өткізуіне арналған керемет демалыс орындарының бірі — Қарғалы өзенінің бойындағы көрікті жерде орналасқан «Campit» лагері. Лагерь әкімшілігі мұндағы кездің оқушылардың есінде ерекше, жарқын естеліктерімен жатталып қалатынына сенімді.
— Өйткені біз оқушылардың демалысты көңілді өткізулері үшін бар жағдайды жасаймыз. Лагерьге оқушылар 7 кезең бойынша қабылданады. Қазір екінші кезең аяқталуға жақын. 288 бала тынығып жатыр. Әр күн қызықты бағдарламаларға толы. Сол себепті де мұндағы балалардың ұялы телефон қарауға шамасы да жоқ. Әдетте түске дейінгі уақытта балалар түрлі үйірмелер бойынша (робототехника, ағылшын тілі, спорттық туризм, хореография, театр ұжымы, каратэ, футбол, таэквондо, бокс, волейбол, бейнелеу өнері, қолөнер, шешендік өнер, журналистика, т.б.) шығармашылық қабілеттерін шыңдайды. Ал түстен кейінгі уақытта танымдық тақырыптарда іс-шаралар ұйымдастырылады. Лагерь аумағында медициналық пункт, парламент залы, асхана, концерт залы, спорттық құрал-жабдықтар, футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңдары, арқан саябағы, өрмелеу қабырғасы, кинотеатр, ойын алаңы бар. Балалармен жұмыс істеуге тәжірибелі мұғалімдер, тәрбиешілер мен кеңесшілер жұмылдырылған. Жалпы «Campit» лагері ағылшын тілін үйретуге бағытталған.
Ауысымның ұзақтығы — 10 күн. Жалпы құны — 109 мың теңге. Мұнда 6-15 жастағы балалар қабылданады. Мұнда тынығушыларға SanPin стандарттары бойынша күніне 5 мезгіл тамақ беріледі. Лагерь аумағы тәулік бойы кәсіби күзетпен қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, лагерьде біздің өңірмен бірге Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының да балалары демалып жатыр. Әлеуметтік топ балалары да лагерьмен қамтылған. Бұл кезеңде «Қазақстан халқына» қоры есебінен Байғанин мен Мәртөк аудандарының 90 баласы тынығуда, — дейді «Campit» лагері басшысының орынбасары Жасұлан Қайдасов.
Балалар «Campit» лагерінде демалып жатқандарына дән риза.
— «Campit» лагері өте ұнады. Аталғандемалыс орнына осымен алтыншы рет келіп жатырмын. Бұл жолы бір үйден үш бала келдік. Інім Бимағамбет пен сіңлім Сенімге де лагерь ұнап жатыр, — дейді №79 мектептің 4-сынып оқушысы Сезім Тасболат.
Алға ауданынан келген Әзиз Ізтайға да «Campit» лагері қатты ұнапты.
— Үшқұдық орта мектебінде оқимын. 5-сыныпты үздік бітірдім. Отбасында 6 баламыз. Лагерьде бәрі көңілді, қызықты. Бейбарыс, Қасымжан есімді жаңа достар таптым. Балалармен тез тіл табысып, бұрыннан танитындай бір-бірімізге тез үйренісіп кеттік.Тәрбиеші, тәлімгер апайлар біз үшін барлық жағдайды жасап жатыр, — дейді Әзиз.
Қарамай жауындарға, дауылдарға…
«Шұғыла» лагері 6 ауысым бойынша балалар қабылдайды. 10 күндік демалыс құны — 100 мың теңге. Әр ауысымда 290 бала демалады. «Қазақстан халқы» қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан «Жазғы жолдама» жобасы аясында 99 бала демалуда.
— Қазіргі кезеңде Шалқар, Ойыл аудандарының балалары көп. Әр ауысымның оқушылары жас ерекшеліктеріне байланысты «Балақай», «Еркетай», «Жасұлан», «Болашақ», «Сұңқар» топтарына бөлінген. «Шұғыла» лагерінің барлық іс-шаралары «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде этномәдениет бағыты бойынша жасалған.
Лагерь аумағында топтардың жеке қоныстанатын ғимараттары, спорттық ойын алаңдары, концерттік іс-шараларға арналған үлкен алаңқай және эстрадалық сахна, сонымен қатар жабық бассейн (25 орындық), үлкен асхана орналасқан. Жауын-шашын секілді, ауа райының қолайсыздығы лагерь жұмысына кедергі келтірмейді. Өйткені лагерь маңында жаңбырлы немесе салқын күндері жоспарланған іс-шараларды өткізуге арналған арнайы ғимарат бар. Әр топ ғимаратының жанында дербес спорттық ойын алаңдары орналасқан, — дейді лагерь басшысы Эльмира Күлтаева.
Оның айтуынша, лагерьде 40 адам жұмыс жасайды. Оның 20-сы — педагог.
Тиімді жоба
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде мектеп оқушыларына арналған «Skills Camp» кәсіби шеберлік лагері ұйымдастырылып жатыр. Аталған лагерьге Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейі, №38 қазақ орта мектебі, А.Ермекбаев атындағы №23 мектеп-лицейі, Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназиясы және А.Байтұрсынұлы атындағы лингвистикалық мектеп-гимназиясынан барлығы 128 оқушы қатысуда.
«Skills Camp» — оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ нақты еңбек дағдыларын меңгеруге мүмкіндік беретін тиімді жоба.Басты мақсат — оқушыларға түрлі кәсіби бағыттар бойынша білім беру, олардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттыру.
Қатысушылар үшін шеберлік сыныптары, тимбилдинг ойындары, кәсіби бағдарлау тренингтері және командалық жобалар ұйымдастырылуда.
Бала қауіпсіздігі — басты назарда
— Балалардың қауіпсіздігі — әрқашанда басты назарда. Оқушылардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру мақсатында 10 мемлекеттік органмен бірлесіп іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ өңірлік ведомствоаралық штаб құрылды.
Үш жылдан бері «Қазақстан халқы» қорының қолдауымен «Жазғы жолдама» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл жоба аясында біздің облысқа бөлінген жолдама саны — 395. Жолдама 5-8 сыныптарда оқитын ауыл балаларына беріледі. Соның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, спорттық, шығармашылық жетістіктері бар, үздік, дарынды ауыл балаларына басымдық берілген.
Мысалы, «Кәмпит» лагерінде жалпы 148 баланың демалуына «Қазақстан халқына» қоры қаражат бөліп отыр. Қалған жолдамалар бойынша оқушылар «Шұғыла» және «Әсем» лагерьлерінде демалады.
Биыл Ақтөбеде елімізде баламасы жоқ «Skills camp» жобасықолға алынды. Жоба аясында 18 колледж жанынан кәсіптік лагерьлер ашылды. Сонымен қатар экологиялық білім беруге бағытталған «Эко-жаз», шығармашылыққа, сыни ойлауға бағытталған «Medialab» жаздық лагерьлері жұмыс жасауда.
Дарынды балаларға арналған «Зияткер» ақыл-ойды дамыту лагері де іске қосылды, — дейді облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасар.
Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған (739), аз қамтылған (7201), көпбалалы отбасылардан шыққан(6929), ерекше қажеттіліктері бар (2074), құқық қорғау органдарының есебіне алынған (105) және қолайсыз отбасының (290) балалары қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалады. Жалпы, арнайы санаттағы балалардың 98 пайызы демалыспен қамтылады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.