Меруерт әженің алғысы


Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» атты қайырымдылық акциясы өтті.
Ардагерлерге құрмет көрсету, қамқорлық пен мейірімділік сияқты адамгершілік қасиеттерді жастардың бойына сіңіру, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайту мақсатында өткізілген іс-шараға жиырмаға жуық ерікті қатысты. Олар Ақтөбе қаласының Жанқожа батыр көшесі, 71-үйде тұратын 88 жастағы Меруерт әженің ауласын тазалап, бау-бақшадағы шөптерді жұлу, шаруашылық істеріне көмек көрсету сияқты жұмыстарды атқарды. Ардагер ұстаз жастардың бұл қолдауына ерекше ризашылық танытты.
— Балаларым басқа қалада тұрады. Өзіме аула жұмыстары ауырлау болып жүр еді, жастар келіп, бәрін тындырып берді. Осындай қамқор ұрпақ өсіп келе жатқанына қуаныштымын, — дейді Меруерт әже алғысын білдіріп.
Акция аясында қатысушылардың бірі, ерікті Қуандық Жансейіт ардагерлермен жүздесудің маңызын атап өтті: «Біз, жастар, өткенді ұмытпай, ардагерлеріміздің ерлігі мен еңбегін қадірлеуіміз керек. «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған. Мұндай шараларға қатысу — мен үшін үлкен мәртебе. Ардагерлермен тілдесіп, олардың өмір жолынан тағылым алу кітаптан оқығаннан әлдеқайда әсерлі. Волонтерлік —жүректен шығатын шынайы қызмет», — дейді ол.
Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлының айтуынша, орталық мамандары мен еріктілер ардагерлерге тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жастар жақында қаланың Пожарский көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласын абаттандыруға қатысқан. «Ардагерлер — қоғамның асыл қазынасы. Біз оларға қамқор болуды жалғастыра береміз. Осындай іс-шаралар жастарды рухани тұрғыдан тәрбиелеумен қатар, қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты арттырары анық», — дейді ол.
Арайлым НҰРБАЕВА.



