Спорт

Төреші «Ақтөбені» төртінші орынға сырғытты

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Астана» — 0:1

21-22 маусым күндері 12-тур ойындары өтті.

«Қайрат» екінші таймда азшылықта ойнаған «Қызылжарды» ұтты.

«Тобыл» мен «Елімай» да, «Астана» мен «Ордабасы» да бір-бір доп артықшылығымен жеңіске жетті.

Төрешінің шешімімен жеңіліп қалған «Ақтөбе» сырғып төртінші орынға түсті.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Астана» командасын қабылдады.

«Астананы» ұтылмайтын команда десе де болғандай. Бұлар чемпионат басталғалы бір-ақ рет есе жіберді. 10 мамырда өз алаңында, Астана қаласында «Тобылдан» ғана жеңіліп қалды (1:3).

Бір айта кетерлігі, осы жеңілістен кейін бұлар қатарынан төрт ойында да ұтысқа ие болды. Соның ішінде «Жеңістің» қақпасына 4 гол, «Оқжетпестің» қақпасына 5 гол соқты.

Марин Томасов, Назми Грипши, Усман Камара, Джеффри Чинеду тәрізді сұрмергендері бар клубыңыз қарсылас команда ойыншыларының сәл қатесін де еш кешірмейді. Мысалы, «Оқжетпестен» 2:0 есебімен ұтылып жатып, олардың қақпасына бірінен соң бірі 5 голды тоғытты.

Бұл жерде «Астана» мен оның бас бапкеріне қатысты айтылып жатқан сын-ескертпелерге тоқталмай отырмыз.

Ал «Ақтөбенің» жағдайы кісі мақтарлықтай емес еді. Жерлестеріміз соңғы үш ойында да жеңіске жете алмаған. Екі рет ұтылып, бір рет тең түскен. Яғни ие болуға болатын тоғыз ұпайдың біреуін ғана алған.

Бір қызығы, үш ойында да бірінші болып қақпаның кұлпын ашқан «Ақтөбе» болатын. «Қайраттан» ұтылғанымызға дау айта алмаспыз, ал «Жетісу» мен «Қызылжардың» біреуінен жеңіліп, екінішісімен тең ойнағанымызды үміті үзілмей келе жатқан жанкүйерге қалай түсіндіруге болады.

Сірә, осы кездесуден кейін өзіне жаңадан кінә артылатынын алдын ала сезген болуы керек, «Ақтөбенің» бас бапкері Вячеслав Левчук ақпарат құралдары арқылы

өз жоспарын жайып салды: «Барлық клубтар күшейтіледі, біз де одан тыс қалмаймыз, — деді ол. — Жақын арада бұл туралы анық білетін боласыздар. Қазір кейбір заңдық ньюанстар ғана қалып тұр, сондықтан фамилияларды нақты атай алмаймын. Дегенмен мынаны айтуым керек, бұлар белгілі есімдер, жақын арада біздің баспасөз қызметіміз жария еткен уақытта көптеген жанкүйерлеріміз бұларды танитын болып шығады».

*   *   *

Кездесу «Астананың» шабуылымен басталды. Бұл да күтпеген жай емес еді. Қатарынан төрт жеңіске жеткен команданың тәуекелге баруы да орынды еді. Екіншіден, Левчуктің «Ақтөбені» жаңа ойыншылармен күшейту жөніндегі жоспарын бұлар да білген шығар. Бұл команда екінші айналымда күшейіп кетер, сол себепті осы кезде үш ұпай олжалап қалайық демегендеріне кім кепіл.

Дегенмен астаналықтар қаншама жерден гол соғып кетерлік сәт туғызуға тырысса да, біздің жігіттер сыр бермеді. Андрей Владтан бастап барлық қорғаушылар қонақтардың әр қадамын аңдумен болды.

Сөйтіп, қонақтардың алғашқы екпіндерін басты. Одан әрі алма-кезек шабуылдар орын алды. Богдан Вэтэжелу қауіпті соққы жасады. Жан Жайро тепкен допты астаналық қақпашы қақшып түсті. Бұрыштамалар белгіленді. Стадион лық толы жанкүйерлердің қолдауы жерлестерімізді жігерлендіргені даусыз. Бірақ бірінші таймда есеп ашылмады.

Екінші таймды да астаналықтар шабуылдармен бастады. Сірә, бас бапкер Григорий Бабаянның үзіліс кезіндегі тапсырмасы осылай болса керек. Бірақ тағы да сабырлы қарсылықтарға тап болды. Тап болды деу тым жұмсарта айтып отырғанымыз. Әйтпесе біздің жігіттер екінші таймның ортасынан ауа бере күшейіп кетті. Ойынның 65-75 минуттары арасында жойқын шабуылдар ұйымдастырумен болды. Қалай болғанда да, соңғы турларда жолы болмай жүрген жігіттеріміз «Астананы» жеңіп, өздерінің айыбын жуғысы келген сыңай танытты. Әттең, солай жасауға мүмкіндіктері (шеберліктері) жетпеді. 67-минутта Оралхан Өміртаев Бағдат Қайыровтан тамаша пас алып, қонақтар қақпашысымен жекпе-жек шыға келді, дегенмен алдындағы допты еңірете тебуге келгенде шабандық көрсетті де, қорғаушылардың бірі ылдым-жылдым қимылдап, доптың бағытын өзгертіп жіберді. Оралхан әлде сасқалақтап қалды ма, әлде бұдан да ыңғайлы позиция жасап алғысы келді ме, әйтеуір, алдындағы доптан оп-оңай айырылды. Бұдан соң алдында тұрған қақпаны нысанаға алудың сәтті мүмкіндігін Аян Байдәулетов құр жіберіп алды. Амаду Думбия айып алаңына жете бере ешкім итермей-ақ сұлап түсті. Қысқасы, сен соқпасаң, голды ол соғады дегендей жағдай қалыптасты. Солай болды да. Ойынның соңғы минуттары жүріп жатқанда «Ақтөбенің» айып алаңында Марин Томасов құлап түсті де, бас төреші Бағдат Абдуллаев VAR-дағылардың айтуымен осы мәселені шешуге кірісті. Кіріскенде де, «Ақтөбенің» қақпасына пенальти белгіледі. Теледидардан қайта-қайта көрсеткен бұл эпизодта Томасовты шалып құлатып жатқан ешкім көрінбеді, жай ғана допқа талас, қатардағы таластардың бірі, тіпті мұндайды сауатты төрешілер ескермей де кете береді. Осының алдында «Астананың» айып алаңында Аян Байдәулетовті итеріп құлатқан Бранмир Калайцаға төреші ескерту қағазын көрсеткен де қойған. Ал бұл жолы Б.Абдуллаевқа өзінің жеке-дара билігін көрсету керек болған сыңайлы. Сонымен пенальти орындалды — 0:1.

Бұдан соң ақтөбеліктер есепті теңестіруге тырысты. Теңестіріп те кете жаздады. Бірақ доп қақпаға дәл бағытталмады да, қайран еңбек желге ұшты.

Сөйтіп, міне, қатарынан төртінші турда жеңіске жете алмадық.

Біздіңше, бас бапкерге қатысты нақты шешім қабылдануы керек сияқты. Төрт тур бойы бір жеңіске жете алмаған команданың бас бапкері не деп ақталады енді? В.Левчук: «Бізге сол аяғымен тебетін сол қанатқа лайық орталық қорғаушы қажет. Орталық аймақты да  күшейту керек. Шабуылшы керектігі де айқын. Қазір бір үміткер табылып отыр. Бұл біздің команданы күшейте түседі. Жұмыс жүргізіп жатырмыз, көптеген ақпараттарды ақтарамыз. Өкінішке қарай, бізге ұнағандардың барлығын меншіктеудің реті келмей жатыр».

«Ақтөбе»-«Астана» — 0:1:

Гол авторы: Назми Грипши, пенальти, 84-минут (0:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Лев Скворцов, 28-минут («Ақтөбе»), Бранимир Калайца, 75-минут («Астана»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Лев Скворцов (Аян Байдәулетов, 46-минут), Неманья Анджелкович, Габи Кики, Бағдат Қайыров (капитан), Богдан Вэтэжелу, Уче Агбо (Дархан Бердібек, 61-минут), Амаду Думбия, Данияр Үсенов (Айбар Абдулла, 70-минут), Жан Жайро, ​Оралхан Өміртаев (Әлішер Кенжеғұлов, 86-минут).

Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), ​Саят Жұмағали, Әділхан Таңжарықов, Мирас Уманиязов, Джордже Ивкович.

Бас бапкер: Вячеслав Левчук.

22 маусым 2025 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Жеңіс»-«Атырау» — 2:0

«Қайрат»-«Қызылжар» — 1:0

«Елімай»-«Тұран» — 2:1

«Тобыл»-«Жетісу» — 2:1

«Оқжетпес»-«Ордабасы» — 0:1

«Қайсар»-«Ұлытау» (ХХV тур) — 1:1

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Жан Жайро, шабуылшы — 4 гол;

Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 4;

Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;

Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;

Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;

Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;

Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;

Лев Скворцов, қорғаушы — 1;

Габи Кики, қорғаушы — 1,

Аян Байдәулетов, қорғаушы — 1.

(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).

*   *   *

Жерлестеріміз 14 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 26. Доп айырмашылығы — 21-12.

*   *   *

13-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:

  1. «Астана» — 33;
  2. «Қайрат» — 30;
  3. «Тобыл» — 27;
  4. «Ақтөбе» — 26;
  5. «Елімай» — 21;
  6. «Оқжетпес» — 20;
  7. «Ордабасы» — 19;
  8. «Қызылжар» — 14;
  9. «Жеңіс» — 13;
  10. «Қайсар» — 13;
  11. «Ұлытау» — 12;
  12. «Тұран» — 11;
  13. «Жетісу» — 10;
  14. «Атырау» — 4.

Р.S. «Ақтөбенің», «Қайраттың», «Астананың», «Қайсардың» басқалардан бір кездесуі артық өткенін еске саламыз. Ал «Атырау» екі кездесуді артық өткізді. «Тобыл» мен «Ордабасының» бір ойыны кем.

*   *   *

14-тур ойындары:

28 маусым, сенбі:

«Ұлытау»-«Жетісу»

«Атырау»-«Оқжетпес»

29 маусым, жексенбі

«ТҰРАН» — «АҚТӨБЕ»

«Тобыл» — «Жеңіс»

«Қайсар» — «Елімай»

«Астана» — «Қызылжар»

«Ордабасы» — «Қайрат»

*   *   *

10 шілде күні Еурокубок ойындары басталады.

Биыл Еуропа лигасында ойнайтын «Ақтөбе» бұл күні Варшавада «Легия» командасымен кездеседі. Ал 17 шілдеде ойын Қазақстанда өтеді.

Бұл командалар өзара 2014 жылы кездескен болатын. Онда польшалық клуб екі рет: Польшада 2:0 және Қазақстанда 1:0 есебімен жеңген болатын.

Енді мына кездесудегі жеңімпаз Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне өтеді, ал ұтылған команда Конференция лигасының екінші кезеңінен бастап ойнайтын болады.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button