Инвестициялық бастамалар және мол мүмкіндіктер

Ынтымақтастық
Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту және қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру аясында облыс әкімі Асхат Шахаров «Zhongbo Group»қытайлық компанияның директорлар кеңесінің төрағасы ЯнцзиньЧжома бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Кездесу барысында өңір басшысы Қытаймен өзара әріптестік, тату көршілестік, стратегиялық сенім мен тиімді ынтымақтастық негізінде құрылғанын атап өтті. Ол Ақтөбе облысы айтарлықтай инвестициялық, өндірістік және логистикалық әлеуетке ие екенін, бұл өңірді бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін тартымды алаңға айналдыратынын айтты.
—Ақтөбе облысы үлкен экономикалық және стратегиялық әлеуетке ие. Біздің өңірде бай пайдалы қазбалар қоры шоғырланған, бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалған, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы өтеді. Сіздердің өңіріміздегі жобаларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды жоғары бағалаймыз және олардың сәтті жүзеге асырылуы үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз,—деді Асхат Шахаров.
«Zhongbo Group»компаниясы —жаңартылатын энергетика саласындағы Қытайдың ең ірі инвесторларының бірі. Осы жылдың сәуір айында Қазақстан делегациясының Қытайға сапары аясында компания басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Zhongbo Group»компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта «жасыл» энергетика, агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі және басқа да әлеуметтік маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық көзделген.
Янцзинь Чжоманың айтуынша, компания әлемнің оннан астам елінде ірі жобаларды іске асыруда. «Zhongbo Group»компаниясы күн және жел энергетикасы, құрылыс, логистика және қорғаныс өнеркәсібі салаларын белсенді дамытып келеді. ЖЭК саласындағы инвестиция көлемі 3,6 млрд АҚШ долларынан асқан. Компания Қазақстанға заманауи технологиялар, инвестициялар және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы халықаралық тәжірибені алып келуге әзір.
Кездесу барысында тараптар Ақтөбе облысында қуаттылығы 1000 МВт-қа дейінгі экологиялық таза электр энергиясын өндіретін жоғары технологиялық өндіріс құру ниетін растады және аталған салада ынтымақтастықты дамытуға ынталы екенін жеткізді.
Асхат Шахаровтың айтуынша, облыс әкімдігі инвестициялық бастамаларды іске асырудың барлық кезеңіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Ол бұл әріптестік өңірдің тұрақты дамуына және Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Д.АЙДАР.