«Таза Қазақстан»

Көше тазалығы — көптің ісі

Шалқар қаласы әкімдігі «Біздің көшенің тұрғындары» атты екі айлық тазалық байқауын қорытындылады. Жұртшылықты жаппай өз көшесінің тазалығына жұмылдырған бұл тың бастама бірден кеңінен қолдау тапты. Байқау шартына сәйкес тұрғындар әр аптаның сенбісінде көшелеріне жұмыла жүріп жасаған тазалық жұмыстарын Шалқар қаласы әкімдігінің ресми парақшасына жүктеп отырды.

Осы тазалық байқауының аудандық Мәдениет үйінде өткізілген қорытынды рәсіміне аудан әкімі Жанболат Жидеханов туған өлкені көркейту бағытында қолға алынған бұл бастама көпке үлгі болғанын айтып, қала тұрғындарына ризашылығын білдірді.

—«Тазалық—мәдениеттің айнасы, ұлттың ұлағаты» деп бекер  айтылмаған. Биыл да тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекемелерден бастап мектеп, балабақшалар, денсаулық сақтау саласы, кәсіпкерлер мен теміржолшыларға дейінгі барша қауым бір кісідей қатысты. Бұл шараға 950-ге жуық адам мен 14 арнайы техника тартылып, 53 тоннадан астам тұрмыстық қалдық пен қураған ағаш, күл-қоқыс арнайы орынға жеткізілді. Қала көшелеріне 300 түп ағаш көшеті мен 400 дана гүл егілуде.

Осы жылы алғаш рет Шалқарда ұйымдастырылған «Біздің көшенің тұрғындары» сенбілік байқауы жұртшылықты жігерлендіріп қана қоймай, жергілікті халықты ынтымақ пен бірлікке үндеді. Осы іс-шара аясында көше тұрғындары өз аулаларын абаттандыруға жұмыла кірісіп, көршіге деген жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын өнегесін танытты, — деді ол.

Осы тұста «Біздің көшенің тұрғындары»  байқауының үздіктері хабарланып, алда сол жеңімпаз көшелерде жүргізілетін іргелі істер аталымы бойынша жүлде сертификаттары табысталды. Аталған тазалық шарасына үлкен-кішісі ұйымшылдықпен қатысқан Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, атақты жылқышы Тынымбай Жұмағалиев көшесіне асфальт жол салу сертификаты берілді. Ы.Алтынсарин көшесіне қиыршықтас төселсе, Ә.Жанаманов көшесіне көл суының құбыры тартылады.

Сондай-ақ Жамбыл, МПС-55,57, Ж.Қабақбаев, Ы.Абдуллин көшелеріне, Құрманғазы және Тихонов, Резванов және Биекенов көшелерінің қиылыстарына ойын алаңдары салынатын болды.

Осы тазалық байқауында белсенділік танытқан Ә.Жангелдин, Ы.Нұртаев, Жалмағамбетов, Сәлпенов, Тәжібаев көшелеріндегі үйлер маңдайшасына көше атаулары жазылған  тақтайшалар орнатылып беріледі.

Ұжым болып биылғы көктемгі сенбілік жұмыстарына белсене қатысқан І.Үргенішбаев, Ә.Жангелдин атындағы орта мектептері, Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясы, Шалқар электр желілері учаскесі мекемелерінің ұжымдарына аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Салтанатты шарада туған мекеннің тазалығы, тұрғылықты халықтың қоғамдық ортадағы мәдениеттілігі, елдік істегі ауызбіршілігі хақында ортақ ойлар айтылды. Тұрғындар: «Жалпы тазалық жұмыстары алда да науқандық кезеңдермен шектелмей, әрбіріміздің борышты ісімізге айналуы қажет» деген ортақ ұстаныммен тарады.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button