Тарих

Панасыз қалған балалар

Тарихта халқымыздың басына түскен қасіреттердің бірі —  1921-1922 жылдардағы ашаршылық. Бұл, негізінен, Қазақстанның батыс өңірін шарпыды.

Отандық тарихнама бойынша аштықтың негізгі себептері — жаңа құрылып жатқан кеңестік билік пен большевиктер партиясының экономикадағы қайшылықты саясаты, сонымен қатар сол кездегі табиғат зардаптары.

Аштықтан әсіресе қоғамның ең әлсіз буыны — балалар алапат қасірет шекті. Ата-анасынан айырылған, баспанасыз, қамқорлықсыз қалған балалардың тағдыры өте аянышты еді. Азамат соғысы мен одан кейінгі жағдайларға қарамастан, партия мен кеңестік биліктіңпанасыз қалған балалар мәселесіне көңіл бөле алғанын да айту керек.Аштықтың алғашқы күндерінен бастап-ақ балалар үйлерінбарынша ашып, панасыздарды орналастыру жұмыстары жүргізілді. Қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде де арнайы жатын орындары ұйымдастырылып, асханалар ашылды. Сонымен қатар балалар республикаішілік және республикадан тыс, яғни аштық болмаған аймақтарға теміржол арқылы көшірілді.

Балалардың жағдайын реттеуге бағытталған жұмыстараштықтың ең қиынсәттерімен қабаттаса жүріп жатты. Азық-түліктің жетіспеушілігіне қоса, түрлі жұқпалы аурулар тарап, балалар ғана емес, ересектер арасында да өлім көп болды.

Айта кететін жай, Ақтөбе өңіріндегі 1921-1922 жылдардағы аштықта панасыз қалған балалардың жағдайы — бұрын-соңды өз алдына жеке зерттелмеген тақырып.Жалпы, панасыз балалар түгіл, 1921-1922 жылдардағыаштық мәселесінің өзі кеш зерттеле бастады. Тәуелсіздіктен кейін,негізінен, 1931-1933 жылдардағы аштық жайы көбірек айтылып, зерттелді.Ал 1921-1922 жылдардағы ашаршылық теккейінгі кезде, әсіресеосы зұлматтың 100 жылдығы қарсаңында зерттеушілер назарына ілігіп, көптеген еңбектер, ғылыми мақалалар жарық көрді.

Ақтөбе губерниясында ашаршылықтың алғашқы белгілері 1921 жылдың шілде айында байқалған. Табиғи апаттың кесірінен қазақ жерінде егіннің 90 пайызы шықпай қалыпты.1921 жылдың 4 шілдесінде Ақтөбе губатком төрағасы Ряхов қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Азық-түлік комиссариатына және ҚазОАК-ге төмендегідей мазмұнда жеделхат жіберген: «Первый Актюбинский губсъезд признал Актюбинскую губернию угрожающим продовольственном отношении:Темирской, Иргизской, Уильской и южной части Актюбинского района хлеба нет, население давно голодает, урожая хлеба не предвидится. Ходатайствует перевести губернию потребляющей и просит хлеб имеющейеся ссыпных пунктах забронировать Комитетом помощи голодающим Актюбинской губернии, приостановить вывоз такового из губернии. Теперь же отпустить семнадцать с половиной тысяч хлеба сто тысячи голодающих».

1921 жылы Ақтөбе губерниясы 135 болыстықтан тұрған. Бес балдық жүйемен есептегенде, егін шығымы — 1,2; шөп шығымы 1 балды құраған. Ақтөбе уезінде, Темір уезінің кей бөлігінде егін егіліп, құрғақшылықтан, зиянкестер әсерінен шықпай қалған. Ырғыз уезінің 120 мың тұрғыны бар 15 болысында, Темір уезінің 95 мыңнан астам тұрғыны бар 27 болысында, Ойыл уезінің 63 мың тұрғыны бар 13 болысында ешқандай астық болмаған. Шөп шығымы да орта деңгейден төмен еді. Бұл уездердің тұрғындары, негізінен, қазақтар. Қыс айында олар жұтқа ұшырап, қолындағы малдың 90 пайызынан (кей жерлерде 95 пайызы) айырылған. Малы да, астығы да жоқ тұрғындардың ауыр жағдайы жөнінде баяндай отырып, губатком төрағасы ҚазОАК жанындағы аштыққа ұшыраған тұрғындарға көмек беру жөніндегі төтенше комиссия төрағасы С.Меңдешевке: «Губатком қолындағы мәліметтер бойынша ашыққандар саны 300 мың, азық-түліктің жетіспеушілігінен олардың саны күн санап өсу үстінде», — деп көрсетеді.

Аштықтың алғашқы күндерінен бастап-ақ орталықтың, республиканың басшылығы және жергілікті билік орындары жалпы халықпен қатар,соның ішінде балалардың тағдырына көңіл бөледі. Бұл арада бұрыннан жұмысістеп тұрған және жаңадан құрылып жатқан балалар үйлеріне үлкен салмақ түсті.

1921 жылдың 28 шілдесінде Ақтөбедебалалардың өмірі мен жағдайын жақсарту жөніндегі губерниялық комиссия құрылады. Комиссияның нұсқауымен аудандарда да осындай комиссиялар жасақталады. Оларжекелеген балаларды, балалар үйлерін қаржылай және азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Алайда губернияда көмек қорының болмауынан сұраныстар әрдайым орындала бермейді.

Ашыққан және панасыз қалған балаларды анықтау жұмыстарының нәтижесіндебелгілі болғандай, 1921 жылдың 15 тамызы қарсаңында Ақтөбе ауданындағы 5 балалар үйінде — 685, Ақбұлақ ауданындағы 4 балалар үйінде — 611, Можаровский ауданындағы 5 балалар үйінде — 640, Темір ауданындағы 2 балалар үйінде — 116, Ойыл ауданындағы 2 балалар үйінде— 180, Ырғыз ауданындағы 1 балалар үйінде — 150, Шалқар ауданындағы 1 балалар үйінде — 50, Қарабұтақ ауданындағы 1 балалар үйінде — 47, яғни жалпы 21 балалар үйінде 2479 тәрбиеленуші болған.Осы балалардың мыңға жуығы қазақ балалары еді.

Ақтөбеге панасыз балалар тоқтаусыз келіп жатты, сондықтан олардың саны күн санап өсті. Омбы губерниясынан — Украинаға, Самара жағынан Түркістан республикасына ағылған жандардың Ақтөбе стансасына шоғырлануы байқалған. Аштан өлген балалар да, көше кезіп жүргендері де көп болған. Билік оларды балалар үйлеріне орналастыруға әрекет етті. Қазан айының ішінде балалар үйлері 200 пайыз толып, сонымен қатар 1875 панасыз бала тіркеуге алынған.

1 қыркүйек қарсаңында-ақ Ақтөбеде 5743 панасыз бала тіркелген еді. Оларды алдағыкүздің суығына дейін орналастырмаса қиын болатынын түсінген жергілікті билік орталыққа балаларды басқа жақтарға көшіру керектігі жөнінде бірнеше рет жеделхат жіберген. Бірақ ешқандай жауап болмады. Жергілікті билікбасқа амал таппай, өз шешімдері бойынша балаларды Түркістан республикасына, Украинаға аттандыра бастайды.1 тамыз бен 15 қазан аралығында сол жақтарға 7877 бала  көшірілген.

Қараша айының аяғында Мәскеудіңақыры рұқсат беруімен балаларСамарқанға көшіріле бастады.Губерниялық білім беру бөлімінің 1921 жылдың 22 қарашасындағы мәлімдемесінде оңтүстік губернияларға — 1251, Ташкент жағына 2935 бала жіберілгені айтылады. Балалар 30-60 адамдық топпен аттандырылған.Аштыққа байланысты Түркістан республикасына — 3513, Украинаға 75 бала көшірілген. 1921 жылы басқа губернияларға эвакуацияланған және қоныс аударылған балалардың саны —21 540.

1921 жылдың 1 қазанында губернияда балалар үйлерінің саны 25-ке жетіп, оларда 3090 бала тұрып жатты. Яғни, осы қиын жағдайда Ақтөбеде,Ақбұлақта,Темір менОйылда қосымша бір-бірден балалар үйін ашуға тура келіпті. Ал қараша айында губерниядағы балалар үйлерін паналаушылар саны 4087-ге жетті.

Осындай шаралардың қолға алынуы аштан өлген балалардың санын азайтты. 1 желтоқсан қарсаңында балалар үйлеріндегі жағдай да біршама реттелді. Ақтөбе мен Ойыл аудандарында тағы бір-бір үй ашылып, бұл кезде губерниядағы балалар үйлерінің саны 27 болған еді, қараша айында көшірілген балалар есебінен тәрбиеленушілер саны кеміп,  2432 бала қалды.

Панасыз балаларды астықты өлкелерге көшіру мәселені реттеуге  белгілі бір деңгейде ықпал еткенімен, губернияны жайлаған ашаршылық 1922 жылы да тоқтамады.

1922 жылдың 1 қаңтары қарсаңында ашыққандардың жалпы саны 361 мың адамнан асты. Олардың 97309-ы — 16 жасқа дейінгі балалар,  263,7 мыңы ересектер еді. Осы мәліметке сай, губерниядағы барлық тұрғындардың 65 пайызы аштыққа ұшыраған. Бұл кезде губернияда 6 тамақтандыру орны, 10 балалар асханасы, 27 балалар үйі жұмыс істеп тұрды.

1922 жылдың ақпан айында ашыққандар саны48 мың болса, оның 30 мыңы балалар еді. Балалардың жағдайы бұл кезде өте өзекті, күрделі мәселелердің бірі болды. Азық-түліктің жетіспеушілігі салдарынан жаңадан балалар үйін ашуға мүмкіндік болмады. Жұмыс істеп тұрған балалар үйлерінде, әсіресе аудандарда, ауылдық жерлерде киім-кешек, аяқ киім жетіспеді. Балалар өлімі көп тіркелді.Балалар үйлерінде тәрбиеленушілер саны 4 мыңға жетті, ал азық-түлік 1,5мың балаға кем берілді. Оларды азық-түлікпен губерниялық аштыққа көмек комиссиясы қамтамасыз етуге тиіс еді, бірақ бұл комиссияныңқолындағы қор да мардымсыз болатын.

Ауа райының қолайсыздығы, қайталап соққан борандар кесірінен мәліметтер де дер уақытта жеткізіле бермеген. 1 наурызда Ақтөбе (10 үй), Ақбұлақ (5 үй), Темір (2 үй), Ырғыз (2 үй), Шалқар және Қарабұтақ аудандарындағы балалар үйлерінде 3336 тәрбиеленуші болды. Ал Ойыл ауданы сол кезде бандылардың қолында болғандықтан, тиісті мәлімет алынбаған.Кейін анықталғандай, ауданда бір ғана балалар үйі (70 бала) қалып, басқалары азық-түліктің жоқтығы салдарынан таратылған, дүние-мүлкі, жабдықтары тоналған.

Ал аш-жалаңаш балалар күн сайын үсті-үстіне түсіп жатты. Балалар үйлерінде орын болмағандықтан, арып-жүдеген, ауру балаларды сау балалармен бірге жатқызуға тура келіпті. Наурыз айында бүкіл губерния бойынша ашыққандар саны 262,5 мың адам еді, оның ішінде балалардың саны 102 мыңнан асты.Сәуір айында ашыққандар қатары тағы өсіп, барлық халықтың 78 пайызын құрады.

Губернияны жайлаған аштық жөнінде 1922 жылдың 25 наурызында дайындалған баяндамада мынадай мәліметтер келтіріледі: осы кезде Ақтөбе губерниясы 7 ауданнан (уезден) тұрған. 1921 жылдың 1 желтоқсанындағы дерек бойынша тұрғындар саны 526 мың жан, оның 306 мыңы — ересектер, 220 мыңы балалар болған. Панасыз балаларды астықты губернияларға көшіру 1922 жылы да жалғасты. Бұған байланысты жыл басынан ақпан айының ортасына дейін жоғары жаққа қайта-қайта сұраныс жіберілген. Ақпан айының ортасында 194 мұсылман бала санитарлық пойызбен Бұқараға жөнелтілді.Сәуір айында да Шалқардан санитарлық пойызбен Түркістан республикасына 73 бала аттандырылған. Мамыр айында 527 бала — Черниговке, 360 бала Житомирге жіберілген. 1922 жылдың 4 маусымында тағы 360 бала басқа жақтарға көшіріледі.

Дәл емес мәліметтер бойынша сәуір айында Ақтөбе қаласындағы 4 балалар үйінде — 1672, Ақтөбе ауданында (4 үй) — 465, Темір ауданында (3 үй) — 320, Шалқар ауданында (1 үй) — 80,Ойыл ауданында (2 үй) — 600, Ақбұлақ ауданында (4 үй) — 700, Қарабұтақ ауданында (1 үй) — 154, Ырғыз ауданында (1 үй) 200 бала болды. Келесі бір деректерде кейінгі айларда губерниядағы балалар үйлерінің саны 9-ға дейін қысқарғаны айтылады, ал тәрбиленушілердің жалпы саны 1154 болған. Балалар үйі санының күрт азаюыбөлінетін қаржының қысқаруынан еді. Мамыр айында — Золотонош, Ақкемер, маусым айында Херсон, Жайсаң балалар үйлері жабылып, қалғандары асханаға айналдырылды.

Деректерге жүгінсек, 1921 жылдың тамыз айы мен 1923 жылдың қаңтар-ақпан айларын қамтитын кезеңдеАқтөбе губерниясында балалар үйлерінің саны 9 бен 32-нің аралығында өзгеріп отырады. Аштық меңдеген күз-қыс айлары мен басқа жақтардан босып келген жандардың Ақтөбе стансасына шоғырлануы салдарынан балалар үйлерінің санын көбейтуге тура келсе, ал аш балалардыңастықты өлкелерге жіберілуіне, сондай-ақ қаржы тапшылығына байланысты балалар үйлері жабылып та жатты.

1921 жылдың қазан айында — 15 мың, қараша айында — 36 мың, желтоқсан айында — 36 мың, 1922 жылдың қаңтар айында — 37, 4 мың, ақпан айында 60 мың жан азық-түлікпен қамтылыпты. Қамтылған адамдар саны көп болғанымен, мысалы, ұн тиесілі 10 фунттың орнына 7 фунттан ғана үлестірілген. Ал наурыз айында қамтылғандар саны күрт түскен: 2 мың адам.

Аштық кезіндегі балалар үйлерінің жай-күйі өте ауыр еді. Ғимараттар ескі, тіпті есік-терезесіз, ашық-тесік те болған. Төсек-орын, асханаға қажетті бұйымдар жетіспеді, балалар киім және аяқкиіммен қамтылмады. Адам төзгісіз жағдайда балалардың 25 пайызы түрлі жұқпалы ауруларға тап болды және, ең өкініштісі, ауру бала мен сау баланың арасы оқшауланбай, бірге жата берген.

Балалар үйлеріне жөндеу жүргізу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қыркүйек және қазан айының бас кезінде бөлінген қаржы тек жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізуге ғана жеткен. Терезенің орнына киіз, картон, тақтайлар пайдаланылған. Балалар үйлерінде өлім-жітім де көп болды. Бұл арнайы құрылған комиссияның есебінде кездесіп отырады.

1921 жылдың 6 қазанында құрамында губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі (төраға), санитарлық-эпидемиологиялық бөлім меңгерушісі, емдеу бөлімінің меңгерушісі, балалар үйінің фельдшері, балалар үйінің шаруашылық бөлімінің меңгерушісі бар комиссия Ақтөбе қаласындағы балалар үйлерінің жағдайын тексереді.Тексеру барысында ғимараттың салқын, лас екені, сынық терезелердің көптігі, бөлмелердің шамадан тыс толуы, сондай-ақ балалардың киім-кешек, жатын төсектермен қамтамасыз етілмеуі, берілетін тамақтың өте нашар екені, күріш, тары,басқа да ботқа пісіруге келетін дәнді дақылдардың жоқтығы және осының бәрі жұқпалы аурулардың өршіп,бала өлімінің көбеюіне соқтырғаны анықталған. Комиссия бұл мәселелерді шешу міндетін губаткомның алдына қойды.

1921 жылы 22 қазанда Ақтөбе қалалық №1 ауруханасының дәрігері Л.Либерзон мен фельдшер П.Федоров губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің ұйғарымына сәйкес қаладағы балалар үйлерінің жағдайын тексерген. Тексеру барысында аналар мен сәбилерге арналған үйде 16 сәбидің — 7-еуі, ал 2-5 жас аралығындағы 39 баланың 17-сі ғана сау болып шыққан. №2 балалар үйіндегі 79 тәрбиеленушінің 5 пайызының ғана денсаулығы жақсы болған. №5 ауруханадағы 71 баланың да текжартысының денсаулығы жақсы деп танылды. Комиссия балалардың жағдайының нашарлығы тойып тамақтанбаудан екенін айта келіп, былай түйіндейді: «Даже больше, комиссия считает, что вопрос питания — вопрос жизненный и если в ближайшее время дети так же будут снабжаться пищевыми средствами как и сейчас, то…возникает вопрос или о ликвидации детских домов, как [распространители] заразы или превратить в детские больницы.

…Комиссия все же надеется, что детские дома не будут превращены в детские заразные бараки, а согласно нашего лозунга «Все для детей» соответствующие органы постараются, что бы детские дома процветали и улучшились».

Балалар үйлеріндегі жағдайдың қаншалықты ауырлығын 1921 жылдың 14 қарашасында Ақтөбе балалар үйінің фельдшері Романовтың губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісіне жазған мәлімдемесінен де байқауға болады. Онда әлі де болса терезелердіңсалынбағаны, отын болмағандықтан бөлмелер жылытылмағаны, балалардың киім-кешексіз екені айтылған. Балаларға ыстық тамақ күніне бір мезгіл ғана берілген. Үш аптаның ішінде іш өту мен аштықтан 103 бала өлген. Қызметкерлер мен балалардың арасында 15 адам сүзекпен ауырған. 1921 жылы 17 маусым мен 17 қараша аралығында Ақтөбе қаласындағы №2 балалар үйінде аштық, жұқпалы ауру салдарынан94бала қайтыс болған.

Архив деректерінде аштықтан ауырғандар саны — 13213, ал өлгені 2321 бала деп көрсетіледі.

1922 жыл да оңайға соқпады. Наурыз бен мамыр айлары аралығында Ақтөбе қаласы мен ауданында — 309, Ақбұлақ ауданында — 103, Темір ауданында — 83, Ырғыз және Қарабұтақ аудандарында — 42, Шалқар ауданында — 74, Ойыл ауданында — 8, барлығы 619 бала қайтыс болған. Қолдағы мәліметтерден 1921 жылдың маусым айы мен 1922 жылдың қыркүйек айы аралығында губернияда аштықтан, түрлі аурудан 1579 баланың қайтыс болғанын көреміз. Әрине, бұл сан нақты емес.Бұл — арнайы орындардан түскен ресми деректерден ғана алынған мәліметтер.

1922 жылдың қыркүйек айының басында губерниядағы балалар үйлері жайында нақты мәліметтер белгілі болып, қажетті мөлшерде азық-түлікке тапсырыс берілген. Дегенмен азық-түлікпен жабдықтау қыркүйек-қараша аралығында үлкен кідірістермен жүргізілді. Соның өзінде нан қоспалардан (зығыр,тары, қызылша,т.б.) тұрғандықтан, ішек аурулары көбейген. Осы айлар ішінде бала өлімі 8 пайыздан 25 пайызға дейін өскен.

Жалпы, аштыққа ұшыраған батыс өңірдегі бес губернияда 1922 жылдың басында 2 миллион 653,3 мың тұрғын өмір сүрген. Кейбір деректер бойынша 1921-1922 жылдарыосы батыс губернияларда аштан өлгендер саны 648,8 мың болса, оның ішінде Ақтөбе губерниясында 159 мың (39,1 пайызы — қазақтар) адам қайтыс болған. Осының ішінде балалар өлімі де аз болмағаны түсінікті.

Қыркүйек айының ортасында балаларға аяқкиім,баскиім және жылы киімдерге сұраныс берілген. Алайда Қазақ АКСР халыққа білім беру комиссариаты мен жергілікті дайындау орындарында олардың болмауы себепті балалар үйлерінің басшылығына қиындықтан шығар жолды өздері іздестіруге тура келген. Сол себепті губерниялық азық-түлік комитетінен 1000 пұт мақта сұралып, бірақ бар болғаны 300 пұт қана беріледі. Басқа да керекті дүниелер бойынша тапсырыстар толық орындала бермейді.

1923 жылы да аштықтың беті біржола қайтпаған еді. 1 ақпанда губерниядағы 357, 6 мыңтұрғынның 147, 3 мыңы әлі де аштық шырмауында еді.Темір ауданында бұл кезде 400 адамдық  балалар үйінде — 230, ал панасыздар қатарында 2418 бала болған.Ырғыз ауданындағы балалар үйін 99 бала паналаған. Ашыққандардың саны 8949 жанды құрады.

1923 жылдың қаңтар-ақпан айларында губернияда 210,8 мың бала тіркелген. Осы кезде 13 балалар үйі жұмыс істеп тұрған. Оларда 1372 бала өмір сүрді.Келесі бір деректе 1923-1924 жылдары губернияда 7 балалар үйі және 1 оқшаулау орны болды деп көрсетіледі. Балалар үйінің екеуі денсаулығында ақауы бар балаларға арналған. Балалар үйлерінің тізімі былай көрсетіледі:

  1. Ақтөбе қаласындағы №1 балалар үйі (орыс, татар, қазақ) — 231 балаға арналған;
  2. Ақтөбе қаласындағы №2 балалар үйі (орыс) —денсаулығында ақауы бар 86балаға арналған;

3.Вознесенский балалар үйі (орыс) —денсаулығында ақауы бар 80балаға арналған;

4.Торғай балалар үйі (қазақ) — 50 балаға арналған;

5.Шалқар балалар үйі (қазақ) — 60 балаға арналған;

6.Темір балалар үйі (аралас) — 90 балаға арналған;

7.Ақбұлақ  балалар үйі (орыс) — 100 балаға арналған;

8.Ақтөбе ауру балаларды оқшаулау орны — 50 балаға арналған.

Жағдай біршама жақсарған тұста, 1923 жылы 20 маусымда,Бүкілодақтық ОАК арнайы декретпен 1 тамыздан бастап аштыққа қарсы және оның зардаптарымен күрес комиссиясын таратуға пәрмен береді. Комиссия жұмысы одан әрі ауыл шаруашылығына көмек көрсету комитетіне жүктеледі. Кейін ҚазОАК жанынан да осындай комитетқұрылады. Алайда қамқорлықсыз, панасыз қалған балалар мәселесі әлі де болса күрделі еді.

1920-1924 жылдары Қазақ АКСР губернияларында 196 балалар мекемесі тіркелді. Оларда 15156 тәрбиеленуші болды.1924 жылдың 1 қаңтарындағы дәл емес мәліметтер бойынша, республикада қараушысы жоқ, панасыз балалардың саны 45 мыңға жетті. Оның 2,4 мыңы Ақтөбегуберниясынан тіркелген.

Дегенмен тағы бір деректе1922 жылы Ақтөбе губерниясының өзінде 24 мың панасыз бала болғаны көрсетіледі.

Қорыта келгенде, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық халыққа, оның ішінде балалардың тағдырына зор қасірет әкелді. Панасыз қалған балалар санының күрт көбеюі билік орындарына үлкен салмақ артты. Балалар үйлерін көптеп ашуға тура келді, сонымен қатар уақытша түнеу орындары, асханалар ұйымдастыру жұмыстары да жүргізілді. Алайда осы мәселелерді барынша реттеуге қаржы, азық-түлік, керек-жарақ жетісе бермеді. Сондықтан балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің жағдайы ауыр болды. Тойынып ішетін тамақтың, киім-кешектің жетіспеушілігінен балалардың денсаулығы нашарлап, жұқпалы аурулар өршіді. Сыйымдылығы шектеулі балалар үйлерішамадан тыс толып кеткендіктен, ауру балалар мен сау балалар бірге жатуға мәжбүр болды. Мұның салдарынан өлім-жітім көбейді.

Ол кезеңде мәселені толықтай шешуге мүмкіндіктер де болмады. Сондықтан билік орындары тарапынан қолға алынған іс-шараларқалыптасқан жағдайды тек біршама реттеуге ғана ықпал етті, ашыққан жұртқа, панасыз балаларға жеткілікті көмек берілмеді.

Ел тарихындағы қасіретті кезеңдердің бірі — 1921-1922 жылдардағы аштық кезінде қамқоршысынан айырылған балалардың жағдайы өте ауыр болғаны әлі де зерттелетін тақырып екенін айтқымыз келеді.

Ұзақбай ИСМАҒҰЛОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button