Іш ауырса…

Жаз келісімен жедел ішек инфекциясын жұқтырған балалардың саны арта түседі. Аурушаңдық жиілігі бойынша бұл дерт вирустық инфекциялардан (ЖРВИ) кейін екінші орында, ал балалар өлімінің себептері ішінде бесінші орында тұр. Облыстық инфекциялық ауруханаға бұл диагнозбен жылдың барлық мезгілінде балалар түсіп жатады. Ауруға шалдыққандардың 80,6 пайызы 14 жасқа дейінгілер, әсіресе екі жасқа дейінгі балалар.
Бұл дерттің алдын алу үшін не істеу керек? Оның қандай белгілеріқауіпті. Осы және өзге де маңызды сұрақтар төңірегінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жұқпалы аурулар және балалар инфекциялары кафедрасының ассистенті, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының штаттан тыс балалар бас инфекционисі Жанар Омаровамен сұхбаттасқан едік…

Қауіпті белгілерге бейжай қарамаңыз
Жанар Омарованың айтуынша, жедел ішек инфекциялары — балалар үшін аса қауіпті жұқпалы дерттің бірі. «Аурудың алғашқы белгілері пайда болысымен, ата-аналар дер кезінде әрекет етуі керек. Өйткені жедел әрекет — баланың өмірін сақтап қалудың маңызды алғышарты», — дейді ол.
— Жұқпалы ішек инфекциясы кезінде ең басты қауіп — сусыздану. Баланың бойындағы судың мөлшері ересектерге қарағанда әлдеқайда көп, сондықтан сұйықтық жоғалту өте тез жүреді. Құсу, жиі сұйық нәжіс, жоғары температура — осының барлығы бірнеше сағат ішінде ауыр жағдайға әкелуі мүмкін. Мұндайда жай ғана су беру жеткіліксіз. Арнайы ерітінділермен, мысалы, регидронмен сусындату қажет. Егер баланың жағдайы жақсармаса, дәрігерге қаралып, қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызған жөн. Онда баланың ағзасына жетіспейтін сұйықтық пен тұздар тамырға тамшылатып беріледі,— дейді ол.
Екі жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездесетін бұл дерт иммундық жүйе әлі толық жетілмегендіктен болды. Жасыратыны жоқ, қазір ата-аналардың көбі балаларын ерте жастан балабақшаға береді. Бұл — әлеуметтік қажеттілік. Десе де ағзасы енді дамып жатқан бала үшін бұл — үлкен стресс. Иммунитет әлсірегенде түрлі инфекцияларға қарсы тұру қиындай түседі.
—Балабақша — баланың алғашқы әлеуметтену ортасы ғана емес, сонымен бірге түрлі жұқпалы аурулардың да тез таралатын ошағы. Әсіресе жедел ішек инфекциясы көбіне бір баладан екінші балаға ойыншық, ыдыс-аяқ, ортақ заттар арқылы оңай жұғады. Бала жаңа ортаға бейімделіп жатқан кезде вирустар мен бактерияларға қарсы иммундық жауабы әлсіз болады. Осы кезеңде күтім мен бақылау екі есе маңызды, — дейді Ж.Сатыбалдықызы.
Әдетте жұқпалы ішек инфекциясының алғашқы белгілері жеңіл, кейде байқалмауы да мүмкін дейді мамандар. Бірақ мынадай белгілер болса,міндетті түрде дәрігерге жүгініңіз:
— Егер балаңыз қайта-қайта құсып, іші тоқтамай өтсе, дене қызуы 38,5 градустан асып кетсе, әлсіз, ештеңеге зауқы жоқ, тек ұйықтай беретін болса, тіпті су да ішкісі келмесе бұлардың бәрі — алаңдауға себеп.
Кей ата-аналар баланың денсаулығын үй жағдайында бақылап көреміз деп, кешігіп жатады. Алайда бұл — үлкен қателік. Әсіресе екі жасқа дейінгі балаларда жұқпалы ішек инфекциясы өте жылдам өршиді. Уақтылы көмек көрсетілмесе, ішек токсикозы, инфекциялық шок, нейротоксикоз сияқты ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін, — дейді ол.
Жедел ішек инфекциясының алдын алу шараларымен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің арнайы бөлімі айналысады. Бұл мекеме балалар мекемелері мен қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың орындалуын тексеріп, зертханалық сынамалар алып, нәтижесіне қарай санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды береді. Ауызсу мен тағам өнімдерінің сапасы да тұрақты бақылауда ұсталады. Егер қандай да бір нысанда санитарлық талаптардың бұзылғаны туралы ақпарат түссе, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

Ауру неден тарайды?
ЖІИ-нің негізгі таралуыауызбен және нәжістік жолмен жұғады. Жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі — вакцинация. Маманның айтуынша, жаз мезгілінде бұл диагнозбен күн сайын 20-25 бала медициналық көмекке жүгінеді.
Облыста балалар мен жасөспірімдерді профилактикалық екпемен қамту деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш ата-аналардың екпенің маңызын түсініп келе жатқанын білдіреді.
— Инфекция көбіне ластанған қол, дұрыс жуылмаған жеміс-көкөністер, шала пісірілген тағамдар, лас су немесе тұрмыстық заттар арқылы жұғады.
Балалар ойыншықтарды, қолын немесе кез келген затты аузына салуға бейім. Бұл — табиғи рефлекс. Алайда дәл осы әрекет арқылы инфекция қоздырғыштары ағзаға енеді. Ал кей жағдайларда жұқпалы ішек инфекциясын жұқтырған балабақшадағы немесе мектептегі бала арқылы да жұғады, — дейді ол.
Аурудың алдын аламыз десек…
ЖІИ-ден сақтану үшін күрделі шаралардың қажеті жоқ, тек күнделікті қарапайым гигиеналық әдеттерді ұмытпау керек дейді дәрігер-инфекционист.
—Ең алдымен қолды жиі жуу өте маңызды. Әсіресе тамақ ішер алдында, далада ойнап келген соң немесе дәретханадан кейін баланың қолы таза болуға тиіс. Балалар қол жууды күнделікті дағдыға айналдыруы қажет. Сонымен қатар ауызға ойыншық, кез келген затты салмауға үйреткен абзал.Тағамның тазалығы мен дұрыс пісірілуі де өте маңызды. Жеміс-жидектерді міндетті түрде жақсылап жуу, ет пен жұмыртқа, балық сияқты өнімдерді толық пісіру керек. Дайын асты бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмай, тоңазытқышқа салып сақтау қажет. Жарамдылық мерзімін тексеруді де әдетке айналдырған жөн.
Су қауіпсіздігіне келгенде, балаларға тек қайнатылған немесе сенімді бөтелкедегі су беру керек. Құдықтан немесе белгісіз су көзінен алынған суды ішкізуге болмайды. Жаз мезгілінде көшеде сатылатын балмұздақ, салқын сусындар немесе фастфуд өнімдері де ішек инфекциясының көзі болуы мүмкін. Сондықтан олардан бас тартқан жөн.
Гигиена — бала кезден қалыптасатын дағды. Ал ата-ананың ұқыптылығы — ең мықты қорғаныс, —дейді дәрігер.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



