«Ақтөбенің» «Күлкісі»
Өткен номерімізде хабарлағанымыздай, 11-12 мамыр күндері Студенттер сарайында Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Қазақстан КВН Одағы» «Ақтөбе» газетінің 85 жылдығына орай республикалық байқау өткізді.
Басында бұл байқау бір күнде өткізілетін болып жоспарланған-ды. Бірақ тапсырыс берушілердің көптігіне байланысты мереке екі күнге созылды. Бұдан ақтөбелік көрермендердің тек ұтқаны анық.
Әлқисса, 11 мамыр күні таңертең 24 команда «ауыздығымен алысып», «жер тарпып» тұрды. Олардың ішінде Ақтөбедегі көңілді тапқыштар клубтарымен қатар Орал, Қызылорда, Ақтау, Арқалық, Тараз, Жаңаөзен қалаларының да «аузымен құс тістеген» жүйріктері бар еді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Алтынай Юнисова, «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен, Ақтөбедегі «Батыс» лигасының директоры Маралбек Сағынғановтар өзара ақылдаса келіп, командаларды он екі-он екіден екі күнге бөліп тастады.
Алғаш болып сахнаға шыққан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Жедел жәрдем» командасының «дабылы» көрермендерді жалт қаратты. Арқалықтың «Торғай толқындары» командасы да жиналғандардың езуін жиғызған жоқ. Құлсарыдан ат арытып жеткен «Cool state» командасына да жастар ықыластана қол соқты. Кей тұста айтыла-айтыла «ақ жем» болған әңгімелерді қайталағаны болмаса, Ақтаудың «Барыстары» да талайдың таңдайын қақтырды. «АГТУМ жігіттері» де барларын ортаға салды.
«Арпа ішінде бір бидай» болған Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Әлия арулары» атты командасы да көпшіліктің ықыласына бөленді.
Бұл күні бізді Хромтаудан келген «Students» командасы ерекше сүйсінтті. Бұған дейін де республикалық байқауда бір рет бақ сынап көрген команда бабы келіссе алысқа сілтейтін түрі бар. Сәл жүдеулеу көрінген команданың «ер-тұрманын бүтіндеуді» ауданның жаңа әкімі, өнердің үлкен жанашыры Жеткерген Оралмағамбетовке тапсырып, әңгімемізді әрі қарай жалғайық…
Талай додада «көкпарды» тартып алып жүрген Қызылорданың «Қызықорда» командасы ортаға шыққанда залда күлкіден бомба жарылғандай болды. «Қызықордалықтар» соны қызықтап кетсе керек, тізгіндерін тарта алмай қалды. Мұны байқаған Есен Елеукен ережеге сай, жарыс соңында олардың ұпайын сәл кеміткенімен бұл күні қызылордалық сайыпқырандардың алдына ешкім түсе қойған жоқ.
Байқаудың екінші күнінде Студенттер сарайының тіпті балконында да ине шаншар орын болған жоқ. Ақтөбе кооперативтік колледжінің «Оян, қазақ» командасы бастаған сайыс бірден қызып жүре берді. Айтпақшы, сайыстың тек командалар арасында ғана емес, жанкүйерлер арасында да «қызу» жүргенін айта кеткен лазым. Айқай-шудан құлақ тұнады. Тіпті, жүргізуші Есен Елеукен бірнеше рет ескерту жасауға да мәжбүр болды…
Оралдың «Ұлы қазағы», Қызылорданың «Тұңғыш астанасы», Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының «Ұландар», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Әдемі», Ақтөбе экономика және статистика институтының «АЭСА» командаларының әзіл-қалжыңдары жұртшылықты отырған орнында «билетті». Бұл күні жаңаөзендік «Мұнай тамшылары» командасының екпіні, өкінішке қарай, мәреге жақындағанда баяулап қалды. Ал Тараздың «Тараз-2000», Аралдың «Арал-Ас» командалары сөреге құйрық тістесіп жетті. Шешуші сәтте тәжірибесі мол, көпшіліктің көңіліндегі қытығы мол тұсты аңғара білетін әккі тараздықтардың мойны озып шықты.
Қазақ тілді КТК-ның (КВН) ауыр жүгін арқалап, бүгінгі деңгейіне жеткізген Есен Елеукен атап өткендей, «Батыс» лигасының бұл ширек финал ойындарында аудандардан келген командалардың қарасы мол болды. Бұл – лига директоры Маралбектің еңбегі! Хромтаудың командасы туралы жоғарыда айттық. Ал Ырғыздан келген «Ырғыз жастарының» да көп командадан иығы жоғары болды. Ал Атыраудағы Сағыз стансасынан «Сағыз» командасы ешкімге ұқсамайтындықтарымен дараланды. Әшейінде, КТК-ға қатысушы командалар әуенге, биге ерекше көңіл бөлсе, бұлар ондайды «ұрмайды» екен. Сахнаға өздері айтпақшы, «біртүрлі» болып шыққан сағыздықтар сол «сүмірейіп» тұрып-ақ елдің езуін жиғызған жоқ. «Біртүрлі» болып шығып, «біртүрлі» болып кеткен командаға жұрт ұзақ қол соқты.
Жалпы, сайыс екі бөлімнен – «Сәлемдесу» және «Жамбы атудан» тұрды. Сәлемдесу жағын «қатырған» кейбір командалар әдемі әзіл айту кезінде ақсап жатты.
Әрине, «Ақтөбе» газетінің 85 жылдығы әңгіменің тұздығына айналды. Әдемі қалжыңдарға газет оқырмандары ықыластана қол соғып отырды.
Құрамында «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, самбодан үш дүркін әлем чемпионы Асхат Шахаров, облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Алтынай Юнисова, Ақтөбедегі «Батыс» лигасының директоры Маралбек Сағынғанов, талай осындай сайыста Ақтөбенің атын аспандатқан Рүстем Елжанов бар қазылар алқасы І орынға Тараздың «Тараз-2000» командасын лайық деп тапты. Оларға облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ахат Мырзалин кубок пен ноутбукті тапсырды. Ахат Ахметұлы жастарға мазмұнды әңгіме айтып: «Осындай кештер «Ақтөбе» секілді газеттерден бастау алды», – деп орынды атап көрсетті.
ІІ, ІІІ орындарды қызылордалық қос команда – «Қызықорда» және «Арал-Ас» бөлісті. Біріншісіне бейнекамера, ал екіншісіне әуен орталығы берілді. Ал «Ақтөбе» газетінің арнаулы жүлдесі – ноутбук Құлсарының «Cool state» командасына бұйырды. Осы команданың ойыншысы Нұрболат Қанаев үздік ойыншы атанды. «Сағыз» командасының әзілі «Ең үздік әзіл», ал «Әлия арулары» командасының ойыншысы Гүлзат Есмағанбетова «КТК аруы» атанды.
Бұл сайыстың Батыс лигасының ширек финалы екендігін өткен мақаламызда айтқан болатынбыз. Жарыс қорытындысында 8 команда жартылай финалға жолдама алды. Іске сәт!
P.S. «Ақтөбе» газетінің ұжымы басылым мерейі үшін өткізілген байқауға екі күн қатарынан Студенттер сарайын тегін ұсынып һәм командалардың алдын ала дайындалуына бар мүмкіндікті жасаған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышевқа зор алғыс айтады.
Бек СҰЛТАН.




осы квн деги фотолар керек еди!