Қобда төріндегі дүбірлі мереке


Кеңес Одағының Батыры, мерген қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шара оның туған жері — Қобда ауданында өтті. Этноауыл жасақталды, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, көрмелер, театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Мәртебелі меймандар мен шетелдік туристер, қобдалықтар осы тарихи сәттің куәсі болды.
80 киіз үй тігілді
Ғасырлық той театрландырылған қойылыммен басталды. Үш бөлімнен тұратын сахналық көріністе Әлияның дүниеге келген сәті, бойжеткен шағындағы өмірі және соғыстағы ерлік жолы көркем түрде бейнеленді. Қойылым көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Шара барысында сөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров:

— Қобда өңірі — талай батыр мен тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Солардың ішінде Әлияның орны ерекше. Әлия апамыздың ерлігі — бүгінгі ұрпақ үшін биік рухтың, жігердің, патриотизмнің нағыз үлгісі. Оның есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазылып, халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Бүгінгі іс-шара — өткенге тағзым, ерлікке көрсетілген құрмет. Бұл — жас ұрпаққа үлгі боларлықтай, олардың бойына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру жолындағы маңызды шара, — деді.
Сонымен қатар іс-шараға арнайы келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.
— Құрметті ақтөбеліктер және Қоба жұртшылығы! Баршаңызды Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойымен Мемлекет басшысының атынан шын жүректен құттықтаймын. Бұл — халқымыздың жадында мәңгілік сақталатын, тарихи әрі рухани мәні зор күн. Әлия — ұлт рухының символы. Ол өз ерлігімен елдік пен ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Әлия апамыздың аруағы шат болсын! — деді ол.
Театрландырылған көріністен соң мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде тұңғыш рет «Әлия — дастан» әнінің тұсауы кесілді. Бұл туындының сөзін жазған — Орал-Қосай Байсеңгір, әнін жазған — композитор Дулат Айтжанов. Көпшіліктің назарына алғаш ұсынылған әнді Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздіктері Орал-Қосай Байсеңгір, Дулат пен Рита Айтжановтар, Жұлдыз Нұрқасымовалар және халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Ернар Дүйсеев орындады. Жаңа туынды тыңдармандардың ыстық ықыласына ие болды.
Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан жалпы шараның ұйымдастырылуы жөнінде айтып өтті. Оның айтуынша, мерекеге дайындық бірнеше ай бұрын басталған.
— Этноауылда барлығы 80 киіз үй тігіліп, әр аудан 5-6 киіз үйден жасақтады. Әр аудан өз бетімен дайындалып, ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысты. Олардың әрқайсысы 50-60 қонақты қарсы алуға толықтай дайын. Киіз үйлерде ұлттық нақышта жасалған интерьер, дастарқан мәзірі мен қолөнер бұйымдары қойылып, келген қонақтарға аймақтың тарихы мен бүгіні таныстырылды. Сонымен қатар әр аудан концерттік бағдарламасымен келіп, өнерлерін ортаға салды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, алтыбақан теуіп, дәстүрлі ойын-сауық түрлерін тамашалады, — деді Жолдас Батырхан.
Жүлде қоры — 41 млн теңге
Этноауыл аумағында өткен ұлттық спорт бәсекелері Әлия тойының рухын одан әрі асқақтата түсті. Жарысқа 90-нан астам шабандоз, 50-ге жуық палуан қатысты. Олардың қатарында шетелден келген қатысушылар да бар. Жарыстың бас төрешісі Әділет Шалғынбектің айтуынша, ат жарысқа жалпы 35 миллион теңге көлемінде жүлде қоры тігілген. Оның ішінде қос бірдей автокөлік те бар.
— 15 шақырымдық топ бәйгеде мұғалжарлық шабандоз Қарашық есімді тұлпарымен бірінші келді. Ал аламан бәйгеде (25 шақырым) Маңғыстау облысы Сайын ауылынан келген Хамза Баймырзаев Айымзада есімді жүйрігімен мәре сызығын бірінші кесіп өтті. Ол Hyundai маркалы автокөлігін иеленді. Бұл — оның биылғы үшінші автокөлігі. Бұған дейін Отпантауда және Атырауда да жеңіс тұғырынан көрінген.
Палуандар жарысына 47 балуан қатысып, жалпы 6 миллион теңгелік жүлде сарапқа салынды. Қазақ күресінің 80 келі салмақ дәрежесінде ақтөбелік Бекзат Шакизаев топ жарды. Ал 80 келіден жоғары салмақта Жамбыл облысынан келген Ғалымжан Қырықбаев жеңімпаз атанды, — деді Ә.Шалғынбек.
Бұл той батырға тағзым ғана емес, барша қазақтың ортақ мерекесіне айналды. Театрланған көріністер, ұлттық спорт, көрмелер мен рухани экспозициялар арқылы Қобда төрінде ұлттың тұтастығы мен тарихқа деген құрметтің жарқын көрінісі паш етілді. Ұлы тойға еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден арнайы келген меймандар да куә болды. Солардың бірі — Кипр елінен келген Мұхаммед Чолагоглы.
— «Couchsurfing» атты халықаралық саяхатшылар платформасы арқылы Қазақстанға келдім. Ақтөбені таңдаған себебім — Әлия музейін өз көзіммен көру еді. Интернеттен танысып, оны міндетті түрде бару керек орындар тізіміме енгіздім. Бұл мерейтойға тап келгеніме қуаныштымын. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары, әсіресе театрландырылған көрініс пен палуандар белдесуі, атжарыс мені тәнті етті. Ұлттық тағамдардан да дәм таттым.
Әлия батыр туралы тарихи мәліметтер алдым. Қазақ елі шынымен де қонақжай халық екен, — деді ол.
Оған Ақтөбе қаласының тұрғыны, ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушысы Рүстем Амантаев ерікті түрде қаланы аралатуға ұсыныс жасапты.

700-ге жуық экспонат қойылды
Этноауылда үш киіз үй көрме-музей ретінде жасақталды. Оның бірі — Орал қаласынан жеткізілген Мәншүк Мәметова музейі, екіншісі — Атыраудан әкелінген Хиуаз Доспанова музейі, үшіншісі — Әлия Молдағұловаға арналған тарихи экспозиция. Бұл үш киіз үйде батыр қыздардың өмірі мен ерлігін баяндайтын 700-ге жуық жәдігер жұрт назарына ұсынылды. Батырлардың соғысқа киген киімдері, тұтынған заттары, архивтік фотосуреттер, хаттар мен жеке заттары келушілердің қызығушылығын тудырды.
Киіз үйлердің ішіне қалалық Өнер музейінің ұйымдастыруымен өткен суретшілер мен мүсіншілер байқауында үздік танылған туындылар да қойылды. Солардың бірі — мүсінші Ерғали Бикешовтің «45 қызғалдақ» атты композициясы. Темірден жасалған жауынгерлік шлемнің ішіне орналастырылған 45 нәзік гүл сұрапыл соғыстың басталған уақытын білдіреді. Шлем соғыстың салмағы мен батырлықтың символы болса, ішіндегі гүлдер — нәзіктік пен ерліктің көркем үйлесімі. Темір гүлдердің үшеуі қызыл түспен боялған. Бұл — үш аңызға айналған батыр қыз: Әлия, Мәншүк және Хиуазға деген мәңгілік тағзымның белгісі. Қызғалдақ — өмірдің қысқалығы мен сұлулығын бейнелейтін гүл. Сондықтан бұл мүсін нәзіктік пен қайсарлықты, бір сәттік сәуле тәрізді ғұмыр мен өлмес ерлікті астастыра көрсетеді.
Сонымен қатар оқ пішіндес балбалтас мүсін де көпшіліктің назарын аударды. Бұл туындыда үш батыр қыздың бейнесі тоғысқан.
Әбубәкір Молдағұловтың майданда киген костюмі, әскери серіктесі Лидия Бакиеваның соғыс киімі, Әлияның жеке заттары да музей ішін толықтырды.
Бұл жәдігерлер келушілерге батыр қыздардың өмірімен, ерлігімен танысуға мүмкіндік берді.
Қауіпсіздік басты назарда болды
Этноауылда полиция бекеті, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жедел штаб жұмыс істеді. Бұл бөлімдер қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етті. Мерекеге келген әрбір қонақтың өзін жайлы әрі сенімді сезінуі үшін барлық жағдай жасалған.
— Біз келушілердің тыныштығы мен тәртібін қадағалау үшін барлық қажетті жағдайды жасадық. Жалпы, қауіпсіздікке 250 адам жұмылдырылды. Оның ішінде 150 полиция қызметкері, 100 Ұлттық ұлан сарбазы, 24 автокөлік, 2 квадроцикл мен 2 атты патруль бар. Штаб дрон арқылы жалпы аумақты бақылады. Сондай-ақ 14 автокөлік делегация мүшелерін алып жүру қызметіне бағытталды, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов.
Біз де штабқа арнайы кіріп, қауіпсіздік жұмыстарының ұйымдастырылуына куә болдық. Дрон арқылы алаңның әр аймағы нақты уақытта қадағаланып отырды. Экраннан мерекелік аумақтың панорамалық көрінісі, адам легі мен қозғалыс бағыты анық көрсетіліп тұрды. Ұйымдастырушылардың мұқият дайындығы мен кәсіби бақылауы бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне ықпал еткені байқалды.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев:
— Бұл іс-шара халықаралық деңгейде өтіп жатқандықтан, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы — басты назарда. Өйткені күн ыстық, шара ашық аспан астында ұйымдастырылып жатқандықтан, түрлі жағдайға дайын болуымыз керек. Медициналық дала пунктінде 3 дәрігер, 4 медбике бар. Денсаулық сақтау басқармасы тізім бойынша дәрі-дәрмектер бөлді. Дәрі-дәрмек пен қызметтің бәрі тегін көрсетілді. Сонымен қатар барлық алаң бойынша 10 жедел-жәрдем көлігі дайындалды. Оның ішінде 5 реанимобиль, 5 дәрігер мен 5 фельдшер бар. Бір көлік науқастарды тасымалдауға арнайы жасақталды, — деп атап өтті.
Ресми мәлімет бойынша, той барысында 50-ге жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың басым бөлігі қан қысымының жоғарылауы мен күн өтудің жеңіл белгілерімен шағымданған. Барлығына дер кезінде көмек көрсетілген.
Айдана АЛТЫБАЕВА,
Ақтөбе-Қобда-Ақтөбе.



