Дзюдошылар додасы

Турнир
Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек спорт сарайында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналған дзюдо күресінен ерлер мен әйелдер арасында «ALIA OPEN» республикалық турнирі ұйымдастырылды.
Дәстүрлі түрде өтетін кезекті турнирге бұл жолы 184 спортшы қатысты. Оның 154-і ерлер болса, қалғаны — әйелдер.
Шараның ашылу салтанатына бірқатар спорт жанашырлары, облыстық дзюдо федерациясының өкілдері, дзюдо күресінен спорт шеберлері мен жаттықтырушы-ардагерлер қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жалпы 13 команда 14 дәрежедегі салмақ бойынша татамиде бақ сынасты.
— Жарыстың басты мақсаты — дзюдо күресін дамыту, палуандардың шеберлігін шыңдау.
Алдағы уақытта Семей қаласында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтеді. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде республикалық турнирлер өтіп жатыр. Мұндай шаралар арқылы спортшылар өзара тәжірибе алмасады. Келешекте үлкен жарыстарға дайындық жүргізу үшін бұл өте маңызды кезең.
Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, қолдау білдірген бас демеушіміз «Ramazan qus» компаниясына ерекше ризашылығымызды білдіреміз, — дейді облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті Рустам Ибраев.
Екі күнге созылған жарыс барысында әр салмақ бойынша жүлдегерлер анықталды. Оларға медальдар мен мадақтама қағаздары,100, 50, 25 мың теңгелік ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.