Басты жаңалықтар

Әлия-Ғұмыр

Кеңес Одағының Батыры, қаһарман қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай үш күн бойы өткен іс-шараларды «Әлия-ғұмыр» атты гала-концерт түйіндеді. Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров пен ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты.

«Қазақ халқына мың алғыс» стеласы маңында өткен іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдар қатысты.
Концертті «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, кино және театр актері Асылхан Төлепов, ақпарат саласының үздігі, тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей және әнші, мерекелік кештердің жүргізушісі Нұржан Оразов жүргізді.

Сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен арнайы шақыртумен келген эстрада әншілері өнер көрсетті. Олардың қатарында «Batys Ethno Group» квинтеті, Қанат-Светлана Айтбаевтар, Мирас-Құралай Бекжановтар, Марат Әйтімов, Аллаберген Жақсыбаев, Дулат-Рита Айтжановтар, Әлихан Зейнолла, Еркебұлан Құмаров, Жадыра Арыстанова және өзге де өнерлі жерлестеріміз бар. Әншілер саханаға шықпас бұрын, телекөпір арқылы байланысқа шығып, ақтөбеліктерге жылы лебіздерін арнады. Одан соң өнер иелері сахнада көптің жүрегін жаулаған сүйікті әндерін орындады. Театрландырылған көріністер мен патриоттық мазмұндағы әндер, домбыра мен ұлттық аспаптар үні көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
«Әлия» атты театрландырылған композиция көрерменге ерекше рух пен әсер сыйлады. Халық артисі Роза Рымбаева мен жастар арасында танымал әнші Садраддиннің ән шырқауы мереке көркін одан әрі қыздырды. Жастар жағы Садраддиннің «Үйге», «Қанша күн?», «Бақыт», «Жауап бар ма?» секілді хит әндерін қосыла айтса, аға буын Халық артисі Роза Рымбаевамен бірге «Сол бір кездер», «Шақырады көктем», «Балдәурен» әндерін шырқады. Кеш Роза Рымбаеваның орындауындағы батырлықтың нышанын әспеттейтін Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әнімен түйінделді.

 

Кештің шарықтау сәті сағат он бірге таман басталған заманауи дрон-шоу болды. Осы сәтте Ақтөбе аспанына Aspan Galaxy компаниясының ұйымдастыруымен синхронды түрде 550 дрон көтеріліп, таңғажайып көріністерді бейнеледі. Көпшілік дрондар арқылы әуеде бейнеленген Әлия Молдағұлова мен Димаш Құдайбергеннің бейнелерін, «Ақтөбе» футбол клубының эмблемасын, «Әлия-ғұмыр», «Батыр қызы сен халқымның» секілді жазуларды тамашалады. Ел байрағы көрсетілгенде, мыңдаған ақтөбелік Мемлекеттік Гимнді бір мезетте орындады. Жарық шоу лазермен және әсем әуендермен сүйемелденді.
Бұл Ақтөбе халқы үшін тек концерт емес, рухани жаңғыру мен батыр бабалар ерлігін еске алудың жарқын үлгісі болды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

               

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button