Мектептер жаңарады

Қазір облыс аумағында 28 мектеп пен 4 балабақшаның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы саны 13 630 орынға арналған мектепті салу үшін бөлінген қаражаткөлемі — 81 миллиард теңге. 4 балабақшаның 3-еуі үшін қаржы ел Үкіметінің арнайы резервінен бөлініп отыр. Бұл білім беру мекемелері ауылдарда еңсе көтеруде. Сәуір айында облыс орталығында инклюзивті білім беру саласына тың серпін беретін үлкен жобаның құрылысы басталды. 300 орындық балабақша құрылысы үшін қаражат жемқорлардан тәркіленген қаржы есебіненбөлінді.Жоба құны — 8 миллиард теңгеге жуық. Сондай-ақ қазір өңірдегі 17 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілуде.
Біз облыстық білім басқармасы инфрақұрылым және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ләззат Ордабаевамен жас ұрпаққа сапалы білім беру мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар туралы сөйлескен едік. Сонымен…
Апатты мектептер азайды
— Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі — білім сапасын арттыру десек, бұл мақсаттағы атқарылуға тиіс маңызды жұмыстардың бірі — заман талабына сай білім беру ғимараттарын салу, оларды соңғы үлгідегі жабдықтармен қамту.Ел Президентінің қолдауымен елімізде мектеп құрылыстарын жүргізу үшін ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, облыста үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы қалыптасқан мектептердің мәселесін шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 21,5 мың орынға арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарланған-ды. 2023 жылдың аяғына дейін 5 мектеп (3590 орын) ашылды. Былтыр 15 мектеп (4450 орын) пайдалануға берілді. Биыл 28 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 2-еуі — апатты, 3-еуі — үшауысымды қалғаныорын тапшылығы, ескі, бейімделген мектеп ғимараттарының мәселесін шешпек. Айта кету керек, кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірде апатты мектептер саны азайды. Қазір апатты жағдайдағы 2 мектеп бар. Олар: Шалқар ауданындағы Бозой және Темір ауданындағы Жансен Кереев атындағы мектептер, — дейді Ләззат Ордабаева.
2021 жылы «КарКасТехСТ» ЖШС Бозой мектебінің техникалық жағдайын тексерді. Жұмыстың қорытындысына сәйкес мектеп ғимараты апатты болып анықталды.
— Апатты мектеп мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет есебінен 320 орындық жаңа мектептің құрылысы жоспарланды. Қазір аталған жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Салалық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін тиісті құжаттар тапсырылатын болады. Ал Жансен Кереев атындағы орта мектеп оқушыларына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектеп салынып жатыр. 2023 жылы басталған құрылыс жұмыстарын биыл жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобалық қуаты — 600 оқушы орны, — дейді бөлім басшысы.
Айта кету керек, Ойылдағы Ж.Кереев атындағы мектеп 1938 жылы пайдалануға берілген. Мектептің 597 оқушысы Шұбарқұдық ауылында орналасқан мектептерге таратылды.
Ләззат Ордабаеваның айтуынша, өңірде саманнан, қамыстан ағаштан салынған мектептер дебар. Олардың жалпы саны — 37(2015 жылы 70 болған-ды). Оның 30-ы саманнан,5-еуі ағаштан және 2-еуі қамыстан тұрғызылған. Ескі мектептер саны әсіресе Әйтеке би, Ырғыз,Мұғалжар аудандарында басым.
— 7 мектепте бар болғаны 5-8 бала ғана оқитын болғандықтан жаңа мектеп салуэкономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Кейбір мектептерді оңтайландыру үшін жабу мәселесі қарастырылып жатыр.Қалған мектептердің мәселесі кезең-кезеңмен 2030 жылға дейін жаңа құрылыстардың есебінен және жөндеу жұмыстарымен шешілетін болады, — дейді білім басқармасының қызметкері.
Білім саласындағы маңызды жобалардың бірі— 2023 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының құрылуы. Қор жемқорлардан тәркіленген қаржы есебінен толықтырылуда. Соның арқасында 100 мың оқушы орнына арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның 61 мектебінде 74,4 мыңбала білім алуда.
Демографиялық өсім және орын тығыздығы
Мемлекет тарапынан ел игілігі үшін қолға алынған бірегей жобалар мектептерде бала тығыздығы мен үшауысымдықты шешуге мүмкіндік беруде. Облыста 3 мектеп үшауысыммен оқытылуда. Үшеуі де Ақтөбе қаласында орналасқан (№60, 64, 78 орта мектептер). Бұл мектептердің мәселесі жаңа құрылыспен шешілуде. Нақтырақ айтсақ, Д.Қонаев атындағы №60 мектептің маңынан 600 орынға арналған қосымша құрылыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жақында ғана Есет батыр тұрғын алабындағы №3 шағын ауданда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2000 орынға жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл да аталған білім шаңырағындағы үшауысымдық мәселесін шешуге сеп. Жалпы, №60 мектептің мәселесі жаңа оқу жылында толық шешіледі.
Балалары үш ауысымда оқитын №78 мектеп-гимназияның мәселесі де «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешілмек. Қазір Есет батыр тұрғын алабындажобалық қуаты 2000 орын болатын мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осылайша жыл аяғына дейін Есет батыр тұрғын алабында бір ауысымда 4600 оқушыны қабылдай алатын 3 нысан пайдалануға беріледі.
Үшауысымды үшінші білім шаңырағы — Алтын Орда шағын ауданында орналасқан Ұ.Құлымбетов атындағы №64 мектеп. Аталған шағын ауданда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында 2 мемлекеттік мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл ғимараттар желтоқсан айының аяғына дейін пайдалануға беріледі.
— Облыста үшауысымдық мәселесімен бірге орын тапшылығы да өзекті болып тұр. 2024-2025 оқу жылының басында 62 мектепте 19 351 балаға орын тапшылығы анықталды. Оның ішінде Ақтөбе қаласында 39 мектепте 14 930 орын жетіспейді. Жыл сайын аталған көрсеткіш сақталуда. Мұның бәрі демографиялық өсімнен болып отыр. Сараптау қорытындысы ел тәуелсіздігін алғаннан кейін халықтың әл-ауқаты артып, нәтижесінде бала туу көрсеткіші өскенін анықтады.
Жыл сайын өңірлердің уәкілетті органдары барлық жалпы білім беретін мектептерінің толымдылығына мониторинг және талдау жүргізеді. Жұмыс қорытындысы бойынша негізгі басымдықтарға сәйкес жаңа мектептер салу қажеттілігі айқындалады. Жалпы 2024-2025 оқу жылында оқушылар саны өткен оқу жылына қарағанда 5-7 мың оқушыға көбейді, — дейді Ләззат Ордабаева.
Ғимараттар жаңартылып жатыр
— Білім беру ұйымдарының ғимараттарының техникалық жағдайын сақтау үшін жыл сайын жаз мезгілінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл 17 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінді. Оның 10-ы — мектеп, 5-еуі —балабақша. Сондай-ақ колледж бен қосымша білім беру ұйымы жаңармақ, — дейді білім басқармасының қызметкері.
Қазір мемлекеттік сатып алу веб порталында конкурс жарияланып, мердігерлер анықталды. Келесімшарттар жасалды.Соған сәйкес барлық нысандарда жөндеу жұмыстары басталып кетті.
10 мектептің 2-еуінің жұмысы кестеге сәйкес қазан айында аяқталады. Бұл білім шаңырақтары — Ақтөбе қаласындағыІ.Есенберлин атындағы №15 орта мектебі мен Хромтау ауданындағы№4 Хромтау орта мектебі.
—Жұмыс жаңа оқу жылының басында аяқталмаған жағдайда оқушыларды орналастыру схемалары ұйымдастырылып, кестелері бекітілді. Алайда мердігер ұйымдар жөндеу жұмыстарын оқу жылы басталғанға дейін аяқтау үшін мүмкіндігінше тырысуда, — дейді бөлім басшысы.
Айта кету керек, биыл жаңартылатын 5 балабақшаның арасында ең көпжұмыстүрлері№19 «Бұлақ» бөбекжай-бақшасында жүргізіледі. Жобаның жалпы құны — 482,0 миллионтеңге. Мердігер мекеме — «Интерстиль» ЖШС.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек,2019 жылдан бастап елімізде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның арқасында республика бойынша1 миллионнан астам оқушыорнын қамтамасыз еткен 1200 жаңа мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Әсіресе 2023 және 2024 жылдар жемісті болды. Осы екі жылда 422 мектеп салынды. Соның нәтижесінде 32 апатты, 71 үш ауысымды мектеп және 200 мектепте орын тапшылығы мәселесі жойылды.
Инклюзивті білім саласына серпін беретін жоба
Қазір облыста 4 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Оның 3-еуі былтырғы су тасқынының салдарынан зардап шеккен аудандардағы апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына салынып жатыр.Бұл үш балабақшаның құрылысы ел Үкіметінің арнайы резервінен қаржыландырылуда.
— Су тасқыныс алдарынан Екпетал ауылы жабылғаны белгілі. Аталған елдімекендегі халықтың көпшілігі Ойыл ауылына қоныстанғандықтан аудан орталығында 150 орындық балабақша салынып жатыр. Қазір құрылыстың 95 пайызы аяқталды. Ойыл ауданының Қаратал ауылында «Балбөбек» бөбекжай-бақшасының құрылысы аяқталды десек те болады (98 пайыз). Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылында «Балауса» бөбекжай-бақшасы қарқынды жүргізілуде, — дейді Ләззат Ордабаева.
Төртінші балабақша Ақтөбе қаласында салынып жатыр. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ғимараттың құрылысы сәуір айында басталған болатын. Ғимараттың жұмысын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.
— Соңғы жылдары ерекше қажеттіліктері бар бала саны артуда. Соған байланысты арнайы балабақшаларда орын тапшы. Қазір өңірдегі 1161 бала мектепке дейінгі тәрбие мен біліммен қамтылмай отыр (Ақтөбе қаласында— 964 бала, аудандарда— 197 бала), — дейді Ләззат Ордабаева.
Құрылыс ел Президентінің тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң аясында қайтарылған қаражат есебінен бой тіктеп жатыр. Мердігер мекеме— «Казстройподряд» ЖШС. Балабақша ғимараты ерекше архитектуралық шешіммен жобаланған. Нысан гүл пішініндегі орталық және 5 екі қабатты блоктан тұрады. Әр блок орталық атриуммен өткелдер арқылы байланысады. Орталық блокта қысқы бақ пен кіреберіс вестибюль орналаспақ. Ал №1 блокта тірек-қимыл аппараты бұзылған, №2 блокта көру қабілеті бұзылған, №3 блокта есту және сөйлеу қабілеті бұзылған және №4 блокта зияткерлік дамуында ауытқуы бар балаларға қызмет көрсетіледі, №5 блокта ортақ пайдалануға арналған үй-жайлар (медициналық бөлім, изолятор, акт залы, бассейн, әкімшілік және асхана бөлімі) және №6 блокта атриуммен табиғи жарық түсетін вестибюль, зал және консерватория болады.
P.S. Жыл аяғына дейін 24 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 4 білім шаңырағының құрылысы келесі жылы аяқталады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.