Басты жаңалықтар

Мемлекеттік тілді үйрететін өзге ұлт өкілдері

Қазір қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін көп кездестіруге болады. Бұған таңғалатындар аз. Ал қазақшаға судай екенін айтпағанда, қаракөздеріміздің өзіне ана тілін үйретіп, мемлекеттік тілді оқытатын курсты ашқан шешен, ғағауыз қыздары туралы естіп пе едіңіз? Ыбырай Алтынсариннен бастап қазақтың бүкіл классик қаламгерлерінің шығармашылығы мен қазақ тілінің заңдылығын ұл-қыздардың санасына 30 жылдан бері сіңіріп келе жатқан башқұрт ұлтының өкілі Гүлмира Кагированың да бұған қатысты айтары бар.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, Ақтөбедегі мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 4 өзге ұлт өкілі сабақ береді… Біз тағдырын қазақтармен байланыстырып, үй мен түзде тек мемлекеттік тілде сөйлесуге дағдыланған, соны кәсіп көзіне айналдырған аталған тіл жанашырларымен сұхбаттасқан едік…

 Шешен қыз:

«6 айда қазақшаға судай болады» 

Ақтөбелік Ализа Кайхарова шешен ұлтының өкілі болса да, жоғары білімді қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша игерген. Небәрі 19 жасында мемлекеттік тілді оқытатын «Qazaqvibe» авторлық курсын ашып, бүгінге дейін300-ден астам адамның қазақ тілін меңгеруіне жол ашқан педагог-кәсіпкердің бұл істегі жетістіктері аз емес.

Мектептің 6-сыныбында оқып жүргенде өзіме «қазақ тілінде еркін сөйлеуім керек» деген мақсат қойдым. Өйткені әкем шешен болғанмен, анам — қазақ. Нағашыларымның ана тілін мейлінше мықты меңгеруге әлі күнге талпынып келе жатырмын. Сол мақсатта Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға да түстім. 

19 жасымда қазақ тілін үйрететін курсымды аштым. Жеке, онлайн, топтық сабақтардың бәрін қосқанда 3 жылда 300-ден астам адамға мемлекеттік тілді үйретіппін. Қазіргі таңда бірнеше оқытушым және жеке оқыту әдістемем бар. Жоспарым — енді басқа өңірлерде курсымды ашу.

Әрине, алғашында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тіліндегі барлық жалғау, грамматика, жалпы тілдік құрылымдарды игеру қиынға соғады. Бұл өз басымнан өткендіктен, авторлық курсымда теория мен тәжірибені қатар ұштастыруға басымдық беремін. Атап айтсам,  оқыту әдістемемде әуелі тұрмыстық қазақ тілін иллюстрация арқылы түсіндіремін. Яғни грамматиканы күрделі ережелерсіз, көзбен көріп, оңай қабылдайтындай формада жеткіземін. Сосын сабақ басталмас бұрын оқушыларға бейнеформатта түрлі жаттығулар жолдап, тілдік дағдыларды дамыту үшін ситуациялық тапсырмалар беремін — дүкенде сауда жасау, дәмханадан ас ішу. Осының барлығын қазақ тілінде орындаған шәкірттерім біртіндеп еркін сөйлей бастайды. Ал тіл сындыруға қиналатындарға әдетте мына ұран сөзімді айтамын: «Егер мен үйрене алсам, сіз де міндетті түрде үйренесіз!» — дейді шешен қыз.

Тіл маманының айтуынша, оның курсында мемлекеттік тілді 6 айда еркін меңгеруге мүмкіндік бар. Ал ақысына келсек, 8 сабақтан тұратын бір курс 10 мың теңге тұрады. Аптасына 2 рет ұйымдастырылатын мұндай сабаққа өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, әртүрлі жастағы қазақтар, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер көп келеді екен.

Қазіргі таңда қазақ тілінен сабақ беріп, курсым арқылы бірнеше оқытушыны жұмыспен қамтып қана қоймай, балаларды ораторлық шеберлікке үйретемін.Өңірдегі «Вайнах» этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасарымын. Шүкір, қазақ тілін оқытудағы еңбегім ескеріліп, бүгінге дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатына ие болдым, — дейді қазақ тілін үйрететін курстың авторы.

Башқұрт ұлтының өкілі:

«Қазір тіл үйренуге барлық жағдай жасалған» 

Ұстаздық еткеніне биыл 35 жыл толған башқұрт қызы Гүлмира Кагированың ойынша, кез келген қазақстандық мемлекеттік тілді білуге міндетті. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі сол үшін тіптен мамандығын ауыстырып, Абайдың шығармашылығына тереңірек бойлауға көшкен. Қазір ол — қазақ тілінен дәріс беретін педагог.

— Хромтау ауданында туып-өстім. Сондағы орыс мектебінің түлегімін. Мамандық таңдарда аса көп ойланғаным жоқ, 34 жыл бойы балаларға қазақ тілі мен әдебиетін оқытқан педагог — анам Рысжан Смағұлқызының жолын қуғым келді. Сөйтіп, Ақтөбе педагогика институтында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Кейіннен өз ауылымдағы Құдықсай орта мектебіне жұмысқа орналасып, 5 жыл еңбек еттім. Бірақ 1995 жылы қалаға көшкенде өз мамандығым бойынша жұмыстың жоқтығын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне сұраныстың айтарлықтай көп екендігін білдім. Ұзақ ойланбастан білімімді жетілдіріп, мамандығымды ауыстырдым. Енді, міне, 30 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы №28 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін.

Әкем башқұрт болғанмен, анамның ұлты — қазақ. Әрі ауылдан шыққандықтан, қазақ тілін кішкентайымнан біліп өстім. Екінші мамандығымды игергенде, әрине, тереңірек меңгере түстім. Менің ойымша, шындап кіріскен адамға кез келген тілді үйрену қиын емес, — дейді кейіпкеріміз.

Қазақ тілін үйрену үшін алдымен ауызекі сөйлеуге ерекше күш салу керектігін айтқан кейіпкеріміз қазір мемлекеттік тілдегі қажетті дереккөздің, нұсқаулықтың, әдебиеттің көптігін атап өтті. Ең бастысы,тілді игеруге деген ниет болса жеткілікті.

— Бұрынғыдай емес, мемлекеттік тілдегі санамақтар, кітаптар, өзге де дүниелер баршылық. Ғаламторда да осы тақырыптағы мағлұмат көп. Қаншама тегін курстар бар. Сондықтан ең болмағанда тұрмыстық деңгейде сөйлегісі келгендерге барлық жағдай жасалған ғой. Әрі-беріден соң өз еліңнің мемлекеттік тілін білмеу ұят деп есептеймін. Осы жерде тұрғандықтан, қазақша түсініп, шебер болмаса да сөйлеу керек. Бұл — талқыланбайтын іс.

Маман ретінде балалардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы жоғары екенін айтқым келеді. Тек оқулықтардағы тапсырмалардың деңгейі, оның ұсынылу жолдары, жалпы тілі ауыр екендігі рас… Мысалы, ағылшын, орыс тілдеріндегі оқулықтардың тапсырмалары жеңіл әрі жұмыр келеді, ал біздікі тым күрделі. Осы жағы реттелсе, сосын бүкіл жиын тек мемлекеттік тілде ұйымдастырылса, көптен бері айтылып келе жатқан тіл мәселесі өздігінен шешілетін еді, — дейді қазақтың келіні Гүлмира.

Абай Құнанбаевтың шығармашылығын сүйіп оқитынын айтқан тіл маманы жастарға да қазақтың бас ақынының қарасөздерін, өлеңдерін оқуға, жаттауға кеңес берді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық тілдерді дамыту басқармасынан білгеніміздей, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өңірде ақысыз негізде тілдік курстар Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында ұйымдастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Шатлык» татар-башқұрт, «Оксана» украин, «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» қоғамдық бірлестіктері жанындағы жексенбілік мектептерде қазақ тілі оқытылып жүр.

Ғағауыз бойжеткен:

«Салт-дәстүрмен танысып, мақал-мәтел де жаттаймыз»

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің II курс студенті Аида Кадынның ұлты — ғағауыз, ал болашақ мамандығы — мұнай-газ инженериясы және энергоменеджмент. Дей тұрғанмен қазақ мектебінде оқып, талай олимпиадаларда жүлдегер болған өзге ұлт өкілінің сабақтан тыс уақыттаұстаздық етуіне ештеңе кедергі емес. Елгезек қыз қазақ тілін ақысыз негізде үйрететін «Abay» әлеуметтік жобасында 12 тыңдаушыға дәріс беріп жүр.

Оқушы кезімде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері түрлі байқауларға қатысуыма мүмкіндік берді. 5-11 сынып аралығында жыл сайын қазақ тілі бойынша олимпиадаларға қатысып, соңғы 2 жылда жүлделі III орынды иелендім. Сонымен қатар Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев сынды ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, байқауларда бақ сынадым.

Былтырдан бері қазақ тілін үйрететін «Abay» курсында 30-55 жас аралығындағы 12 тыңдаушыға сабақ беріп келемін. Авторлық бағдарламам бойынша олар қазақ тілінің базалық грамматикасын, сөздік қорын меңгеріп, еркін сөйлесу дағдыларын дамытады. Біз тек тіл үйренумен шектелмейміз, қазақ мәдениетімен де танысамыз: салт-дәстүрлер жайлы оқимыз, мақал-мәтелдер жаттаймыз, әдебиетке шолу жасаймыз.Сабағымыз жыл бойы, үздіксіз өтеді, жаз мезгілінде де жалғасып жатыр. Тыңдаушыларым қазіргі уақытта қазақ тілінде еркін сөйлейді. Курсқа қатысу тегін, қазір талаптанған адамға полиглот болу қиын емес, — дейді Аида.

Қоғамдық негіздегі осындай игілікті жұмыстарға белсене араласатын түркі тілдес халықтың өкілі курсқа көбіне қызметтегі қыз-келіншектер қызығушылық танытатынын, сабақтың аптасына бір рет болатынын атап өтті.

— Сабақ барысында біз оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым дағдыларын қатар дамытамыз. Күнделікті қолданылатын сөздерді мейлінше қамтуға тырысып, бірінші кезекте ауызекі тілде сөйлеуге күш саламыз.

Менің ойымша, қазақ тілін меңгеру үшін ең бастысы — адамның талпынысы болуы керек. Егер ниет болса, нәтиже де болады.

Техникалық мамандықта оқып жүргеніме қарамастан, қазақ тілін жетік меңгергенімнің арқасында бойымдағы ұстаздық қабілетім ашылды. Көптеген жетістікке жетіп, адамдардың алғысын алдым. Сондықтан ұлтым басқа болса да, жаным қазақ екенін, өз елімнің мемлекеттік тілін ерекше құрметтейтінімді айтқым келеді, — дейді жас оқытушы.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button