Басты жаңалықтар

Баспасөзге жазылу —  рухани серпіліс бастауы

Баспасөз — 2025

Жыл сайын баспасөзге жазылу науқаны кезінде ауыл-аймақтарды аралап, оқырмандарымызбен жүздесіп, олармен тікелей байланыс орнатып, пікір алмасып жатамыз. Себебі мұндай кездесулер газетке деген оқырман сенімін арттырып, олардың қажеттіліктерін түсінуге әрі басылымның мазмұнын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Жарық көргеніне ғасырдан асқан облыстық қос бірдей басылымның — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник», сондай-ақ  «Үш таған» журналының ордасы, аймақ баспасөзінің киелі шаңырағы — «Ақтөбе Медиа» холдингінің директоры Раукен Отыншин бастаған топ өткен аптада Мұғалжар ауданына арнайы іссапармен барып, аймақтағы өз оқырманымен жүздесті.

Қарқынды жұмыстар, оң нәтижелер

Мұғалжар ауданының орталығы — Қандыағаш қаласындағы оқырманмен жүздесуге барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин, философия ғылымдарының докторы, академик Алтай Тайжанов, «Ақтөбе» газетінің ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі Аманқос Орынғалиев, аталған холдинг директорының орынбасары, облыстық мәслихатдепутаты Айгүл Нұркеева, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Сәтжан Дәрібай және бір топ редакция қызметкері бар делегацияны аудан әкімі Дархан Ермағанбетов ресми қабылдады.

Бүгінде Мұғалжар ауданынан шыққан ел ардақтылары аз емес. Ағайынды Жұбановтар, Кеңес Одағының Батыры Мәлкеджар Бөкенбаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Қуандық Әлішев, аудан басшылығында қызмет еткен Сапар Сағынтаев, Кеңес Бірмановтар, Социалистік Еңбек Ері Мақсат Мамытов сияқты тұлғаларын ерекше мақтанышпен айтатын бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімі жыл сайын артып, өндірісті аймақтың ел экономикасын өркендетудегі үлесі жоғары. Аудан әкімінің айтуынша, өңірдің  әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы көрінісі оң серпінге ие. Бүгінде 65 мыңға жуық халқы бар ауданда экономикалық белсенді тұрғындар саны — 32 150 адам, шамамен 49,7 пайыз. Бұл — еңбек нарығы мен өңірлік экономиканың белсенділігін сипаттайтын маңызды көрсеткіш. Биыл алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аудан өнеркәсіп өндірісі көлемін 152 225,6 млн теңгеге жеткізіп, 101,4 пайыз деңгейінде орындалуын қамтамасыз етті. Инвестиция тарту бағытында да оң нәтижелерге қол жеткізілген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 27 742,9 млн теңгені құрап, жоспар 131,2  пайыз деңгейінде орындалған. Бүгінде жергілікті тұрғындар алдында есепті кездесулерін өткізіп жүрген аудан басшысы аймақтың ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс және тұрғын үй салаларына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға да аз-маз тоқталды.

Маңызды жаңалықтар, пайдалы мәліметтер

Баспасөзге жазылу науқаны кезінде «Ақтөбе Медиа» ұжымы аудандарды аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрақты оқырмандарымен жүздесіп, сый-сияпат ұсынуды жыл сайын дәстүрге айналдырған. Осы үрдістен бұл жолы да танбады. Мұғалжар өңіріне жасаған сапарда оқырмандармен болған алғашқы жиын аудан әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында ұйымдастырылды. Редакция ұжымымен кездесуге мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары мен мамандар, ардагерлер, аудан тұрғындары қатысты. Жиынды ашқан сөзінде аудан әкімі Дархан Ермағанбетов:

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты халыққа кеңінен түсіндіру ісінде мерзімді басылымдардың рөлі ерекше. Республикалық ақпарат құралдарымен қатар, өңірлік басылымдардың, атап айтқанда, облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» және аудандық «Мұғалжар» газеттерінің де маңызы зор.Қазіргі таңда бұл бұқаралық ақпарат құралдарын жиі пайдаланып, олардың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларынан қажетті ақпараттарды тұрақты түрде алып отырамыз. Елдегі және өңірдегі маңызды жаңалықтарды осы дереккөздер арқылы біліп, өзіміз үшін пайдалы мәліметтермен қанығамыз. Қызықты әрі маңызды жаңалықтарға қолдау көрсетіп, бөлісіп отыру — цифрлық дәуірдің талабы.Сонымен қатар дәстүрлі басылымдардың — газет пен журналдың да өзіндік орны бар. Осыған орай екінші жартыжылдыққа жазылу науқаны басталды. Бұл бағытта ауданымызға облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның басшысы Раукен Отыншин бастаған арнайы жұмыс тобы келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, — деп жиналғандарға делегация құрамын таныстырды.

Жергілікті тұрғындар алдында сөз алған Раукен Отыншин:

Бізде облыстық екі газет пен журнал жарық көреді. Жыл сайын көктем және күз айларында баспасөзге жазылу науқаны өтеді. Осы кезеңде біз елді мекендерді аралап, өздеріңіз сияқты оқырмандарымызбен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаймыз.Мен бұл салада қырық жылға жуық еңбек етіп келемін. Мақтанышпен айтарым — аптасына екі рет жарық көретін «Актюбинский вестник» газетінің алғашқы санының 1918 жылы шыққандығы. Бұл — біздің өлке үшін зор мәртебе. Себебі республикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің өзі осы басылымнан кейін шыққан. Бұл сауат ашу, елді ақпаратпен қамту кезеңдерінің бастауы еді.Биыл «Актюбинский вестник» газетіне 107 жыл толып отыр. Ал «Ақтөбе» газеті өткен жылы өзінің 100 жылдығын атап өтті. Мемлекет басшысының осы мерейтойға орай арнайы құттықтауы — барша өңір жұртшылығына көрсетілген құрмет деп білеміз. Сонымен қатар былтыр Астана қаласында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен үлкен жиын өтті. Сол жиында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ақтөбе» газетінің ұжымына Алғыс хат табыстады. Бұл — газет еңбегіне берілген жоғары баға,— деді.

Оқырманы бар газет — өміршең

Серіктестік басшысы өз сөзінде қазіргі қоғамдағы баспасөздің рөлі мен маңызына да тоқталды.

— Кезінде баспасөзді «төртінші билік» деп атайтын. Себебі газетте сын мақала жарияланса, мекеме, ауыл, аудан басшыларына нақты шара қолданылатын. Бүгінде біз — тәуелсіз елміз. Цензура жоқ. Бірақ газет әлі де маңызды идеологиялық құрал ретінде өз қызметін жалғастырып келеді. Қазір ақпаратты телефоннан, әлеуметтік желіден алуға болады. Алайда олардың сенімділігі — өз алдына бөлек мәселе. Әлеуметтік желі желдей ескен заман болса да, кітап пен газет-журналдардың орны қашанда ерекше.Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Біз де осыған орай жұмысшы мамандарды, еңбек адамдарын дәріптеп, оларды даярлайтын оқу орындарын насихаттап келеміз. Бұрын сауыншы, механизатор сияқты қарапайым еңбек адамын қалай мақтаныш етсек, бүгінгі жас ұрпаққа да сондай тұлғаларды үлгі етуіміз керек. Өкінішке қарай, қазір әнші, блогер, бишілер көбірек дәріптеліп жүр. Бұл да уақытша, бірақ бізге тамырдан ажырауға болмайды, — деген Раукен Отыншин өз сөзінде мұғалімдер мен дәрігерлер, мәдениет және мемлекеттік қызметкерлерді елдің арқа сүйер зиялы қауым өкілдері екенін айтып, олардың жыл сайын газетке жазылып, қолдау көрсетіп келе жатқандарына шынайы алғысын білдірді.

«Оқырманы бар газет — өміршең»деп үнемі айтып жүремін. Ал газеттің өміршеңдігі оқырманға тікелей байланысты.«Ақтөбе» газетінің алғашқы саны 1924 жылы 7 маусымда жарық көрді. Сол жылдың қыркүйегіндегі санында жерлестеріңіз Құдайберген Жұбанов педагог жайлы терең мазмұнды мақала жазған. Ол мұғалімнің басты мақсаты — 45 минуттық сабағын босқа өткізбей, оқушының санасына ой салып, білім дәнін егуі керектігін айтқан. Бұл — уақыт өткенмен, мәнін жоғалтпайтын ұлағатты ой.Бүгінде газетімізде түрлі арнайы айдарлар мен қосымшалар бар. Аймақтағы 105 Социалистік Еңбек Ерінің еңбегі, 35 Кеңес Одағы Батырының ерлігі туралы материалдар жыл басынан бері тұрақты жарияланып келеді. Себебі — «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» демекші, мұндай тұлғаларды үнемі насихаттап отырау — біз үшін парыз,— дейді Раукен Отыншин.

Оның айтуынша, жыл басынан бері «Ақтөбе» газетінде Мұғалжар ауданы туралы 7 көлемді мақала жарық көрді. «Актюбинский вестник» те бұл өңірге қатысты бірнеше маңызды материал жарияланған.

Елге келгесін, осы ауданнан шыққан белгілі қаламгерлер — Аманбай Көздібаев, Елеусіз Кенебаев, Жолдымұрат Сегізбаев сияқты әріптес ағаларымыздың есімін ерекше атағым келеді. Олар кезінде ауданға қатысты терең де мазмұнды мақалаларын облыстық газет беттерінде де жазып, меншікті тілші қызметтерін абыроймен атқарған еді. Газетке жазылу — тек ақпарат алу емес, ұлттың рухани дамуына үлес қосу. Сол себепті әрдайым бір-бірімізді қолдап, бірге болайық, — деді Медиа холдинг директоры.

 Ақпарат құралы — елдің рухани тірегі, қоғамның қозғаушы күші

 Жиында профессор Алтай Тайжанов қоғамдық пікір қалыптастыруда мерзімді басылымдардың маңыздылығына тоқталып, жалпы кітап оқу, кітаптың ықшамдалған нұсқасы іспетті газет пен журналдағы мақалаларды жүйелі түрде оқу адамның білімін, дүниетанымын арттыруға септігін тигізетін дүние екенін атап өтті. — Елімізде мемлекеттік саясатты жүргізу үшін, елді тиімді басқару үшін белгілі бір тетіктер қажет. Сол тетіктердің бірі әрі бірегейі —ақпарат құралдары. Ақпарат кеңістігі берік, әділ әрі жан-жақты болса, қоғамда сенім де, тұрақтылық та болады. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын халыққа дұрыс жеткізуде баспасөздің рөлі қашанда маңызды.Тарихқа көз жүгіртсек, отаршылдық кезеңінде де, кеңестік дәуірде де әр биліктің өз ақпараттық саясаты, өз баспасөзі болды. Сол арқылы халыққа белгілі бір идеология сіңірілді, қоғамдық сана қалыптасты. Бұл құралдар халықты тәрбиелеуге, бағыт-бағдар беруге жұмыс істеді. Ал бүгінде ақпарат құралдары — тәуелсіз елдің рухани тірегі, қоғамның қозғаушы күші.Осы тұрғыдан алғанда, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері — өңір халқының шынайы үнін жеткізетін, ел мен жердің тағдырына алаңдайтын, саналы оқырманды тәрбиелейтін басылымдар, — дейді ғалым.

Ал ардагер журналист Аманқос Орынғалиев газетте еңбек еткен жылдарын еске түсіріп, бүгінгі «Ақтөбенің» уақыт талабына сай дамып, жаңаша форматта жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Ол зейнеткерлік демалысқа шықса да газеттен әлі қол үзбегенін, арасында мақалалар жариялап тұратынын айтып: «Газет — жаңалық жеткізуші ғана емес, ел мен жердің, ұлт пен ұрпақтың арасындағы алтын көпір. Бұл басылымдар — қоғамның үні, халықтың үміті мен биліктің сенімді серігі.

Қоғамда болып жатқан түрлі оқиғалар, мемлекеттік бастамалар мен реформалардың мәні мен маңызы халыққа түсінікті әрі сенімді түрде жетуі үшін осындай басылымдардың еңбегі зор. Себебі газет — тек ақпарат таратушы емес, қоғамдық пікір қалыптастырушы құрал. Қай кезеңде де елдің рухани, саяси тынысын дәл, байыппен бере білген басылымдар ғана өміршең болмақ», — дейді ардагер журналист.

Жиында медицина саласының ардагері, Мұғалжар ауданының құрметті азаматы Аманжол Адаев «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы екенін, газетті әлі де жаздырып оқитынын айтып, қос басылымның ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Ұлықпан атаның тірлігі

Осындай кездесулерде «Ақтөбе Медиа» холдингінің директоры Раукен Отыншин Мұғалжар ауданынан үздіксіз қос басылымның тұрақты оқырмандары болып келе жатқан бір топ азаматтарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады. Олардың қатарында Қандыағаш пайдалану вагон депосының басшысы Тұрлан Боранбаев, «Қазпошта» АҚ Мұғалжар аудандық филиалының директоры Рысалды Құрманова, Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Шамшат Әбдіразақ, аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Жұмагүл Асабаева және Қандыағаш балалар кітапханасының кітапханашысы Орынгүл Қалбекова бар.Сонымен қатар редакция ұжымы аудан әкімі Дархан Ермағанбетов бастаған топпен бірге, ауылшаруашылығы саласының еңбек ардагері Ұлықпан Жанесов пен энергетика саласының ардагері Тілепбай Әбдиевтің шаңырағына барып, қарт оқырмандарға құрмет көрсетті.

Ұлықпан ақсақал бүгінде 95 жастан асқан. Ол ұзақ жылдар бойы Ақтөбе совхозында және Жеңіс елді мекенінде ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етті. Ұлықпан ата әлі де тың, бақша салып, өнім өсірумен айналысады, өз қолымен еккен бағын өзі суарады. Тынымсыз еңбек етіп жүрген ақсақал газет оқырмандарының санының жыл сайын артуына және жазылушылардың көбеюіне ізгі ниетін білдірді.Редакция қызметкерлері Тілепбай Әбдиевтің шаңырағында дәм татып, ғасыр жасаған басылымдардың атынан өзінің қарт оқырманына сый-сияпат ұсынды.

Теміржолшылар тілегі, ұстаздар ұсынысы

Сапар аясында «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкерлері Қандыағаш қаласындағы бірқатар ұжымдармен кездесу өткізді. Атап айтқанда, делегация Қандыағаш пайдалану вагон депосы мен №2 қалалық орта мектепке барды.Кездесулер барысында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай және қоғаммен байланыс жөніндегі менеджер Мұратбек Ержақыпов басылым тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында әңгімелеп, оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Іргетасы 1998 жылы қаланған Қандыағаш пайдалану вагон депосы — облыстың теміржол саласында маңызды рөл атқаратын, вагондарға күтім жасап, техникалық қызмет көрсететін басты құрылымдардың бірі. Депо қызметкері Еркін Джананбаевтың айтуынша, мұнда өңір бойынша 700-ге жуық адам еңбек етеді.

Кездесу барысында депоның техникалық бөлім басшысы Тасболат Сенбиев облыстық газеттердің автор тарту жолдарына қатысты сауал қойып, тұшымды жауап алды.

Қандыағаш қаласындағы №2 орта мектепте бүгінде 1864 оқушы білім алып, 180 мұғалім еңбек етеді. Білім ордасының акт залында өткен кездесуде ұстаздар редакция қызметкерлерімен жүздесіп, қазіргі баспасөздің қоғамдағы рөлі, облыстық газеттердің мазмұны мен тақырып ауқымы туралы мол мағлұмат алды. Әсіресе білім беру саласына қатысты көтеріліп жүрген мәселелер мен жаңа бастамалар жайы айтылды. Кездесуде Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған және іске асырылып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» Заңның ұстаз еңбегінің еленуіне, қоғамдағы орнын айқындауға бағытталған маңызды құжат екені айтылды.Облыстық газеттерде жарияланатын ұстаздар тәжірибесіне қатысты мақалалар білім саласы мамандарына ғана емес, жалпы оқырманға қажетті әрі пайдалы ақпарат көзіне айналып отыр.Сондықтан да мұғалімдер қауымының  жергілікті газеттердің таралымын кеңейтуге атсалысуы — ел ертеңіне деген қамқорлықтың бір көрінісі.

Кездесу барысында аталған мектептің директоры Жазира Әбденоваға, №3 Қандыағаш мектеп-гимназиясының директоры Данагүл Ыбрашева мен Қ.Жұбанов атындағы орта мектептің мұғалімі Шамшырақ Иржановқа облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы табысталды.

Сапар соңында делегация өкілдері  Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысып, «Қазына» ансамблінің және А.Жұбанов атындағы музыка мектебі оқушыларының өнерлерін тамашалады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button