Кене кеселі

Жер қарайып, күн жылынса, табиғатта серуендеп, тыныққанды қалаймыз. Алайда осындай кезде кене шағу қаупі едәуір артады. Мамандардың айтуынша, кене шөп арасында, орман-тоғайда, бұталарда жиі кездеседі. Биыл облыс аумағында 236 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген.
Туляремия және қауіпті табиғи ошақ
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың айтуынша,кененің шағуынан туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және кене энцефалиті аурулары жұғуы мүмкін.

— Ақтөбе облысы территориясы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және кене энцефалиті аурулары бойынша эндемиялық аумаққа жатпайды. Дегенмен облыстың Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында туляремияның табиғи ошақтары бар. Мұндай ошақтар өзен жағасы жайылымдарында кездеседі. Облыс бойынша туляремияның табиғи ошақтарының аумағында 38 елді мекен орналасқан. Жыл сайын аса қауіпті инфекцияларды эпизоотиялық бақылау мақсатында эндемиялық аумақтардан кене жиналып, зерттеледі, — деді департамент басшысы Райхан Қойшанова.
35 ауылда өңдеу жүргізілді
Биыл сәуір-мамыр айларында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің құрамына кіретін «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақтөбе облысы бойынша филиалы мамандары эндемикалық аумақта орналасқан 35 елді мекеннің маңайында тосқауылдық өңдеу, яғни дератизация және дезинсекция жұмыстарын жүргізген. Олар адамды, жануарларды, үй-жайлар мен аумақты қорғау мақсатында жәндіктер мен буынаяқтыларды жою және алдын алу іс-шараларын жүргізген. Сонымен қатар кеміргіштер санын жоюға немесе азайтуға бағытталған профилактикалық және истребительдік шаралар қоса атқарылыпты.
— Биыл облыс аумағында 236 адамдыкене шағып, медициналық көмекке жүгінген.Жалпы, кененің белсенділігі көктемде, яғни сәуір айынан мамыр айының соңына дейін, сондай-ақ күзде, қыркүйек-қазан айларында жиі тіркеледі. Адам денсаулығына қауіпті жәндіктің бұл түрі әдетте өзен жағасындағы жайылымдарда, тоғайларда, саяжайларда тіршілік етеді. Сондықтан кенелердің белсенді уақытында осындай аймақта болған немесе малшаруашылығында үй жануарларымен қарым-қатынаста болатын адамдар өте сақ болуы керек, — дейді облыстың бас санитары.
Бақылау мен насихат — қауіпсіздікке бастар жол
Туляремия — елеусіз қалдыруға болмайтын, тез өршитін қауіпті ауру. Дегенмен қарапайым сақтық шараларын сақтау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және жоспарлы вакцинациядан өту арқылы бұл аурудан қорғануға болады. Мамандар табиғат аясында әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қауіпті дерттің таралуынан сақтайтынын айтады.
— Кенелердің белсенділігі артқан кезде табиғат аясында тыныққанда тығыз матадан тігілген жеңі бар жабық киім, шалбардың балағын шұлыққа немесе етікке салып, комбинизондар киіп жүру ұсынылады. Күні бойы міндетті түрде өз-өзін және өзара бір-бірін қайта-қайта тексеріп, қарау керек. Мұндай кезде кенелерді жасқандыратын арнайы дәрі-дәрмектерді пайдаланудың да еш артықтығы жоқ, — дейді Райхан Қойшанова.
Ел аумағында кең таралған табиғи-ошақты аурулардың бірі — туляремия. Бұл жұқпалы дерт әсіресе ауылдық жерлерде, орманды, шалғынды аймақтарда жиі кездеседі. Эпидемиолог мамандар осыған байланысты халықты ақпараттандырып, қауіптің алдын алу шараларын күшейтуге ден қойған.
— Кене шаққанда тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне тез арада қаралып, 21 күн ішінде медициналық бақылауда болуы қажет. Медициналық бақылау туляремиямен ауыратын науқастарды ерте анықтау мақсатында жүргізіледі. Кенені жалаң қолмен алып тастауға және жаншуға болмайды. Денеге қадалған кенені пинцетпен немесе жіппен алып тастайды. Кенені теріге жақын тұмсығынан ұстап, маятник тәрізді ырғақты қозғалыспен ақырын денеден шығарып алу керек. Бұл іс қолғап кию арқылы жүргізілуге тиіс. Кене шаққан жерді йодпен өңдеп, қолды сабындап жуу қажет, — дейді Райхан Қойшанова.
Облыстың бас санитары көбіне, кене шаққан адамдар денеден осы жәндіктерді өз бетімен алып тастайтынын, емдеу-алдын алу мекемелеріне медициналық көмекке жүгінбейтінін айтады. «Мұндай кезде адамдар өз бетімен емделмегені жөн. Бұлөмір үшін қауіпті», — дейді ол.
Мамандардың айтуынша, туляремия — адам ағзасына тері, лимфа түйіндері, тыныс жолдары, көздің шырышты қабығы арқылы әсер ететін жедел инфекциялық ауру. Ол көбіне табиғи ошақтарда кездесіп, жабайы жануарлар арқылы таралады. Аурудың қоздырғышы —Francisella tularensis бактериясы. Инфекцияның негізгі көздері — жабайы кеміргіштер, кейбір құстар мен үй жануарлары (қоян, ит, қой), ал тасымалдаушылары — қан сорғыш иксод кенелері. Бұл ауру адамға кене шағу, ауру жануармен тікелей байланысу, ластанған тағам мен суды тұтыну, сондай-ақ бактериялармен ластанған шаңды ингаляциялау сияқты түрлі жолмен жұғады.
Ауру тез өршіп, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, терідегі жаралар мен лимфа түйіндерінің қабынуымен сипатталады. Егер дер кезінде емделмесе, асқыну қаупі жоғары.Туляремиядан сақтанудың басты жолы — жеке гигиена мен қорғану ережелерін қатаң сақтау.
Қансорғыштар немесе үш иелі кене
Жайылым кенелері (ғылыми атауы — Ixodidae) — өрмекшітәрізділер тобына жататын, паразиттік тіршілік ететін буынаяқтылар. Бүгінде бұл тұқымдастың 650-ден астам түрі белгілі. Олардың табиғаттағы орны ерекше: бір жағынан экожүйедегі энергия айналымына қатысса, екінші жағынан адам мен жануарлар үшін түрлі жұқпалы аурулардың көзі.
Жайылым кенелері, негізінен, ашық дала, жайылым, орманды-бұталы аймақтарда кездеседі. Олар жануарлар мен адамның терісіне жабысып, қанымен қоректенеді. Осыған байланысты оларды қансорғыштар деп те атайды. Қансорғыш кенелер даму барысында бірнеше иесін ауыстырады. Сол себепті олар бір иелі,екі иелі,
үш иелі болып бөлінеді.Мысалы, ит кенесі — үш иелі кене. Оның дернәсілі бір жануардан қан сорып, топыраққа түсіп түлейді де, нимфаға (жәндіктің толық өзгеретін дернәсілі— авт.) айналады. Кейін басқа жануардан қоректенген соң, ересек кене үшінші иесін табады.
Жайылым кенелері — өз тобы ішіндегі ең ірі өкілдер. Аш кезінде олардың дене ұзындығы 3-5 мм болса, қанға тойған соң 10 мм-ге дейін ұлғаяды. Ұрғашы даралары аналық қызметіне сай ірілеу келеді. Еркек кенелердің арқасы қатты қалқанмен толық жабылған, ал ұрғашылар мен дернәсілдерде қалқан тек алдыңғы бөлікте ғана болады. Қалған дене бөлігі жұқа хитинмен қапталған. Бұл қанға тойған кезде дененің көлемінің бірнеше есеге үлкеюіне мүмкіндік береді.
Кенелер ауру қоздырғыштарын кеміргіштерден, жәндікқоректілерден, құстардан жұқтырып алып, бірнеше жыл бойы өз бойында сақтай алады. Адам мен жануарларды шаққан кезде инфекциялар таралады. Бұл мал шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіреді: малдың салмағы төмендеп, сүт өнімі азаяды.
Ең қауіпті кене түрлеріне Ixodes persulcatus пен Ixodes ricinus жатады. Олар — кене энцефалитінің негізгі таратушылары.
Әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.



