Басты жаңалықтарДенсаулықМереке

Ерлан СҰЛТАНГЕРЕЕВ: Биыл маман тапшылығы мәселесі 100 пайыз шешіледі

Маусым айының үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлері күні. Бұл мерекенің біздің өңір үшін орны бөлек. Себебі еліміздің батыс өңіріндегі бірден-бір медициналық оқу орны, дәрігерлер ұстаханасы — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін жыл сайын жүздеген жас маман тәмамдап, еліміздің денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесін реттеуге айтарлықтай үлес қосып келеді.

Жыл басында Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Ақтөбе бүкіл еліміздің батыс өңірінің халқына медициналық көмек көрсетудің өңірлік көшбасшысы болатынын атап өткен-ді. Мұның өзі өңірдің медициналық әлеуетін көрсетеді.

Аталған саладағы жетістіктер мен жоспарлар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевпен сұхбаттасқан едік…

— Облыстың денсаулық сақтау саласының бүгінгі ахуалына тоқталсаңыз…

—Бірінші, екінші және үшінші деңгейлі мекемелердің барлығын қосқанда жалпы облыста 94 емдеу мекемесі бар. Оның 38-і — мемлекеттік мекеме, бұның ішінде 13-і — аудандық аурухана, қалған 25-і облыс орталығында орналасқан. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласысапалы қызмет көрсету жөнінен республикада жоғары деңгейде деуге болады. Бір ғана мысал —біздің өңір батыс аймақта алғашқылардың бірі болып бауыр мен бүйрек трансплантациясын енгізді. Балалар кардиохирургиясы саласында да жетістіктер бар — салмағы 500-800 грамм сәбилерге күрделі оталар жасалып жатыр. Бұл — жоғары кәсібилік пен үздіксіз дамудың нәтижесі.

Дегенмен біздің басты байлығымыз, ең үлкен құндылығымыз—сапалы һәм білікті кадр — дәрігерлер, орта және кіші буын медицина қызметкерлері. Қандай жағдай болмасын, ең алдымен, сапалы кадрлар ғана саланы алға сүйрейді.

Екінші құндылық — сапалы да терең білім. Бұл ретте біз Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен арада серіктестік орнаттық. Бүгінде барлық іс-шаралар, конференциялар, оқу семинарлары осы оқу ордасымен бірлесіп өткізіледі. Біз қажет жағдай туындаса, тіпті түн ішінде де университеттің ғалымдарына, мамандарына хабарласып, бірлесіп шешім қабылдаймыз. Мұндай бірлік — үлкен құндылық. Кадр даярлау, білім сапасын арттыру —ұдайы басты назарда.

— Аталған салада қызмет сапасын арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?  Өңір медицинасының ерекшеліктері қандай?

Жоғарыда айтқанымыздай, өңірде жалпы 94 емдеу мекемесі бар. Оның 38-і — мемлекеттік. Жалпы, медициналық қызмет көрсету сапасы жөнінен жекелеген мекемелердің атауын көрсете кетуге болады. Мәселен, облыстық перинаталды орталық қызмет сапасының жоғарылығы жөнінен былтыр Қазақстан бойынша бірінші орынды иеленді. Бағалау бірнеше критерий бойынша жүргізілді: ғимараттың жағдайы, құрал-жабдықтардың сапасы, қызмет көрсету деңгейі жәнеұжымның кәсібилігі. Бұл — облысымыздың үлкен мақтанышы.

Сол секілді облыстық перзентхана да бірнеше рет республикалық деңгейдегі тексерулерден жоғары баға алды. Президентіміз, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары да өңірге сапарында осы мекемеге арнайы барып, жұмысымен танысып, оң пікірін білдірген-ді. Бұл мекемелерде жүкті әйелдерге барлық жағдай жасалған. Алайда біз бұл жетістіктермен тоқтап қалмаймыз. Қазір аталған мекеменің қызметкерлеріне қосымша міндеттер жүктеп отырмыз. Осы екі ірі перзентхананың мамандары аудандармен тығыз байланыс жасап отыр. Олар  аудандарға барып, шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибесімен, заманауи әдістермен бөлісіп отырады. Бұл жұмыс екі жылдан бері жүргізіліп келеді.

Оған университеттің оқытушылары да жұмылдырылған. Мұндай тәжірибе алмасу қазіргі таңда өте маңызды. Себебі заманауи медициналық технологиялар күн сайын өзгеріп жатыр, ауылдық жердегі мамандар да мұндай жаңалықтарды дер кезінде біліп, игеріп отыруға тиіс.

Қандай да бір ауруды, әсіресе онкологиялық дерттерді бірінші немесе екінші сатысында анықтап, нәтижелі ем жүргізу үшін скринингтен өту маңызды. Осы мақсатта аудандарға 12 жылжымалы медициналық кешен жібердік. Жылдың алғашқы жартысында олардың жұмыс нәтижелерін саралап, қорытынды шығарамыз. Содан кейін жұмысты әрі қарай қалай жетілдіру керектігін талқылаймыз.

Біздің тағы бір жетістігіміз — нәресте өлімінің азаюы. Былтырғымен салыстырғанда бұл цифр екі есе төмендеді. Бұл бір ғана мекеменің емес, бүкіл медицина саласының жетістігі деуге болады.

Өңір медицинасының мақтанышпен айтатын тағы бір тұсы — балалар кардиохирургиясы саласы. Біздің кардиохирургтардың кәсіби біліктілігінің жоғарылығының арқасында жақсы нәтижелерге жетіп отырмыз. Балалар арасында әсіресе туа біткен жүрек ақаулары жиі кездеседі. Қазір скрининг арқылымұндай мәселелерді алдын ала анықтап, егер ақау бар болатын болса, ол баланың өмірге келетін уақытын күтіп, оны емдеуге дайындаламыз. Бала өмірге келген сәтте бірден перзентханаға жатқызылып, ем жүргізіледі.

Былтыроблыстық перинаталды орталықта жаңа туған сәбилерге шұғыл ота жасауға арналған неонаталды хирургия бөлімшесі де ашылған болатын. Мысалы, балада жүрек ақауы болса — кардиохирургтар, асқазан-ішек жолдарының ақауы болса – балалар хирургтары, ал сүйекке қатысты болса, травматологтар жұмысқа кіріседі. Бұл жүйе — скрининг пен емханалардың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Осындай жұмыстар, яғни анасының ішінде жатқан баланың денсаулығын алдын ала бақылау, анықтау арқылы нәресте өлімінің азаюына қол жеткізіп отырмыз. Біздің кардиохирургтар тек облыста ғана емес, көрші облыстарға да барып, күрделі оталар жасауға көмек көрсетеді.

— Кадрлар жеткілікті ме? Әсіресе ауылдық жерлерде салалық дәрігерлердің тапшылығы туралы тұрғындар арасында жиі сын айтылады…

— Қазіргі таңда 166 дәрігер жетіспейді. Оның 110-ы —облыс орталығындағы медициналық мекемелерге керек мамандар. Қалғаны — аудандарда. Оның ішінде жалпытәжірибелік дәрігерлер, анестезиолог-реаниматолог, травматолог, радиолог, балалар хирургі секілді мамандарға тапшылық бар.

Биыл медициналық университетті 255 жас маман бітіреді. Біз солардың көбін жұмысқа тартуға үміттіміз. Жергілікті және республикалық бюджет есебінен грантпен оқыған түлектер арқылы кадр тапшылығын толықтай жою жоспарланып отыр. Түлектер облыстық денсаулық сақтау басқармасы бағыттаған емдеу мекемесінде 5 жылдық келісімшартты өтейтін болады.

Бүгінде жас мамандарға барынша қолдау көрсетіп отырмыз. Жұмысқа орналасқан жастарға тәжірибелі мамандар тәлімгер ретінде көмектесіп отырады. Бүгінде құзырлы министрлік те осындай тәлімгерлік жүйені күшейту туралы ұсыныс беріп отыр. Бұл — өте дұрыс қадам. Себебі маман дайындау тек оқумен бітпейді, оны тәжірибеде шыңдау керек. Тәлімгерлік жүйе арқылы біз білікті дәрігерлер қатарын көбейтеміз.

Жас мамандар ауылдық жерге барып, жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде еңбек ететін болса, үш миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Ал кардиолог, невропатолог, травматолог секілді ауылдық жерде аса қажеттілік байқалып отырған дәрігерлерге сегіз жарым миллион теңгеге дейін төлем төленеді. Бұл бастамаға жергілікті әкімдік пен мәслихат депутаттары да қолдау көрсетіп отыр.

— Ілкіде Ақтөбеге жасаған жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев: «Ақтөбе қаласы батыс өңірінде медицина саласы бойынша көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар», — деген-ді…

— Иә, еліміздің батыс өңірінде медицина саласы бойынша көшбасшы болуға аймақтың толық мүмкіндікі бар екені рас. Қазір іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ақтөбеде еліміздің батыс өңірінің санитарлық авиация орталығы ашылады. Бұл орталық жедел жәрдем станциясының базасында жұмыс істейді, ал ұшақ әуежайда тұрақтайды. Әзірге бір ұшақ алу жоспарланып отыр.  Оның көмегімен көршілес өңірлерден ауыр жағдайдағы науқастарды қабылдай аламыз. Бұл тек медициналық қызметтің тиімділігін арттырып қоймай, дәрігерлердің кәсіби деңгейін де көтереді. Сонымен бірге Ақтөбеден науқастарды Алматы мен Астанаға да шұғыл түрде жеткізуге мүмкіндік туады.

Соныменқатар трансплантология саласында да нақтыжоспарлар бар. Қазіргіуақыттатуыстықдонорлық трансплантация жүргізіледі, бірақ тым аз. Ендігі мақсат — мәйіт донорлығын дамыту. Бұл үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, халыққа ақпарат жеткізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан ұсыныстар да берілген. Бұл — қоғамда трансплантация мәселесіне қатысты түсінікті қалыптастыру үшін жасалып жатқан маңызды қадам.

Ақтөбемедицинасының тағы артықшылығы — медициналықуниверситеттіңболуы. БұлоқуорныныңтүлектеріБатысҚазақстанныңтүрліөңіріндееңбекетіпжүр. Сондықтантәжірибеалмасу, жауапкершілікжәнеаймақтықбайланыскүшейтіліпотыр.

Сонымен бірге жыл соңына дейін облыстық балалар ауруханасының базасында аймақтық кардиохирургия бөлімшесі ашылмақ. Бұл батыс өңіріндегі балаларға сапалы медициналық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік береді.

Болашақтағы тағы бір үлкен жобамыз Ядролық орталық ашу. Бұл орталық онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтап, ем нәтижесін бағалайтын орталық болады. Бұл жобаны біз Түркияның «Orhun Medical» компаниясымен бірге жасап жатырмыз. Егер жүзеге асса, тұрғындар Алматы мен Астанаға бармай-ақ Ақтөбеде толық тексеруден өте алады. Бұл әсіресе еліміздің батыс өңірі үшін өте маңызды.

— «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Жоба аясында қазіргі уақытта Қарғалы, Шалқар және Мұғалжар сынды үш ауданда ауданаралық аурухана салынып жатыр. Бұл ауруханалар заманауи құрал-жабдықтармен — компьютерлік томография, МРТ, ангиографиямен —қамтамасыз етіледі. Яғни тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ, ауданда сапалы медициналық көмек ала алады.

Сонымен қатарзаманауи телемедициналық кабинеттер ашылып, ауыл тұрғындары облыстық және республикалық клиникалардың дәрігерлерімен қашықтан кеңес ала алады. Жалпы алғанда ауылдық жерлерде медициналық қызметті дамыту бағытында жаңа нысандар ашылып, кадрлар тартылып, диагностика мен оңалту қызметтері кеңейтілуде, телемедицина мен шұғыл көмек жүйесі күшейтілді. Бұл жоспарлар халықтың денсаулығын нығайтып, ауылдық жердегі өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға бағытталған.

— Дәрігерге қаралу кезінде тұйық шеңбердің ішінде жүргендей боласың: алдымен учаскелік дәрігерге бару керек, ол маманға жібереді, кейін сараптама жасап, сол маманға қайта бару үшін алдыменжалпы тәжірибелік дәрігерге бару керек болады. Бұл жүйе тиімді ме, әлде өзгерту қажет пе?

— Тұрғындар тарапынан осындай мәселелер жиі айтылады. Оны шешу үшін бүгінде №3 емхананы пилоттық жоба ретінде таңдап, жалпы тәжірибелік дәрігерлердің деңгейін көтеруге тырысып жатырмыз. Жалпы тәжірибелік дәрігер пациенттердің 90 пайызының мәселесін өзі шеше алуы керек. Мысалы, қажет болса шағын оталар жасау, таңу жұмыстарын жүргізу сияқты процедураларды да өзі атқаруға тиіс.Осы жобаны жүзеге асыра алсақ, 2-3 жылдың ішінде емханалардағы жүктеме азайып, салалық дәрігерлер тек күрделі жағдайларға жұмылдырылады. Бұл медицина сапасын арттырады.

Сонымен бірге әр емханада шұғыл медициналық көмек бөлімін ашуды қолға алып жатырмыз. Егер жоба сәтті іске асса, онда біз бұл талапты жекеменшік емханаларға да қоямыз.

Жалпы, «Turar Healthcare»деп аталатын аналитикалық ұйыммен бірлесіп, облыстағы тұрғындар санының өсуі, емханаларға түсетін жүктеме сияқты критерийлерге байланысты облыстың денсаулық сақтау саласына қатысты сараптама жүргізіп, қажеттіліктерді анықтадық. Бұл ұйым — Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы министрлігі тарапынан мойындалған, сенімді серіктес. Олар қандай да бір шешім қабылдаса, министрлік соған сәйкес қаржыбөледі.Біз инфекциялық аурухана,онкологиялық орталық,екі жаңа емхана қажеттілігі туралы нақты айттық. Егер бұл ұсыныстар мақұлданса, құжаттарын дайындап, келесі жылы үлкен құрылыс жұмыстарын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Жалпы алғанда облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсету толыққанды қамтылған. Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласы бойынша Ақтөбе облысының даму жоспарына сәйкес біршама жұмыстар істеліп жатыр. Мәселен, ауыл тұрғындарын қолжетімді медициналық көмекпен қамту бойынша жыл соңына дейін 14 кешен пайдалануға берілмек. Одан бөлек сақтандыру статусы жоқ ауыл тұрғындарына жыл басынан бастап жылжымалы кешендер ақысыз түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала аурушаңдықтың алдын алу бойынша барлық емдеу мекемесінде скринингтен өткізу кабинеттері қарастырылған. Медицина инфрақұрылымын дамыту шеңберінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы жүргізіліп, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.Жалпы, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, аурушаңдықты төмендету және медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар үздіксіз жүргізіледі.

Медицина қызметкерлері күні қандай іс-шаралар өткізіледі?

— Төл мереке иелеріне құрмет көрсетеміз, үздік мамандарды марапаттаймыз. Жергілікті әкімдік пен мәслихат тарапынан үлкен қолдау бар. Медицина қызметкерлерінеүй, көлік, санитарлық машиналарсияқты әлеуметтік көмек мәселелері де қарастырылып жатыр.

Сұхбат арасында:

Ерлан Сұлтангереев Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып биыл қаңтар айында тағайындалған еді. Оған дейін Жедел медициналық жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінде дәрігер-хирург, дәрігер-ординатор, Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігердің хирургиялық қызмет жөніндегі орынбасары, балалар стационарының медициналық директорыжәне осы орталықтың бас дәрігері болып еңбек еткен. Медицина ғылымдарының докторы.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын емдеу ісі, Астана медицина университетін медицина мамандықтары бойынша тәмамдаған.

— 2004 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан бастап осы салада еңбек етіп келемін. Атам да, әкем де дәрігер болған. Атам Ұлықпан соғыс жылдарында фельдшер, кейін Ойыл ауданында бас дәрігер болып қызмет еткен.

Әкем Бақыт травматолог-дәрігер, медицина университетінде оқытушы, доцент болып еңбек етті. Анам Гүлзия акушер-гинеколог болып қызмет етті, өкінішке қарай, 2014 жылы жол апатынан қаза тапты. 

Туған ағам Асылан, інім Нұрлан да дәрігерлер.  Зайыбым Нұргүл — эндокринолог-терапевт. Ұлкен ұлым Олжас медицина университетінің екінші курсында білім алып жатыр. Біздің әулетте бірнеше ұрпақ осы салада еңбек еткен, әлі де еңбек етіп келеміз.

Дәрігер болу — менің саналы түрде таңдаған мамандығым, тағдырым, — дейді облыстың бас дәрігері.

Ерлан Сұлтангереев темір тапшылығы анемиясы және ішкі құрылыстың бұзылыстары тақырыбындакандидаттық диссертация, хирургиялық сепсис мәселесі бойынша докторлық диссертация жазды.

— Хирург ешқашан ең алғашқы жасаған операциясын ұмытпайды. Менің де алғашқы ота жасаған сәтім анық есімде. Әрине, ол кезде қорқыныш болды. Өзім үшін емес, отадан кейін науқаста асқыну болмаса екен деп уайымдадым. Алғашқы трансплантацияны 2014 жылы жасадық. Бүйрек ауыстыру отасы еді. Науқас жас адам болатын, ота сәтті өтті. Қазір ол пациент бізде бақылауда. Мейрам сайын құттықтап, хабарласып тұрады, —  дейді ол.

Тұрғындарды қабылдау кезінде облыстың бас дәрігері алдына келгендердің сұрағына жауап беріп, басы ауырып, балтыры сыздағандарды ақ халатын киіп, сол жерде қарап жібереді.

— Мен ең алдымен дәрігермін. Сондықтан науқасқа көмектесу — міндетім. Қажет жағдайларда ота жасап, дәрігерлік қызметімді атқара беремін. Жеке хабарласып, дертіне дауа іздеп, ақыл-кеңес сұрағандарға міндетті түрде жауап беруге тырысамын, — дейді дәрігер.

 Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button