АуылБасты жаңалықтар

Бірлігі бекем, тірлігі көркем Көптоғай

Жергілікті жұрт аузында Құрман аталатын Ойыл ауданындағы Көптоғай ауылдық округі кезінде мал шаруашылығымен аты дүркіреген ауыл болған. Бүгін де тұрғындар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда 56 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Округ тұрғындарының мал қорасында 32мыңға жуық қой бар. Кеңестік кезеңде 60 мыңнан астам аналық қой ұстаған округ сол межеге жайлап келе жатыр.Округ басшысы Ерлан Асылбаевтың айтуынша, мал басы жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе соңғы 5 жылда жылқы шаруашылығы қарқынды дамып, өсім айқын байқалып отыр екен. Бүгінде ауыл тұрғындарының ауласында 7000-нан астам жылқы, 8000 бас ірі қара және бар. Бұл аз көрсеткіш емес.

Төрт елді мекен —Көптоғай, Амангелді, Шұбарши және Қарасу ауылдарының басын қосатын Көптоғай ауылдық округінде бүгінде 1853 адам тұрады.

Уақыт көшімен алға жылжып, байырғы атакәсіпті дамытып отырған Көптоғай ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы округ басшысы Ерлан Асылбаевтан білген едік…

— Ауылдарымызда әлеуметтік нысандар тұрақты жұмыс істеп тұр. Барлық ауылда да мектеп бар: Құрман орта мектебінде — 160, Аманкелді орта мектебінде — 170 оқушы, Шұбарши негізгі мектебінде —54, Қарасу негізгі мектебінде 52 оқушы білім алып жатыр.Округте «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда екі топта 40 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл — ауылдағы мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз етудің айқын көрінісі.

Әр ауылда фельдшерлік-амбулаториялық пункттер (ФАП) бар. Сонымен қатар төрт ауылда да клуб пен кітапхана жұмыс істейді. Аталған әлеуметтік нысандардың барлығы күрделі жөндеуден өтіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуге толық мүмкіндік жасалған. Жылыту жүйесі электр энергиясымен қамтамасыз етілген,— дейді Ерлан Асылбаев.

Округ басшысының айтуынша, ауылдардың барлығы да инфрақұрылыммен қамтылған. Барлық елді мекенде әлеуметтік нысандар электр арқылы жылытылады. Ауылдардың барлығы да жүз пайыз жарықпен қамтамасыз етілген.

Тұрғындар таза ауызсуын тұтынып отыр, ауылдарғаорталықтандырылған су жүйесі тартылған. Қарасу ауылында ғана ауызсу мәселесі күрделі болып тұр.Е.Асылбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Қарасуға су құбырын тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Газдандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр Көптоғай мен Амангелді ауылдарына газ желісі тартылған, қазір тұрғындар газды өз үйлеріне қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шілде айында бұл жұмыстар толығымен аяқталса, ауыл тұрғындары от жағып, күл шығару бейнетінен құтылады. Одан кейін көгілдір отын Шұбарши мен Қарасуға да тартылмақ.

— Округтегі өзекті мәселелердің бірі —  жолдың жайы. Ауылішілік және ауылдар арасындағы жолдардың жағдайы нашар, көбіне екі арада қара жолмен қатынауға тура келеді.  Қыста дер кезінде қар аршып, барынша көлік қатынасын үзбеуге тырысамыз. Шұбарши мен Көптоғайдың арасында ғана көтерме жол бар, —  дейді Ерлан Асылбаев.

Басты мәселе — жол

Көптоғай ауылдық округінің орталығы Көптоғай ауылында149 түтін, 700-ден астам тұрғын бар. Ауыл халқы мал шаруашылығымен айналысады, басты табыс көзі — сиыр, қой, жылқыбағу. Сонымен бірге соңғы жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары да артып келеді екен. Тұрғындар аудан, облыс орталығына барып, май-қаймағын, құрт-ірімшігін, тары-талқанын, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізіп, қосымша табыс тауып отыр.

— Көптоғайдағы ауылішілік жолдардың тек 4 көшесіне ұзындығы 3 шақырым жолға асфальттөселіп, жарықшамдар орнатылды. Қалған жолдар — негізінен қара жол, кейбіріне қиыршықтас төселген. Бұл жолдармен көктем-күзгі мезгілдерде жүру қиындық тудырады.

Сонымен қатар Көптоғай мен Амангелді ауылы арасындағы 36 шақырым жолға әлі күнге дейін толыққанды асфальт төселген жоқ. Бұл бағытта 2 миллиард 350 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтті, қазіргі таңда республикалық деңгейде қаржыландыру күтіп отырмыз, — дейді Е.Асылбаев.

Ауылда тірлікке қажетті әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Өткен жылы Көптоғайда ауылдық әкімдіктіктің жаңа ғимараты салыныпты. 2023 жылы жалпы аумағы 1200 шаршы метр болатын амбулатория есігін ашты. Сонымен бірге ауылда саябақ, балалардың ойын, футбол алаңдары салынған.

Округтегі серпінді дамып келе жатқан Амангелді ауылы — болашағы бар тірек ауылдардың бірі. Қазір мұнда 105 түтін, 725 тұрғын бар. Ауылдың демографиялық ахуалы да жақсы:туу көрсеткіші тұрақты, жас отбасылардың саны артып келеді.

— Ауылдың ең үлкен артықшылығы —тұрғын үй қорының жаңаруы. Үйлердің сексен пайызға жуығы жаңадан салынған немесе заманауи еурожөндеуден өткен. Тұрғын үйлердің сыртқы әрлеуі де, ішкі жабдықталуы да қазіргі талаптарға сай: қабырғалары заманауи қаптама материалдарымен қапталған, шатырлары профлистпен жабылған, ішкі әрлеу жұмыстары толық жүргізілген. Аманкелді ауылы —жастар тұрақтап, өсіп-өніп жатқан, инфрақұрылымы жылдан-жылға жақсарып келе жатқан ауыл, — дейді әкім.

«Ауыл аманаты» ауыл тірлігіне серпін берді

Көптоғай ауылдық округі тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына да белсенді қатысып, жеке кәсіптерін дамытып отыр. 2023 жылы 26 жоба, ал 2024 жылы 24 жоба —  барлығы 50 жоба жүзеге асырылыпты.

— Ауыл тұрғындарына бағдарлама аясында жалпы 153 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетілді,  бұл ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлкен серпін берді. Аталған жобалар мал бордақылау, құс өсіру, ірі қара және жылқы шаруашылығы, ұсақ мал — ешкі мен саулық ұстау, бау-бақша шаруашылығы және ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу салалары бойынша іске асты.Әсіресе ауыл тұрғындары арасында ірі қара мен жылқы өсіруге деген қызығушылық ерекше. Кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» аясында мал алып, кәсібін жүргізіп отыр.Жылқы, сиыр малын бағуға, мал бордақылау кәсібін ашуға ниеттілер көп. Жақында «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өкілдері келіп, осы бағдарлама аясында мал бағып отырған кәсіпкерлердің жұмысымен танысты, малдың сырғалануын, таңбалануын қарап, барлығының талапқа сай екенін көрді, — дейді Ерлан Асылбаев.

Сенімге ие болған әкім

Ерлан Асылбаев — ауылдық округке тұрғындар өзі сайлап алған әкім. Екі рет сайланыпты. Халықтың сеніміне ие болып, таңдауына түскен жігіт ағасыкүндіз-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, ауылдың бар-жоғын түгендеп жүреді.

Аумағымен Ойыл өзенінің он екі тармағы ағып өтетін округтің табиғи жағдайының ерекшеліктері де көп тірлікті қажет етеді. Көктемгі су тасқыны кезеңінде төрт ауылға да қауіп төнуі мүмкін болғандықтан, дамбылар салынып, жыл сайын нығайту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп отырады екен. Бұл жұмыстардың барлығы да — әкім үшін үлкен сын әрі жауапкершілік.

— Көптоғай ауылдық округі бүгінде төртінші деңгейлі бюджетпен жұмыс істейді. Бұл — жергілікті өзін-өзі басқаруға берілген үлкен мүмкіндік. Жергілікті салықтар мен өзге де кірістер — көлік салығы, мүлік салығы және демеушілердің қаржылай қолдауы — тікелей округ қажетіне жұмсалып отыр. Жыл сайын көлік салығы мен басқа да көздерден түсетін кіріс көлемі шамамен 5,5—6 миллион теңге болады. Осы қаржыға ауылдың жоқ-жітігін түгендейміз. Ең алдымен округ үшін өзекті жол мәселесін ұдайы назарда ұстаймыз.  Әсіресе Қарасу ауылы Ойыл өзенінің арғы бетінде орналасқандықтан, көктемде өзен көтеріліп, су тасыған кезде елді мекенмен байланыс үзіліп қалады. Осы мәселені шешу үшін бейімделген өткел — көпір салу жоспарда бар. Бұл жұмыс демеушілердің көмегімен және округтің үнемделген қаржысы арқылы іске аспақ.

Қыс мезгілінде ауыл ішіндегі жолдарды қардан тазарту — күн тәртібінен түспейтін міндет. Осы мақсатта округте 892 МТЗ маркалы тракторымызды әзірлеп қоямыз.  Биыл аудан әкімдігі қолдауымен тағы бір жаңа МТЗ 892 техникасы алынды. Оған тіркеме (тележка) де сатып алынып жатыр. Бұл — коммуналдық қызметті тиімді жүргізуге арналған маңызды техника, — дейді Е.Асылбаев.

Сонымен бірге жергілікті қаржы есебінен округ бойынша ауылдарды көркейту, балалар мен жастар үшін әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы Көптоғай, Амангелді ауылдарында шағын ойын алаңдары салыныпты. Биыл бұл игі іс Қарасу және Шұбарши ауылдарында жалғасын тауып жатыр екен. Әр ойын алаңын салуға шамамен  7 миллион теңге шамасында қаражат жұмсалған.

— Сонымен қатар округтегі барлық төрт ауылда шағын футбол алаңдары салынып, спорттық құрылғылар орнатылды. Орталық ауылға воркаут алаңы салынды. Бұл спорттық нысандар округ жастары үшін салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетіні айқын, — дейді ол.

Округ Атырау облысымен шектеледі. Екі облыс орталығы арасындағы арақашықтық 35-45 шақырым. Ауылдық округтің аудан, облыс орталығынан шалғай орналасуының қиындығы да, артықшылығы да бар.

— Мәселен, көктемгі су тасқыны кезінде аудан орталығына баратын жол жабылып қалса, тұрғындар көршілес Атырау облысы арқылы қажетті тауарлар мен тұрмыстық өнімдерді жеткізе алады. Бұл — шекаралық аумақтың тиімді пайдаланылып отырған тұсы.Округке жақын орналасқан Сағыз стансасындағы теміржол қатынасының да пайдасы зор.

Қойы қоралас, ауылы аралас отырған көршілес ауылдар үшін тиімді келісімдердің бірі — шөп шабу мен жайылымдық жерді пайдалану жұмыстары. Округтің шаруа қожалықтары шабындық науқаны кезінде Атырау облысының жерлерін пайдалана отырып, мал азығын дайындауға қол жеткізіп отыр, — дейді округ әкімі.

Ерлан Асылбаевтың айтуынша, тұрғындардың қалаға көшуі бұрынғыдай емес, сәл бәсеңдеген. Дегенмен ауылға жас мамандар қажет. Мәселен, денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы сезіледі.

— Қазіргі таңда ауылдық амбулаторияда дәрігерлік қызметке бос орын бар. Жас дәрігерлерге ауылдық жерде жұмысқа келсе, мемлекет 3-8 миллион теңгенің аралығында қаржылай қолдау көрсетеді. Ауылға жас мамандар келсе, біз де көмегімізді аямас едік. Ауылға келіп, кәсіппен айналысамын деген жастарға ауыл шаруашылығы бағытында да  қолдаулар бар. Атап айтқанда, шаруа қожалықтары бастапқыда алдына мал салып беруге, қажет болса, үймен қамтамасыз етуге дайын. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 9,2 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға болады. Кепілі бар азаматтар бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз ісін бастай алады. Ауылда интернет байланысы да жақсы. Kcell, Beeline секілді операторлар қызмет көрсетеді. Байланыс сапасы тұрақты, — дейді Е.Асылбаев.

Көптоғай ауылдық округінің бүгінгі тірлігі осындай. Округтің басты байлығы — тұрғындары. Ерлан Асылбаевтың айтуынша, тұрғындар өте тату, ұйымшыл, ортақ іске келгенде ешкім ешкіммен санаспай, білек сыбана кіріседі. Оған өткен жылдардағы су тасқыны кезіндегі істерді дәлел етуге болады. Ал бірлігі бекем ауылдың тірлігі түзу болатыны айқын.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button