Мал баққанның мерейі үстем

Қоғам дамуының қай кезеңінде де ауыл шаруашылығының орны ерекше. Әсіресе, төрт түлікті бағу — ғасырлар бойы ата-бабамыздың күнкөріс көзі ғана емес, өмір салтына айналған қасиетті кәсіп. Сол кәсіптің иесі — малшы. Бүгінде сан түрлі жаңа мамандықтар пайда болып жатқан заманда малшы кәсібі өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл экономикасын дамытуда малшының еңбегі орасан. Осы ретте біз Хромтау ауданындағы «Данияр» шаруа қожалығының малын бағып жүрген аға шопан Жалғасбай Қаратаевпен әңгімелескен едік…
Мал бағу — маңдай тер мен төзімділікті талап ететін, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін кәсіп. Арнайы оқуы жоқ бұл істі бала күнінен бойына сіңіріп, өмірінің мәніне айналдырған жандардың бірі — малшы Жалғасбай Қаратаев.
Ол атакәсіп балаға жалғасқан шопандар отбасында дүниеге келген. Әкесі мен анасыкеңестік кезеңде қой шаруашылығына маманданған Балжанай фермасында қой баққан. Ал Жалғасбай бес-алты жасынан бастап қошақандарды қызықтап, қой соңына ере бастаған. Ол үшін қойды көру, қозыға емізікпен сүт беру, жайылымға шығу ойыннан да қызығырақ болыпты.
— Балалық шағым Қарабұтақтың №4 фермасы — Балжанайда өтті. Солауылдатуып-өстім. Әке-шешем мал бақты. Әкемозатшопанболды. Мен де мал бағуменкөзаштым. Әке-шешем қайтыс болған соң, аға-жеңгемнің қолында тұрдым. Олар да қой бақты. Соларға жәрдемші болдым. 1995 жылы үйлендім. Хромтау ауданына 1998 жылы қоныс аудардық. Ол кезде тек бір баламыз болды. Бала кішкентай болғандықтан, ойланбастан Абай ауылы маңындағы Шипырлы базға барып, біреудің малын бағуға келістік. Мал иесі бірнеше рет ауысты, бірақ біз сол қыстақта қой бағып тұра бердік. Тұңғышымыз мектепке барарда облыс орталығына көштік. Ақтөбеде қандай жұмыс табылды, соны істеп, отбасымды асырадым. Содан бұлай ұзақ жүре беруге болмайтынын түсіндім де, Хромтау ауданына қайтадан келдім. Көзіме де, өзіме де таныс, етене жақын жұмыс — мал бағу екенін ұқтым. Сөйтіп, 2020 жылы ақпан айында «Данияр» шаруа қожалығының басшысы Серік Оразымбетовке жұмыс іздеп, өзім бардым. Бұрын сыртынан ірі кәсіпкер деп еститінмін. Ол да малын баяғы біз тұрып кеткен Шипырлы базда бақтырады екен. Сол жердің жайын білетін мені жұмысқа бірден алды. Әуелі екі айдай жәрдемші болып жүрдімде, алдыма 500 қой салып берген соң, шопан болдым. Содан бері алты жыл өтіпті. Қара күзге дейін Оңғар ауылы аумағындағы Тас базды жайлау етеміз, күздің соңында Шипырлы баз қыстағына көшеміз. Жайлауға жақында келдік,— дейді Жалғасбай Қаратаев.
Ол өз кәсібін мақтанышпен атқарады. Қарапайым көрінгенімен, мал бағу — үлкен қажыр-қайратты, тәртіпті және табиғатты терең түсінуді қажет ететін жұмыс. Мәселен, жайлау мен қыстаудың ауысуы — оның тіршілігінің ажырамас бөлігі. Табиғатпен тіл табысып, малдың жайын қадағалап, ауа райына қарай көшіп-қонып отыру ата-бабадан жалғасқан көшпенді дәстүрдің жалғасы іспеттес. Жалғасбайдың бұл іске берілгендігі оның сөзінен ғана емес, күнделікті тірлігінен де анық аңғарылады. Біз хабарласқанда оның үнемі қолы босамады. Күнара қой құрттаса, маусым айының басында қырықтық басталады да, одан кейін қойларды көк дәріге түсіреді, әйтеуір, бір тыным тапқан күні болмайды.
— Бала кезімізде қырықтық кәдімгідей науқандық жұмыс болатын. Қайшы тәрізді арнайы қырықтық деген құралмен қойды бір-бірлеп қырқатын болғандықтан, ұзақ уақыт алатын еді. Қазір бұл жұмыс бір-ақ күнде атқарылады.Кеше Жамбыл облысы Тараздан он жігіт келді. Арнайы жүн қырқуға арналған электр аппараттары бар. Олар ертеңгі сағат он жарымда 960 қойды қырқуға кірісіп, кешкі сағат жеті жарымдарда аяқтады. Бұл жігіттер бізге осымен үшінші жыл қатарынан келіп кетті. Кәдімгідей кәсіп қылып жүр, таза еңбек. Одан кейін қырқылған қойларды арнайы орынға нацидол құйып, көк дәріге түсіріп алдық. Бұл дәрі қой қотыр болмауына көмектеседі. Осындай маусымдық жұмыстар болмаса, басқа уақытта қойдың соңында жүреміз, арасында тоғытып тұрамыз, — дейді аға шопан.
Дубайға жолдама
Аға шопан Жалғасбай Қаратаев өзінің жауапкершілігімен, тынымсыз еңбегімен қожалықтың сенімін ақтап, мал басын көбейтуге үлкен үлес қосып жүр. Әсіресе, көктемгі сақман науқаны кезінде күн-түн демей тер төгіп, қой төлдету жұмысын жоғары деңгейде атқарады. Биыл, мысалы, 960 қойдан 1040 қозы алған. Өзінің айтуынша, «Данияр» қожалығында жұмыс істеген алты жылдың төрт жылында қойдан қозыны артық алып отыр.
— Қазақы қой бағамын. Нақты айтсам, алдымда бір отар, яғни 960 қой бар. Соңғы жылдары қозыны артық алып жүрмін. Мысалы, биыл егіз туғандарды қоспағанда, 10 қой үшем туды. Қой бағу ең тынымсыз тірлік қой. Сенбі, жексенбі, мейрам деген менде болмайды. Жылдың он екі айы, тәуліктің 24 сағаты — бәрі тек малдың қамы.Мал аман болса — мен де аманмын, сол үшін де тыным таппай, қысы-жазы даланың төсінде жүремін. Осы тірлікті кәсіп еткен соң, оның ауырлығына да, жауапкершілігіне де үйренесің,— дейді аға шопан.
Мұндай нәтиже — малшының өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен тәжірибесінің жемісі. Еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Былтырғы қажырлы жұмысы үшін «Данияр» шаруа қожалығының басшысы Серік Оразымбетов аға шопан Жалғасбай мен жас шопан Мұратбекке бір апта шетелге демалып қайтуға жолдама ұсынған. Бұл шопандар үшін күтпеген құрмет болды.

— Отан алдындағы борышымды Өскемен қаласында өтедім. Содан басқа ауылдан ұзап шықпаған едім. Шекара асу, тіпті түсіме де кірмепті. Қожалық басшысы Серік аға: «Шетелге барып, демалып келіңдер, ел көріп, жер көріңдер!» дегенде, ұшаққа мінуге жүрексініп, алғашында барудан бас тарттым. Бірақ келіншегім мен балаларым, туыстарым мен достарым, тіпті көршілерім де мұндай мүмкіндік күнде бола бермейтінін айтып, ақыры көндірді. Сөйтіп, ұшаққа мініп, шетел асып, Дубайға барып келдім. Бұл мен үшін ұмытылмас сапар болды, — дейді Жалғасбай қуанышын жасыра алмай. Қарапайым шопан үшін әлемнің озық қалаларын көру тек демалыс емес, сонымен қатар еңбектің, адал істің өтеуіндей көрінеді.
Оңғардағы он үйдің бірі
Осы жылдың ақпан айында Хромтау ауданының 90 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдегі әлеуметтік бастамалармен танысып қайтқан болатын. Сол сапар барысында Дөң ауылдық округіне қарасты Оңғар ауылында бой көтерген қаз-қатар 10 жаңа үй көпшіліктің назарын аудартты. Бұл үйлерді «Данияр» шаруа қожалығының басшысы Серік Оразымбетов ауыл еңбеккерлеріне арнап өз қаражатына салып бергенін газетімізге сол кезде жазған едік.
Оңғардағы он үйдің біріне осы Қаратаевтар отбасы кіріп отыр. Осы уақытқа дейін қалаға барса, жалдамалы пәтер жалдап, ауылға келсе, қыстақ пен жайлаудағы үйді паналаған Жалғасбайдың отбасы баспананың қадірін шын түсінеді. Шын қуанған олар туысқандары мен достарын шақырып, қоныстойын да жасады. Шаңырақтың берекесін келтіретін әйел емес пе!? Жалғасбай жайлауда немесе қыстауда болғанда, келіншегі Бәдегүл үйінің сәнін кіргізіп, отының басына ие болып отырады.
— Ата-бабаларымыз «Қойда береке бар» деп бекер айтпаған. Мен «Ырыстың кілті — қой» дер едім. Себебі қой бағып, ырыс-несібемізді айырып отырмыз. Тұрмысымыз тәуір. Бұрын да еңбектің арқасында күнімізді көріп келдік. Дегенмен қазір басымызда баспанамыз, алдымызда малымыз бар, табысымыз тұрақты. Қожалық шопандарға жыл сайын соғым береді. Оған қоса ай сайын әлеуметтік азық-түлік пакеті бар. Оның ішіне 25 келі ұн, 10 келі қант, сұйық май, күріш, макарон, картоп пен пияз кіреді. Аға шопанның айлық жалақысы да тәуір, — дейді Бәдегүл.
Жалғасбай жалақысы ай сайын кешікпей түсетінін, 400 мың теңгеге жуық айлық алатынын жасырмады.
Қысы-жазы қойдың соңында жүрген шопандардың еңбегі бағаланып, ел ішінде абыройға ие болуы — ауыл шаруашылығына шын жанашырлықпен қарайтын азаматтардың арқасы. Мұндай игі бастамалар ауылдағы өмір сапасын арттырып қана қоймай, жастардың еңбекке деген ынтасын да оятады.
— Төрт баламыз бар. Үлкен ұлымыз Заманбек үйленді, қызымыз Аружан тұрмысқа шықты. Немере-жиен сүйіп отырмыз. Ал Әлиханымыз биыл 9-сыныпты бітірді. Біздің көмекшіміз — сол. Үйде болса — анасына, мал басында болса, маған көмектеседі. Кенжеміз Төрехан 2-сыныпты аяқтады. Балалардың бәрі де еңбектен қашпайды. Маңдай термен тапқан нанның тәтті болатынын жақсы біледі, — дейді Жалғасбай.
Ауыл — елдің алтын діңгегі. Ал сол ауылдың тірегі — еңбек адамдары. Жалғасбай секілді қарапайым малшылардың еңбегі мен табандылығы —бүгінде көпке үлгі. «Данияр» шаруа қожалығының жұмысшыларына жасап отырған әлеуметтік қолдауы — ауылды тұрақтандырудың әрі еңбек адамын қадірлеудің жарқын көрінісі. Жаңа баспана, тұрақты табыс пен жанашырлық — осының бәрі ауыл еңбеккерлерінің мерейін өсіріп, жастардың ауылға деген сенімін нығайтады.Осындай игі істер жалғасын тауып, ауыл еңбеккерлерінің еңбегі елене берсе, ауылдың да болашағы баянды болары сөзсіз.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



