Спорт

Жеңілістердің ақыры

Әлем чемпионаты-2026

Қазақстан-Солтүстік Македония — 0:1

Белорусь ұлттық құрамасымен өткен жолдастық кездесуде 1:4 есебімен ұтылған соң жерлестеріміздің Солтүстік Македониямен өтетін кезекті іріктеу ойынын тамашалауға ықыласымыз төмендеп кеткені рас еді.

Екі кездесудің арасындағы бірнеше күнде құрамамыз кенет өзгеріп кете қоймайтынын өзіміз де анық сезгенбіз

Оның үстіне соның алдында ғана болған Португалия мен Испания арасындағы финалдық тартысты көріп, «е-е, біздің жігіттерге бұлай ойнау қайда-а» деп аз-мұз қамығып алғанбыз. Бекер күдіктенбеппіз.

Тағы да жеңілдік.

Өз алаңымызда.

«Астана Аренаға» келген мыңдаған жанкүйерлердің көзінше.

Бұны жеңілістердің ақыры деуге болар.

2026 жылғы әлемдік футбол додасының шешуші кезеңіне бару туралы енді армандамайтынымыз да анық.

Бұл додаға өзбектер баратын болды, өз ағамыз, бізге сол да жұбаныш.

Рас, олар да бұл жолдамаға оңай қол жеткізген жоқ. Ұтты, ұтылды, әйтеуір, көз көрім жерде тұрған додадан қалмауға тырысты.

Ал біздің жігіттер тағы да ұтылды. 0:1 есебімен. Жауап ретінде ең болмаса бір гол да соға алмадық. Қақпаның маңдайшасына, діңгегіне тиіп кері қайтқан доптардан басқа ештеңеге жарамады біздің жігіттердің соққылары. Ғалымжан Кенжебек те, Максим Самородов та, Дастан Сатпаев та нысананы дәл көздей алмады.

Бас бапкер не десін. Дегенде де бізді жұбата ала ма? Әйтеуір Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерден жолы болмады. 2023 жылы Магомед Әдиевтің бапкерлігі кезінде бір маусым бойы әжептәуір ойнап едік. Маусым біткен бойда Магомед басқа командаға ауысты да кетті. Соған әзер шыдаған сияқты. Әлде Қазақстан құрамасының таяу арада оңбайтынын білді ме?

Мынау ұлттық құрама да, негізінен, сондағы жігіттерден құралған. Сонымен алаңға кімдер шықты дейсіз ғой.

ҚазақстанСолтүстік Македония 0:1

Гол авторы: Александр Трайковски, 33-минут (0:1).

Ескерту қағазын алғандар: Сергей Малый, 51-минут, Исламбек Қуат, 79-минут (Қазақстан), Виcар Муслиу, 64-минут, Стефан Деспотовски, 81-минут (Солтүстік Македония).

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Мұхамеджан Сейсен (қақпашы), Сұлтанбек Астанов, Марат Быстров (Алияр Мұхамед, 81-минут), Сергей Малый, Нұралы Әліп, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Асхат Тағыберген (капитан), Ғалымжан Кенжебек (Дастан Сатпаев, 59-минут), Ислам Чесноков (Александр Зуев, 81-минут), Максим Самородов.

Резервте болғандар: Александр Заруцкий, Бекхан Шайзада (қақпашылар), Еркін Тапалов, Әділбек Жұмаханов, Алмас Төлеубай, Наурызбек Жагоров, Дәурен Жұмат, Георгий Жуков, Муроджон Халматов.

Бас бапкер: Әли Әлиев.

9 маусым 2025 жыл. Астана қаласы, «Астана-Арена» стадионы.  27 964 адам.

*   *   *

Кездесуден соң Асхат Тағыберген ұлттық құрамадан кететінін мәлімдеді. Ол журналистің сұрағына орай Қазақстан әлем чемпионатына қашан қатыса алатындығы жөніндегі болжамын да айтты. «Үш-төрт жылдың көлемінде жігіттер бұл додаға да қатысып қалар», — деді.

Тым ертелетіп жіберген жоқ па деген ой келді көңілімізге.

Сонымен келер жылғы әлем чемпионаты біздерсіз өтетіні алдын ала белгілі болды. Демек, енді өз алаңдарымызға оралайық. Өз алаңдарымызға шығатын командалардың да өздеріне жеткілікті уайымдары бар. Ұлттық құрамамыздың шашбауын көтерумен жүрген екі аптада жігіттеріміз қандай нәтижеге жетті екен?

Алдағы сенбі, жексенбі күндері Премьер-лиганың жеті кездесуі өтуге тиіс. Енді осыны еске салғанды мақұл көріп отырмыз.

12-тур ойындары:

14 маусым, сенбі:

«ҚЫЗЫЛЖАР» — «АҚТӨБЕ»

«Атырау» — «Ұлытау»

«Жетісу» — «Қайрат»

«Тұран» — «Жеңіс»

15 маусым, жексенбі:

«Астана» — «Оқжетпес»

«Ордабасы» — «Елімай»

«Қайсар» — «Тобыл»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button