Құтқарушылар қуанған күн

Жұмыс сапары
Өңірге жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов облыс әкімі Асхат Шахаровпен бірге Қарғалы ауданына барып, Әлімбет ауылындағы жаңа өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылуына қатысты.
Іс-шара өртке қарсы қауіпсіздікті арттыруға және ауылдық жерлердегі төтенше жағдайларға дайындықты күшейтуге бағытталған «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасын іске асыру аясында өтті.
Асхат Шахаров өрт сөндіру бекетінің ашылуы облыстың бүкіл азаматтық қорғау жүйесі үшін маңызды екенін жеткізді.
—Әлімбетте жаңа өрт сөндіру бекетін ашу — азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы және қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтудағы маңызды қадам. Барлық қабылданған шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларға уақтылы ден қоюға бағытталған. Жаңа нысан заманауи талаптарға сәйкес салынды. Мұнда құтқарушылардың тиімді жұмыс істеуі мен кәсіби өсуі үшін қажетті бар жағдай жасалған. Техникалық жарақтандыруға ғана емес, қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға да ерекше көңіл бөлінеді, — деді өңір басшысы.
Шыңғыс Әрінов те шалғайдағы елді мекендерде азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту зор мәнге ие екенін айтты.
— Өрт сөндіру бекетін ашу — бұл жердегі адамдардың қауіпсіздігін арттыруға нақты үлес. Біз үшін елді мекеннің қашықтығына қарамастан, көмек тез келуі маңызды. Сондықтан әрбір тұрғын өзін қауіпсіз сезінуі үшін ауылдық бөлімшелер желісін дамытуды әлі де жалғастырамыз,— деп атап өтті министр.
Шыңғыс Әрінов «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы арқылы ауылдық елді мекендерді көбірек қамтып, төтенше жағдайға ден қою жүйесін күшейту қажеттігін жеткізді.
Жаңа өрт сөндіру бекеті заманауи стандарттарға сәйкестендірілген. Ғимарат байланыс құралдарымен, қажетті киім-кешекпен жабдықталған, тәулік бойы кезекшілік пен жеке құрамның жұмысы үшін қолайлы жағдай жасалған. Пост округтегі кез келген төтенше жағдайларға жедел ден қоюға сақадай-сай тұр.
Министр сондай-ақ жаңа өрт автоцистерналарының кілттерін табыс етті. Бұл бөлімшенің нәтижелі жұмысын және ауылдық жерлерде өрт сөндірудің тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Облыстағы жұмыс сапары аясында Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов облыс әкімі Асхат Шахаровпен бірге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесті. Іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өтті.
Кездесу барысында министр жергілікті құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 28 арнайы көлікті тапсырды. Берілген машиналардың қатарында әртүрлі модификациядағы өрт сөндіру автоцистерналары, мамандандырылған жабдықпен жарақтандырылған жоғары өтімді жол талғамайтын көліктер мен инженерлік автомобильдер бар. Бұл құтқарушылар жұмысының тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар аудандық бөлімшелердің 10 маманына қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды. Бұл — олардың халық қауіпсіздігін сақтаудағы көпжылдық әрі жанқиярлық қызметінің жемісі.
Шыңғыс Әрінов өз сөзінде құтқарушыларды техникалық жарақтандыру және әлеуметтік қолдауды нығайту министрлік жұмысындағы басым бағыттардың бірі екенін алға тартты.
— Қызметкерлер үшін жасалған жағдай, берілген жаңа техникалар бұл жүйені қолдау ғана емес, бұл — халыққа көмектің дер кезінде әрі сапалы көрсетілетініне кепілдік. Министрлік елдің кез келген жерінде құтқару қызметінің тиімді, мобильді және сенімді болуы үшін қызмет атқаруды жалғастырады, — деді Шыңғыс Әрінов.
Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірлік деңгейде құтқару бөлімшелерінің дайындығы мен жарақтандырылуын қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау жалғаса беретінін айтты.
—Адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан біз қандай шешім қабылдасақ та, бәрінің негізінде халқымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты болуға тиіс. Өңірге жергілікті бюджет есебінен лизингке алынған заманауи техника жеткізілді. Бұл — жай ғана жаңарту емес, әр тұрғынның қауіпсіздігіне нақты инвестиция. Қызметтік пәтерлерді тапсыру — біздің құтқарушыларымызға еңбектері үшін құрмет пен ризашылықтың белгісі. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасатын болады, — деді өңір басшысы.
Стела маңында арнайы техникалар мен жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Ашық экспозиция тұрғындарға заманауи азаматтық қорғаудың мүмкіндіктерін, бөлімшелерді техникалық жарақтандыру деңгейін көруге мүмкіндік берді.
Айта кету керек, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өңірге келген жұмыс сапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовпен бірге Мәртөк ауданындағы толықтай жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бекетіне барды.
Жаңартылған нысан азаматтық қорғау инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама негізінде іске асып отыр. Өрт сөндіру бекеті толық жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталған. Материалдық-техникалық базасы нығайтылып, құтқарушылардың төтенше жағдай кезінде жылдам қимылдап, сапалы әрі уақтылы қызмет көрсетуіне қажетті жағдай жасалды.
Министр аталған бөлімді аралап, жеке құраммен сөйлесті, бекетте жасалған жағдайдың деңгейін бағамдады.
Шыңғыс Әрінов жергілікті атқарушы органдардың балансына берілген 13 заманауи арнайы техниканың кілтін салтанатты түрде табыстады. Жаңа автоцистерналар мен арнайы көліктер төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін едәуір арттырып, Мәртөк ауданындағы өртке қарсы қорғанысты нығайтады.
Бұдан соңминистр бастаған топ құтқарушыларға берілген қызметтік үйлерді аралап көрді.
Д.АЙДАР.