«Таза Қазақстан»

Оқушылар көшеттерге күтім жасады

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Жасыл ел» жасағы сарбаздарына арналған жасыл желектерге күтім жасау бойынша практикалық шеберлік сабағы өтті. Бұл — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне ұйымдастырылған іс-шара.

Айналаны көгалдандыру, абаттандыру және қаланың жасыл аймақтарына күтім жасауда жастардың практикалық дағдыларын дамыту, олардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаға деген көзқарасын кеңейту және туған өлкенің экологиялық келбетін жақсарту ісіне белсенді қатысуын қамтамасыз етуге баса назар аударуды мақсат еткен іс-шара Ақтөбе орман шаруашылығының Елек орманшылығы аумағында ұйымдастырылды. Бұл күні шараға қатысушылар тәжірибелі мамандардан ағаштар мен бұталарды дұрыс қию, суару, зиянкестермен күресу және жас көшеттерге күтім жасау жөнінде кеңестер алды. Сондай-ақ«Жасыл ел» жасағы сарбаздарына урбанизация жағдайында биологиялық әртүрлілікті сақтау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың маңыздылығы туралы ақпарат берілді.

Ақтөбе облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі Қарғалы орманшылығының бөлім басшысы Аманбай Тәжімішевмұндай шеберлік сабағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өткізіліп жатқанын айтып: —Бұл «Жасыл ел» жасағы сарбаздары үшін маңызды тәжірибелік алаңға айналды. Біз жастарға тек теориялық білім беріп қана қоймай, жасыл желектерге күтім жасау аса маңызды әрі ұқыптылықты талап ететін еңбек екенін түсіндіруге тырыстық. Бұл жерде негізгі басымдық ағаштар мен бұталарды дұрыс кесу, суару, жас көшеттерге күтім жасау, зиянкестермен күресу сияқты тәжірибелік дағдыларға аударылды. Осындай шеберлік сағаттарынан алған білім жасыл аймақтарымызды сақтау мен дамыту үшін өте қажет. Әрбір өсімдіктің өзіндік мәні бар. Сондықтан мұндай практикалық іс-шаралар табиғатты аялауға және экологиялық жағдайды жақсартуға шын ниетпен үлес қосатын жаңа буынды тәрбиелеуге көмектеседі деп сенемін, — деді.

«Жасыл ел» облыстық штабы төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің айтуынша, бұл маңға көктемде оқушылардың қатысуымен егілген 210 түп жас көшетке «Жасыл ел» сарбаздары күтім жасайды.

— Бұл жерде қырық оқушы жас көшеттерге күтім жасап, суарып, баптау тәсілдерін үйреніп жатыр. Бұл — көктемде оқушылардың өз қолымен еккен көшеттер. Қазір оқушылардың еңбекке деген белсенділігі жоғары. Дәл қазіргі күні «Жасыл ел» жасағының қатарында 1200 бала еңбек етіп жатыр. Оның 400-і — аудандарда, қалғаны қалада жұмыс істейді, — деді А.Әзиев.

Шеберлік сағатында «Жасыл ел» жасағының командирі Абыл Кенжебекті жолықтырған едік.

Мұндай шеберлік сабағына қатысу — біз жалпы «Жасыл ел» сарбаздары, үшін таптырмас мүмкіндік. Біз орманшылардан, эколог мамандардан тек пайдалы білім мен жасыл желектерге күтім жасау дағдыларын алып қана қоймай, өз жұмысымыздың туған өлке экологиясы үшін қаншалықты маңызды екенін терең түсіндік.Мамандардан ағаштарды дұрыс кесу, суару, жас көшеттерге күтім жасау мен зиянкестерден қорғау әдістері туралы білу өте қызықты болды. Бұл білім алдағы жұмысымызда міндетті түрде қажет болады, өйткені жасыл аймақтарды сақтау мен дамыту — бір реттік шара емес, тұрақты еңбек.«Таза Қазақстан» сияқты жобаларға жастар жыл сайынкөбірек қатысады деген үміттемін. Себебі біз бірлесе отырып, өңірімізді таза, жасыл әрі өмір сүруге жайлы ете аламыз, — деді ол.

Практикалық шеберлік сабағының қорытындысы бойынша жасыл желектерге күтім жасауға ерекше белсенділік пен қызығушылық танытқан үздік қатысушылар атап өтілді.

Шараға қатысушылар алған тәжірибелері алдағы экологиялық жобаларға қатысуға шабыт беретініне сенім білдіріп, осындай практикалық сабақтарды дәстүрлі түрде өткізу қажет екенін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button