Басты жаңалықтарЖеңіс

Өшпес ерліктің мерекесі

Әлия Молдағұлова — асқақ рух пен өшпес ерліктің символы. Отан үшін кеудесін оққа тосқан Батыр 18 жасында көз жұмды, бірақ оның есімі мен ерлігі ұлтына мәңгі мұра болып қалды. Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар — сол өршіл рух пен ерен ерліктің, намыс пен қаһармандықтың, отансүйгіштік пен патриотизмнің бірегей үлгісін насихаттаудың өзі болмақ.  

Батырдың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар облыста жыл басынан ұйымдастырыла басталды. Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде  жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи технологиямен жабдықталды. Батырдың туған ауылындағы Мәдениет үйі мен патриоттық тәрбие орталығы да күрделі жөндеуден өтті. Әлияның өмірі мен ерлігін насихаттайтын туындылар сахналанып, «Әлия — қаһармандық дастаны» атты көшпелі экскурсиялар, мергендер сайысы, марафондар, кездесулер, түрлі байқаулар, жалпы алғанда тарихи жадыны сақтауға және өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіліп жатыр.

12-13 маусым күні облысымызда өтетін «Әлия — қаһармандық дастаны» атты іс-шаралар туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қобда ауданы әкімдігінен сұрап білген едік…

Ақтөбе батыр қызын ардақтайды

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, 12-13 маусым күндері өткізілетін мерейтойлық іс-шаралар, негізінен, мәдени, патриоттық, тарихи және спорттық сипатта өтеді. Ақтөбе қаласында өтетін іс-шаралар Әлия Молдағұлованың мемориалды ескерткіш-кешеніне гүл шоқтарын қоюмен басталмақ. Бұдан кейін Өнер орталығында ерлік пен отансүйгіштікті дәріптейтін «Ғасырларға жалғасқан ерлік» атты форум өтеді.

— Қонақтар мен қатысушылар батырға арналған облыстық мемориалды музей мен тарихи-өлкетану музейін аралап, тағылымды экскурсияларға қатысады. Мерекелік күннің түйіні ретінде Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Әлия Молдағұлованың өмір жолын арқау еткен «Әлия» мюзиклі сахналанады.

Өнер орталығы ғимаратында өтетін «Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумына Ресейдің  Санкт-Петербург, Ярославль, Псков облыстарынан Әлия білім алған оқу орындары мен ерлікпен қаза тапқан жерден, еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келеді, оның ішінде Әлия Молдағұлова туыстары, Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева,  Ақтөбеден шыққан белгілі тұлғалар мен «Әлия» туралы шығармалардың авторлары және республика бойынша Әлия атындағы мектеп, музейлердің өкілдері келеді деп күтіп отырмыз.   Облысымыздың әскери бөлімдері мен оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер, еліміздің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері,  Әлия туралы туындылардың авторлары, тұлғалық музей қызметкерлері, Әлия есімді тұрғындар, еңбек ерлері мен ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мүшелері қатысады. Одан әрі мерейтойлық іс-шаралар батырдың кіндік қаны тамған Қобда ауданында жалғасады,  дейді ол.

7 сәуір мен 31 мамыр аралығында батырдың 100 жылдығына орай суретшілер арасында «Әлия Молдағұловаға 100 жыл» және мүсіншілер арасында «Ұмытылмас бейне» атты республикалық онлайн кескіндеме симпозиумы өткен болатын. Бұл симпозиумда кескіндеме бойынша 40 суретшіден өтінім түсіп, эскиз бойынша 15 суретші іріктеуден өткен. Ал мүсін өнері бойынша 9 мүсіншіден өтінім қабылданған.

— Республикалық симпозиум көркем туындыларының қорытынды көрмесі 12 маусым күні Өнер орталығында ұйымдастырылғалы отыр. Одан соң туындылар Өнер музейінде көпшілік назарына ұсынылады. Көрмеге қойылатын барлық жұмыс — Әлия Молдағұлованың ерлігін бейнелейтін көркем туындылар. Барлық шығарма облыстық өнер музейінің қорына қабылданады, — дейді А.Юнисова.

Облыс әкімінің мерейтойға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, былтыр өңірдегі «Әлия» есімімен аталатын бірқатар мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде  жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозиция қайта жасақталды. Экспозиция жаңа технологиялармен жабдықталды. Оның ішінде VR (виар) көзілдірікті мультимедиялық технология, цифрлық сторителлинг, 3D-mapping, жасанды интелект арқылы жасалған голограмма, «3D анимация» голографиясындағы Әлия бейнесі виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск енгізілді. Қобда аудандық «Әлия» мәдениет клубына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты.

— Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында премьерасы өткен «Әлия» мюзиклі — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай арнайы сахналанған ерекше қойылым. Бұл туынды батыр қыздың балалық шағынан бастап, майдандағы қаһармандығына дейінгі өмір жолын көркемдік және музыкалық тәсілдер арқылы терең әрі әсерлі жеткізді. Соғыс сахналарының хореографиясы, музыкалық сүйемелдеуі, актерлердің шынайы ойыны көрерменді бейжай қалдырмады. Әсіресе жастар үшін бұл қойылым тәрбиелік мәні зор, патриоттық рухты оятатын шынайы өнер туындысы болды, — дейді А.Юнисова.

Басқарма басшысының айтуынша, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығына орай батыр қыздың өмірі мен ерлігін терең зерделеу мақсатында «Әлия Молдағұлова. Өшпес ерлік» атты кітап жарыққа шықпақ.

— Бұл кітап барынша жүйеленген, энциклопедиялық сипаттағы тұңғыш басылым болмақ. Кітап мемлекеттік және орыс тілдерінде басылған. Материалдың барлық бөлігінде QR- кодтары орналастырылады. Бұл кітаптың бұрын жарық көрген кітаптардан ерекшелігі —  батыр қыздың өмірбаянына қатысты бұрын жарияланбаған материалдар қамтылған, олар музейдің ғылыми қорындағы Сапура Молдағұлованың естеліктерінен алынған. Сондай-ақ майданнан келген барлық қолжазба хаттар мен кейіпкердің өмірінен белгілі фактілер енгізілген. Кітапқа материалдар жинау барысында авторлар Ресей Федерациясының мұрағаттарында алдын ала іздеу-барлау жұмыстарын жүргізді. Бұл батыр туралы осы уақытқа дейін оның өмірі мен ерлігі туралы толыққанды, жүйеленген және көлемді жарияланымдарға негізделген энциклопедиялық кітап болмақ, — дейді ол.

Әлияның 100 жылдығына арналған мерейтойға батыр қыздың туыстары, қоғам қайраткерлері келеді. Сондай-ақ «Әлия — ғұмыр» атты гала-концертке Қазақстанның эстрада жұлдыздары қатысады. Олардың қатарында Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері  Қанат-Светлана Айтбаевтар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артистері Мирас-Құралай Бекжановтар, кино және театр актері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты  Асылхан Төлепов, жас әнші  Рахман Сатиев, опера әншісі Әлихан Зейнолла, мәдениет саласының үздігі  Жадыра Арыстанова,  танымал эстрада әншісі  Садраддин Болат пен әнші  Еркебұлан Құмаровтар бар.

Қобдада 80 киіз үй тігіледі

Батырдың туған жері — Қобда ауданы тұрғындары да тойға дайындыққа өткен жылдан бастап кірісіп кетті. 13 маусым күні қобдалықтар батырдың 100 жылдығын киіз үй тігіп, ат шаптырып, кең көлемде атап өтпек.  Қобда ауданы әкімінің орынбасары Арман Қабыловтың айтуынша, мерекелік бағдарламаның алғашқы бөлігі батырдың туған жері — Бұлақ ауылында басталады. Мұнда зиялы қауым өкілдері мен қадірлі қонақтар Әлияның рухына тағзым етіп, батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Бұдан соң Әлияның музей-үйіне экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар Қобда ауданы орталығына жол тартады.

— Аудан орталығы маңында Самара-Шымкент тасжолының бойында, Орал бағытына қарай бір шақырым жерде он екі аудан 80 киіз үй тігіп, этноауыл жасақталады. Негізгі мерекелік іс-шаралар осы жерде өтеді. Тойға келетін қонақтарымызды ұлттық дәстүрмен қарсы аламыз. Келушілер Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанова секілді батыр апаларымызға арналған тақырыптық көрмелерді тамашалай алады. Сонымен қатар сауда-саттық орындары мен қолданбалы өнер көрмелері де ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарламаның маңызын айшықтай түсетін театрландырылған көрініске  облыстық шығармашылық ұжымдар, аудан мектептерінің оқушылары және жергілікті тұрғындар — барлығы 500-ге жуық адам қатысады, — дейді Арман Қабылов.

Мереке аясында ауданда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар да өтпек. Бәйге үш түрлі қашықтық бойынша ұйымдастырылса, қазақ күресі екі салмақ дәрежесі (80 келіге дейін және 80 келіден жоғары) бойынша өтеді. Жүлдеге қомақты сыйлықтар тігіледі.

— Мерейтой қарсаңында Әлия және Бұлақ ауылдарының инфрақұрылымы жаңартылып, бірқатар ілкімді істер атқарылды. Бұлақ ауылына баратын жол бойындағы және ауыл кіреберісіндегі екі стела жаңартылды. Ауыл ішінде қосымша көше шамдары орнатылып, бұрын шешілмей келген маңызды мәселе — ұялы байланыс желісі (Activ операторы) тартылды. Сонымен қатар спорт және балалар алаңдары салынды.

Әлия ауылының кіреберісіндегі стела да толық жаңғыртылды. Әлияның кіреберісіне осы ауылдан шыққан кәсіпкер Мұхтар Әбілхайыровтың демеушілігімен арка орнатылды. Мұндағы Мәдениет үйі мен облыстық Әлия патриоттық орталығы күрделі жөндеуден өтті. Қазір орталықтың экспозицияларын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар Әлия ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Екі ауылдағы ескерткіштердің айналасын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары толық аяқталды, — дейді Арман Қабылов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button