Басты жаңалықтар

Киберқылмыс: интернеттегі алаяқтармен күрес

Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуы қоғам өмірін едәуір жеңілдетіп, көптеген мүмкіндікке жол ашқаны рас. Алайда осы игіліктермен қатар, жаңа қауіп-қатерлер де туындап отыр. Оның бірі — интернет-алаяқтық. Қазіргі таңда жасанды интеллект пен әлеуметтік инженерияны шебер пайдаланатын кибералаяқтардың саны артқан сайын олардың тұзағына түсетіндер де көбейіп келеді. Бұл — қазір ең өзекті және күн сайын түрленіп, күрделеніп жатқан қылмыс түрі.
Адам психологиясын жақсы меңгерген алаяқтар тұрғындардың жеке деректерін және ақшалай қаражатын оңай иемденіп жүр. Әлеуметтік желіде жалған хабарландырулар, банктік қосымшалар арқылы алдау, «жеңіл несие» немесе «жұмысқа тұрғызамын» деген желеумен адамдарды тақырға отырғызатын жағдайлар жиі кездеседі.
Осы ретте интернет-алаяқтықпен күрес және оны болдырмау жолында құқық қорғау органдары қандай шаралар қабылдап жатыр? Қылмыстың жаңа түрлері қандай және тұрғындар одан қалай сақтана алады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында біз облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Махамбет Садықовқа бірнеше сұрақ қойдық.

— Облыста киберқылмысқа қарсы күрестің қазіргі жағдайы қандай? Соңғы уақытта қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
— Соңғы жылдары интернет-алаяқтық фактілері айтарлықтай көбейіп отыр. Дегенмен құқық қорғау органдары бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Облысымызда арнайы киберқылмысқа қарсы бөлімше қызмет атқарады. 2025 жылы 400-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, олардың 20 пайыздан астамы ашылды.
— Негізі, интернет-алаяқтыққа қатысы барлар ұсталмайды дейді ғой. Қаншалықты рас?
— Иә, бұл пікір көп айтылады. Алайда шын мәнінде біз алаяқтарды табу үшін барлық ресурстарымызды қолданып отырмыз. Қиындығы — олар көбіне басқа елдерден әрекет етеді, VPN және жалған аккаунттар қолданады. Дегенмен қазіргі технологиялар, банк жүйелерімен бірлескен жұмыс және халықаралық серіктестік арқасында біз олардың ізіне түсе аламыз. Мәселен, қазіргі таңда 40-қа жуық күдікті анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
— Киберқылмысқа қарсы күреске қатысты құқық қорғау органдары мен халықаралық ұйымдар арасында қандай ынтымақтастық бар? Бұл қадам тиімді ме?
— Әрине, халықаралық ынтымақтастық өте маңызды. Бүгінде біз INTERPOL сияқты халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ көршілес мемлекеттердің киберқылмысқа қарсы бөлімшелерімен тығыз байланыстамыз. Сондай-ақ елімізде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі арасындағы ақпарат алмасу жүйесі жолға қойылған. Осындай шаралар нақты нәтижелер беріп отыр.
— Интернеттегі алаяқтықтың ең көп таралған түрлері қандай? Соңғы бір-екі жылда жаңа түрлері пайда болды ма?
— Алаяқтар халықтың психологиясын жақсы зерттеп, үнемі әдістерін жаңартып отыратынын да ескерген жөн. Алдау-арбау тәсілдерінің ең кең таралған түрлері — банк қызметкері болып хабарласу, фишингтік сілтемелер арқылы жеке деректерді ұрлау және онлайн сауда алаңдары арқылы алдау. Соңғы уақытта deepfake технологиялары мен жалған инвестициялық жобалар арқылы алдау оқиғалары көбейді.
Интернет-алаяқтар әсіресе халық жиі қолданатын платформаларды — әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, электронды поштаны және банктік қосымшаларды белсенді пайдаланады. Алғашқысы —Instagram, Facebook, TikTok, WhatsApp, Telegram секілді әлеуметтік желілер. Алаяқтар жалған парақшалар ашып, белгілі бір брендтің атынан ұтыс ойындарын жариялайды немесе «жеңіл табыс», «жоғалған құжат» деген желеумен хабарлама таратады. Мысалы, Instagram-да «Kaspi бонус» немесе «Kaz auto prom» деген сілтемелер таратылады, азаматтардан банк картасының деректерін сұрайды.
Екіншісі — фишинг сілтемелері. Негізі, тұрғындардың дені фишинг сілтеме дегеннің не екенінен бейхабар. Фишинг дегеніміз — жалған сайттар. Яғни алаяқтар ресми ресурстарға визуалды түрде ұқсатып, жалған сайттар жасап, деректерді ұрлайды. Олар белгілі бір банктің немесе қызметтің атымен сайт жасап, оған ұқсас сілтеме жібереді. Азаматтар оны шын деп ойлап, ЖСН, карта деректері немесе бір реттік SMS-кодты енгізіп қояды. Мысалы, kazpost.com сияқты фишингтік сайттар шын сайтқа ұқсайды, бірақ бұл алаяқтарға тиесілі.
Үшіншісі — банктік қосымшалар. Алаяқтар мобильді банкинг арқылы ақша аударуды талап етеді. Кейде олар азаматтарды алдап, өз еркімен шоттағы ақшаны үшінші тарапқа аударуға мәжбүрлейді.
Төртіншісі — онлайн сауда платформалары. Яғни маркетплейс қолданушылары алаяқтардың тұзағына жиі түседі. Бесіншісі — инвестиция платформалары. Мұнда кибералаяқтар инвестиция ұсынғандай көрініп, адамдарды жалған сайттарға ақша салуға үгіттейді, бірақ ақшаны алу әрекеті кезінде олар жоғалып кетеді. Олар интернетте танымал тұлғалардың дипфейк технологиясымен жасалған жасанды видеолары арқылы қызықтыратындай инвестициялық жарнамалар таратады. Сондықтан осындайларға сенбеу үшін барлық ұсынысты мұқият тексеріп алған жөн.
— Әлеуметтік желілер, банктік қосымшалар, фишинг сілтемелері туралы нақты мысал келтіре аласыз ба?
— Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында 1995 жылы туған бір жігіт ұсталды. Ол Instagram әлеуметтік желісінде парақша ашып, «Kaspi жұма» кезінде жеңілдікпен несие алып беремін деп адамдарды алдаған. Бүгінгі таңда 10 эпизодпен қылмыстары дәлелденіп жатыр, ол қамауда отыр және ісі сотқа жолданды.
— Қазіргі кезде интернеттегі алаяқтар көбіне қандай адамдарды немесе топтарды нысанаға алады? Оларды қалай тануға болады?
— Алаяқтар көбіне егде жастағы адамдарды, онлайн саудамен жиі айналысатын жастарды және әлеуметтік желі қолданушыларын нысанаға алады. Олар адамдарды көбіне шұғыл шешім қабылдауға итермелейді: «қазір», «жедел», «ақшаны аудар» деген сөздер — алаяқтықтың белгісі. Бейтаныс нөмірден келген қоңыраулар, күмәнді сілтемелер немесе бейтаныс шотқа ақша аудару секілді жайттардың бәрі— қауіптің белгісі.
— Олардан қорғану үшін не істеу керек?
— Ең алдымен, цифрлық сауаттылықты арттыру қажет. Әр азамат өзінің жеке деректерін қорғауды, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтануды үйренуі керек. Банк қосымшаларында қосымша қауіпсіздік шараларын — SMS растау, Face ID, PIN код қосу керек. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға интернеттің қаупі туралы түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет.
— Қандай жағдайда азаматтар интернет-алаяқтықтың құрбаны болғанын анықтап, құқық қорғау органдарына хабарласа алады? Алаяқтардан қорғаудың қандай алдын алу әдістерін ұсынар едіңіз?
— Егер сіз бейтаныс адамға ақша аударып қойсаңыз, жеке деректеріңізді, яғни ЖСН, карта нөмірі, CVV код берген болсаңыз немесе банк шотыңыздан рұқсатсыз ақша шешілсе, бірден полицияға немесе 102 нөміріне хабарласуыңыз қажет. Сондай-ақ Egov және банк қосымшалары арқылы арыз қалдыруға болады. Алдын алу үшін ешқашан бейтаныс адаммен қаражатыңызға қатысты ақпаратты немесе жеке деректеріңізді бөліспеңіз, шұғыл шешім қабылдауға асықпаңыз және тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіз.Күрделі құпия сөздерді қолданып, екі факторлы аутентификацияны пайдалануға кеңес береміз. Осындай қарапайым сақтық шаралары кибер шабуылдан қорғануға көмектеседі.

P.S.Құқық қорғау органдарының жүргізген күресі мен халықаралық ынтымақтастығы нәтижесінде бірқатар алаяқтық анықталып, қылмысқа жауаптылар заң алдында тиісті жазаларын алып жатыр. Алайда интернет-алаяқтықтың жаңа түрлерінің пайда болуы мен олардың күрделенуі құқық қорғау органдарының жұмысын одан әрі қиындатып отыр. Әсіресе алаяқтар түрлі әдістер мен платформаларды пайдалана отырып, халықты алдайды, оның ішінде әлеуметтік желілер мен фишинг сілтемелері сияқты тәсілдер өте көп тараған. Сондықтан азаматтар өздерінің жеке деректерін қорғау, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтану және интернетте қауіпсіздік шараларын қолдану жөнінде цифрлық сауаттылығын арттыруға тиіс. Құқық қорғау органдары мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастық, сондай-ақ жаңа технологиялардың мүмкіндіктері арқасында интернет-алаяқтармен күрес үздіксіз жалғаса бермек. Бірақ бұл жұмыстың нәтижелі болуы тек заң қорғаушылардың ғана емес, әрбір азаматтың да жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан тұрғындар тек өз қауіпсіздігін ғана емес, қоғамның қауіпсіздігін де ойлап, сақтық шараларын қабылдауы қажет. Сақтықта қорлық жоқ.

Сұхбаттасқан Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button