Тазалықшы Зергүл

Зергүл Қисанова Қобда аудандық ауруханасында шаруашылық бикесі болып қызмет атқарады. Қарапайым ғана атауы бар бұл мамандықтың ар жағында үлкен жауапкершілік пен адал еңбек жатыр.
Зергүл Ғалымқызының айтуынша, аурухана — адамның түрлі көңіл күйде келетін жері. Біреу жақынына алаңдап жүгіріп келеді, біреудің қабағынан қайғы байқалады, енді бірі үмітпен кіреді.
—Аудандық ауруханаға 1993 жылы жұмысқа орналастым. Ол кезде бас дәрігеріміз Тынымбай Шәріпов болатын. Жұмысқа бірден қабылдады. Содан бері осы ұжымда еңбек етіп келемін. Қазір шаруашылық бикесі, яғни аға тазалықшы қызметін атқарамын. Қарамағымда оннан астам тазалықшы бар. Әрқайсысы өз учаскесіне жауапты. Біздің міндет — ауруханада мінсіз тазалық орнату.
Дәлізде сапырылысқан адамдардың арасынан бірінің үмітін, бірінің уайымын, бірінің шарасыздығын байқайсың. Мұндай сәттерде көңіліміз түсіп кететін кездер де болады. Әсіресе күнде көріп жүрген науқастардың жағдайы қиындап кетсе, іштей уайымдаймыз. Енді бірі емделіп, үйіне қайтып бара жатады. Ондай сәтте оның қуанышына біз де іштей қуанып қаламыз. Жалпы, біздің жұмысымыз — өзгелердің амандығына үлес қосу, — дейді ол.
Тазалық — емнің жартысы. Зергүл апай — бұл сөзді тек ауызбен емес, іспен дәлелдеп жүрген жан.
— Жарқырап тазаланған бөлмені көрсең, ішің біртүрлі жай тауып, тыныштық орнағандай болады. Бір бөлмені мұнтаздай етіп жуып шыққанда ерекше риза боласың. Бұл —тек сыртқы тәртіп емес, ішкі тазалықтың да белгісі. Адал еңбек әрқашан қадірлі. Тазалық пен медицина — егіз ұғым. Дәрігердің емін толықтырып, аурудың алдын алатын негізгі шарт — санитарлық тәртіп. Таза орта науқасқа жайлылық, дәрігерге сенімділік береді. Ал тазалық сақталған жерде емнің нәтижесі де жоғары болады. Себебі таза орта — науқастың тез сауығып кетуіне әсер ететін маңызды фактор, — деді З.Ғалымқызы.
Зергүл апай үшін тазалық — жай ғана міндет емес, үлкен жауапкершілік. Әсіресе COVID-19 кезінде бұл жауапкершіліктің салмағы бұрынғыдан да артқан.
— Пандемия кезінде жұмыс істеу өте қиын болды. Қорғаныш киімдерін киіп, шешудің өзі— бір бөлек машақат. Қолқаны қабатын иіс пен ауыр тыныс арасында жүріп, тазалықты қамтамасыз етуге тырыстық. Бұл да майдан. Біз үнсіз майданда жұмыс істедік. Қорқыныш та болды, бірақ біз қиындықтарды жеңдік, — дейді ол.
Зергүл Ғалымқызы — бүгінде ұжымда құрметке ие, тәжірибесімен бөлісетін аға буын өкілі. Ол күн сайын үнсіз еңбек етіп, қоғамға үлгі көрсетіп келеді. Осындай еңбек адамдары — ел тірегі. Аты дардай болмағанымен, атқарған ісі зор.
— Ауруханадағы тазалықшының рөлі кейде сырт көзге көрінбесе де, науқастар бізді жақын тартады. Олар бізбен әңгімелесіп, сырын ашып, ішкі уайымымен бөлісіп жатады, — дейдіол.
Шынында да, емделіп шыққан адамның айтатын бірінші сөзі — «Дәрігері жақсы екен» немесе «тазалықшылары жақсы екен». Бұл — еңбекке берілген әділ баға.
Бұл орайда кейіпкеріміздің 30 жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ.Ол 2023 жылы салалық кәсіподақ ұйымының арнайы төсбелгісімен марапатталды.
Айдана АЛТЫБАЕВА.



