Кашевалдың костюмдері

Тігіншілік — ұқыптылық пен талғампаздықты, жауапкершілік пен шыдамдылықты қажет ететін мамандық. Бұл салада ұзақ жылдан бері табанды еңбек етіп жүрген Кашевал Сарбас — өз ісіне шын берілген еңбекқор жанның бірі. Театр киімдерінің әр тігісінде оның қолтаңбасы бар. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың сахналық костюмдерін әзірлеп қана қоймай, отбасында да балаларына еңбекке жақын болуды, киімге ұқыппен қарауды, тұрмыстағы қарапайым машықтарды үйретіп келеді. Күнделікті көзге көп түсе бермейтін, бірақ қадірі жоғары осы мамандық иесінің өмірлік ұстанымы — жастарға үлгі, еңбекке құрметтің айқын көрінісі.
Театр —бүкіл шығармашылық ұжымның еңбегімен жасалатын өнер ордасы. Кашевал апай сол ұжымның ұйытқысы, өнер мен еңбек тоғысқан шеберхананың «жүрегі» десе де болады. Сахнадағы әр образдың, әр кейіпкердің бейнесін толықтырып тұратын көркем киімдер — оның қолынан шыққан туындылар. Ол —ине мен жіпті меңгерген тігінші ғана емес, костюм арқылы кейіпкердің мінезі мен тарихын «тігетін» шебер суреткер.
1958 жылы Моңғолиядағы Баян-Өлгей қаласында дүниеге келген ол 1992 жылы отбасымен бірге тарихи отаны —Қазақстанға қоныс аударып, Темір ауданына көшіп келеді.Сегіз жыл бойы ауыл мектебінде көркемеңбек сабағынан ұстаздық етіп, ісмерлігімен танылған соң, ауылдастары оған тапсырыс бере бастайды. Кейін 2001 жылы балаларының болашағы үшін Ақтөбеге көшіп келіп, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың тігін цехына жұмысқа орналасады.
— Жалпы, 1979 жылдан бері тігіншілікпен айналысып келемін. Бұл өнерге деген сүйіспеншілік анамнан дарыған. Арғы нағашыларым да өте шебер, қолөнершілер болған. Ең алғаш рет жетінші сынып оқып жүргенімде туысқанымның тойына киіп бару үшін көк матадан жейде мен шалбар тігіпалғанмын. Оны маған ешкім үйреткен жоқ, өз бетімше көріп, үйрендім. Сол күннен бастап тігіншілік менің өмірлік серігіме айналды, — дейді ол.
Театрда әр қойылымға арнап суретшілер ұсынған эскиздерге сәйкес актерлердің рөлдеріне сай ұлттық киімдер мен заманауи үлгідегі сахналық киімдерді пішіп тігеді.
— Сахналық киімді тігу — сахнаның бір бөлшегін жасау деген сөз. Костюм — актердің бейнесін ашатын басты құрал. Бір қойылым үшін кейде 30-40 киімге дейін тігеміз. Бір актердің өзінде кемінде 5 түрлі киім болады. Бұған шамамен бір айға жуық уақыт кетеді. Ал үлкен қойылымдарда дайындық екі айға дейін созылады. Массовка үшін 20-ға жуық, негізгі кейіпкерлерге 15-ке дейін киім тігеміз. Жылдамдық пен дәлдік — біз үшін басты қағида. Себебі театрда бәрі уақытпен есептеледі. Бір түйменің жоқтығы кейде кейіпкердің бейнесін бұзуы мүмкін.Киім — сахналық рөлдің жалғасы, сондықтан әр бөлшек мінсіз болуға тиіс, — дейді Кашевал Сарбас.
Бір жыл бұрын ғана цех меңгерушісі ретінде тағайындалған ол қойылымға кеткен матаның көлемінен бастап, есеп-қисапқа дейін өзі жүргізеді.
— Басқалар үй шаруасын бітіріп барып жұмысқа кіріссе, мен алдымен жұмысымды реттеп, содан кейін ғана жеке тірлігімді жасаймын.
Кешке жұмыстан келгенде есігімнің алдында кезек күтіп тұратындар болады. Қанша жылдан бері тігіншілікпен айналыссам да, киімді тұтынушы «ұнады, қонымды» деп айтқанша уайымдаймын. Сол сөзді естігенде расымен қуанып, мәз боламын. Жасыратыны жоқ, тіпті тұтынушы өз затын ұнатпайынша еңбекақымды да алмаймын, — дейді шебер.
Жолдасы екеуі 5 бала тәрбиелеген олбүгінде екі қызымен бірге осы театрда қызмет атқарып жүр. Екеуі де анасының жолын қуып, тігіншілікпен айналысады.
— Қыз бала үшін бұл — ең қажетті өнер. Тігіншілік — отбасы тірлігін жеңілдететін, ұрпаққа үлгі болатын іс.
Жалпы, тігіншілік жай өнер немесе кәсіп түрі емес. Бұл — ұлттық тәрбиенің бір қыры, өмірмен біте қайнасқан өнер. Түймені қадау үшін, жыртықты жамау үшін біреуге ақша төлегенше, бұл істі білген абзал. Үйде тігін тігіп білген ананы көрген бала да жақсы тәрбие көреді деп айта аламын.
Қанша жерден жұмыссыз отырсаң да, бұл саламен кез келген уақытта табыс табуға болады. Біреудің киімін қысқартсаң да, нан табасың.
2025 жылды Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл дәл осындай салада еңбек етіп жүрген жандардың еңбегіне берілген әділ баға деп білемін. Себебі кез келген ұлттың, қоғамның тірегі — еңбек адамы,— дейді Кашевал Сарбас.
Бүгінде ол тек тігінші болуымен қатар, жас мамандарға тігін саласын үйретіп жүр. Оның қолынан шыққан костюмдер жүздеген көрерменнің есінде қалды.
— Әр киім — кішкентай сахналық туынды. Бүгінгі таңда жастар тігіншілікке көп келе бермейді. Алайда бұл — нағыз еңбек пен шеберлікті қажет ететін, ешқашан өлмейтін мамандық, — деп ойын түйіндеді Кашевал Сарбас.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



