Басты жаңалықтар

Жанға жайлы жаз қызығы

Көптен күткен жазғы каникул да келді. Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы лагерьге баруға асығады. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. Қазір қала сыртында және өңіріміздің барлық мектебінде жазғы сауықтыру-демалыс лагерьлері өз жұмысын бастады. Облыста қандай лагерьлер жұмыс істейді? Жолдама құны қанша? Жеңілдік кімдерге қарастырылған? Біз осындай сауалдарға жауап іздеп көрген едік…

Балалар қайда демалады?

Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу үшін биыл облыста 172 мыңға жуық бала жазғы лагерьде демалатын болады. Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, бұл мақсатқа 228 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр.

Биыл жазғы маусымда қала сыртындағы 7  (2 мемлекеттік, 5 жекеменшік), мектеп жанындағы 699 лагерь және 49 қосымша білім беру ұйымы өз жұмысын бастады.

Жазғы демалыс маусымы — балалар үшін ерекше қуанышты сәт. Олардың демалысын қызықты өткізу және лагерьмен қамту — жыл сайын дәстүрге айналған шара. Осы орайда облыстық білім басқармасы оқушылардың жазғы демалыстарын ойдағыдай өткізулері үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Бұл бағытта бірқатар шаралар жоспары және өңірлік ведомствоаралық штаб құрамы бекітілді. Оқушылар мен педагогтер тізімі жинақталып, жұмыс жасайтын лагерьлер саны нақтыланды. Қала сыртындағы лагерьлердің жазғы маусымға дайындығына мониторинг жүргізілді.

Биыл облыстағы оқушылардың 98 пайызы, яғни 171 809 бала жазғы демалыспен қамтылады. Лагерьге тегін жолдаманы арнайы санаттағы балалар алады. Яғни бұл санатқа атаулы әлеуметтік көмек алатын, жан басына шаққанда орташа табысы күн көріс деңгейінен төмен отбасынан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады.

Арнайы санаттағы отбасы балалары үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарына өтініштер берілді, — дейді облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Аяжан Тажебаева.

«Campit» сауықтыру лагері

 Бүгінде Ақтөбе қаласы сыртындағы «Campit» жазғы сауықтыру лагерінің бірінші маусымы есігін айқара ашты. Қазір мұнда шаһар мектептері мен облыс аудандарынан және еліміздің бірқатар қалаларынан келген  288 оқушы уақытын тиімді өткізіп жүр.

«Campit» лагерінің ұжымы әр баланың көңілінен шығып, ой-саналарының кеңейіп, дами түсуіне, жаңа достар тауып, әр күнді көңілді өткізулеріне барынша мүмкіндік жасауда.

Лагерь басшысы Айболат Ташпентаевтың айтуынша, биыл лагерь балаларға 7 маусым бойы қызмет етеді.

— Балалар әр маусымда 10 күн демалады. Лагерьдің бір күні екіншісіне ұқсамайды. Мұнда күн сайын тәрбиелік-спорттық шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың уақытын қызықты өткізуіне мүмкіндік мол. Биыл 7 маусым бойынша 7-16 жас аралығында 2 мыңға жуық баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Әр маусымның белгіленген тақырыбы бар. Мәселен, қазір шығармашылық маусымы жүріп жатыр. Басқа да робототехника, театр, ағылшын тілі сынды маусымдар бекітілген. Лагерьге Ақтөбе қаласынан өзге, облыстың барлық ауданынан және Атырау, Маңғыстау облыстарынан оқушылар келуде, — деді лагерь басшысы.

Лагерьде таңғы сағат 8.30-дан бастап қайнаған өмір басталады. Сапқа тізілген оқушылар денесін шынықтырады, 5 мезгіл тамақтанады. Одан соң футбол алаңында доп теуіп, Қарғалы өзеніне шомылып, үйірмелерге қатысуға кіріседі. Түрлі жарыстарда өздерінің білімдері мен күштерін таразыға салады.

Бүгінде лагерьде 8 үйірме бар. Ебі мен қызығушылығына қарай оқушылар әртүрлі үйірмелерге жазылып, осында келген 10 күнін бос өткізбейді.

Сондай-ақ мұндағы көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын арқанды саябаққа балалар қатты қызығады. 1 гектар аумақты алып жатқан бұл орында балалардың қауіпсіздігіне жоғары деңгейде мән берілген. Арнайы қорғаныс және баскиімдермен, белдіктермен қамтамасыз етілген. Саябаққа кірген әр бала өзін альпинист ретінде сезіне алады.

— Оқушылар үшін табиғат аясында демалудың пайдасы ұшан-теңіз. Біздің лагерь Қарғалы өзенінің бойында, табиғаты әсем аймақта орналасқан, — дейді А.Ташпентаев.

Айта кетейік,10 күндік алғашқы лагерь маусымының құны — жеңілдікпен 98 мың теңге. Бұдан кейінгі маусымдарда 109 мың теңге болмақ. Аз қамтылған отбасы балаларына жеңілдіктер қарастырылған.

Жазғы демалыс, жаңа достар

Лагерьлердің басым бөлігі шаһардағы білім ордаларында жасақталған. Солардың бірі —А.Байтұрсынұлы атындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназияның «Күншуақ» жазғы демалыс лагері. Аталған мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлназия Есенқұлованың айтуынша, биыл 54 бала жазғы алаңда демалып жатыр. Екі апталық ақылы лагерьдің құны — 35 мың теңге. Ал мектеп жанындағы тегін лагерьде 150-ге жуық оқушы қамтылып отыр.

Жаз балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Олардың жазғы демалысын тиімді өткізуі жаңа оқу жылына тың күшпен, ерекше ұмтылыспен келуіне септігін тигізеді. Кеше алғашқы маусымның ашылу салтанаты өткізіліп, балаларға балмұздақ таратылды, әртүрлі аниматорлар қонаққа келіп, оқушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Лагерь кезінде күніне 4 реттік тамақтандыру мен түрлі сауықтыру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып, балаларға естен кетпестей көңіл күй сыйлауға тәрбиешілер шынайы ықыласын салуда. Лагерьге мектеп оқушылары ерекше құлшыныспен келіп, өздерінің жазғы демалысын осылайша көңілді бастады. Бұған ата-аналар да, мектеп ұжымы да ерекше қуанып жатыр.

Балалардың әр күнін көңілді өткізіп, жалықтырмас үшін күн сайын түрлі бағдарлама дайындаймыз. Биыл аптасына екі рет бассейн қосылып отыр. Сондай-ақ балалар кинотеатрға барып, қаламыздың көрікті жерлерін аралайды. Оқушылардың көңіл күйі өте көтеріңкі. Ата-аналары да жақсы пікір білдіріп жатыр. Лагерьдің салтанатты жабылу кешінде белсенді балаларды марапаттаймыз. Мұндай демалыс орындары барша балаға керек. Бұл — достықтың мекені. Мұнда келген бала әрі дос табады, әрі тынығып, бағыт-бағдар алады, — дейді Гүлназия Есенқұлова.

Демалушылармен де тілдесудің сәті түсті. Солардың бірі — Саян Оразжанов. Ол жылда оқу жылы аяқталса, бірден лагерьге асығатынын айтады.

— Мен «Балдырған» тобының басшысымын. Тобымда 18 бала бар. Бұл жерде әр күніміз қызыққа толы. Түрлі үйірмелерге қатысып, жаңа достар таптым. Келгеніме бір апта болса да, достарыма бауыр басып қалдым, — дейді Саян.

Ал Зере Серікбаева аталған мектептің 3-сынып оқушысы. Өз ісіне тиянақты, зерек. Зере мектеп жанындағы лагерьден түрлі ойындар үйренгенін айтты.

—  Биыл мектеп жанындағы лагерьге бірінші рет келіп отырмын. Бұл жер маған өте қатты ұнады. Түрлі жаңа ойындар үйрендік. Қаланың көрікті жерлерін аралап, саябақтар мен музейлерге бардық. Сонымен қатар апайлар бізге қауіпсіздік ережелерін үйретті. Өзім метематика пәнін сүйіп оқимын. Сондықтан лагерьде де түрлі логикалық тапсырмаларды орындаған ұнайды. Бұйырса, келесі жылы да лагерьге міндетті түрде келетін боламын, — дейді ол.

Қаламыздағы лагерьлердің жұмысымен танысу мақсатында Қ.Сәтбаев атындағы №10 мектептің жанынан ашылған жазғы сауықтыру лагеріне де барғанбыз.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Ғаппасованың айтуынша, биыл 18 шілдеге дейін 180 бала жазғы лагерьде демалатын болады.

Балалар таңғы 9.00-ден кешкі 17.00-ге дейін 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Қосымша түрлі дамытушы ойындар, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Лагерьге бастауыш сынып мұғалімдері жұмылдырылып отыр. Биылғы жылдың ерекшелігі — 5 бағыт бойынша пәндік лагерь қосылып отыр. Бұған 75 бала қатысуға қызығушылық білдірді. Бұл тіл, спорт түрлерін үйренуге, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, шығармашылықты заманауи технологиялармен ұштастыра отырып, зияткерлік дағдыларын дамытуға бағытталған, — дейді Айнұр Ғаппасова.

 Жазғы лагердің әр күні қызық және балалық шақтан көптеген жағымды әсер, әдемі естелік қалдыратыны сөзсіз. Сондықтан балалардың демалысты пайдалы әрі қызықты өткізіп, денсаулығын нығайтып, жақсы демалуына жағдай жасау — әр ата-ананың міндеті. Балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық — елдің ертеңіне салынған инвестиция. Ал сіз балаңыздың жазғы демалысын жоспарладыңыз ба?

  Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button