Денсаулыққа пайдалы емдеу орны

Шипа
Жақында мемлекеттік қызмет ардагерлері Мәртөк ауданында болып, марал өсіретін бірегей шаруашылықты көрді. Оның базасында «Зәру» пантомен емдеу шипажайы ашылған. Бұл — бүкіл батыс өңіріндегі осындай жалғыз сауықтыру және оңалту орталығы.
Алдымен «Ардагер» қоғамдық бірлестігі мүшелеріне марал өсіру шаруашылығына экскурсия ұйымдастырылды. Мұнда келушілер емін-еркін жайылып жүрген маралдарды тамашалады. Бұл асыл жануарлар Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген. Климаттық жағдайлардың ұқсастығына байланысты олар осы жақтың табиғатына тез жерсініп, көбейе де бастаған. Бүгінде шаруашылықта 400-ге жуық марал бар.
Марал мен теңбіл бұғы өсіру — мал шаруашылығының бір бағыты. Басты өнім — жануардың жас мүйізі, яғни панто. Дертке дауа мүйізді уақтылы кесіп үлгеру қажет.
Маралдардың мүйіздері кесілген кезде олардың қарсыласуына кедергі болатын және өзін-өзі жарақаттау мүмкіндігін азайту үшін жасалған арнайы құрылғыны да көрдік. Мүйізді кесу кезеңі мамыр-маусым айларында, ал кесу процесінің өзі сейсенбі және жұма күндері жүзеге асырылады екен.
Ресми ашылғаннан бергі жеті жыл ішінде «Зәру» шипажайы өзін бірегей және тиімді сауықтыру орталығы ретінде танытты. Панто бұлауы негізінде ем алып, сауығу үшін мұнда тек батыс өңірінен емес, басқа аймақтардан да көптеген адам келеді. Тіпті шет елдерден де емделуге адамдар келе бастаған. Біз шипажайға барғанымызда Түркиядан келген қонақты кездестірдік. Ол алған еміне де, демалушыларға жасалған жағдайға да дән риза екенін жеткізді.
Айта кету керек, пантомен емдеу шипажайының басшылығы мен бүкіл ұжымы барлық емделушіге өте мұқият қарап, жағдайын жасайды. Оларға шипажайда жатып ем алуға да, белсенді демалуға да қолайлы жағдай жасап, көрсетілетін қызмет түрлерінде кеңейтуді қарастырады.
Өйткені марал мүйізінде магнидың көп мөлшері және адам ағзасына қажетті табиғатта бар 22 амин қышқылының 18-і бар. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, осы табиғи өнімдегі белсенді заттектер адам ағзасының ұлпаларын уақтылы қалпына келуіне бейімдейді. Ем алушылар алғашқы нәтижесін төрт-бес күнде сезе бастайды.
Шипажайдың жұмысымен танысып, оның қызметкерлері мен ем алушыларымен сөйлескеннен кейін біздің ардагерлер «Зәру» пантомен емдеу шипажайының және марал өсіру шаруашылығы басшылары, ерлі-зайыпты Бану Ғаниқызы мен Ертарғын Байназарұлы Тілегеновтер орасан зор жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті.
Бану Ғаниқызы бұрынғы медицина қызметкері, ал Ертарғын Байназарұлының мамандығы ветеринар екен. Жаңа кәсіпті бастамас бұрын олар көп ойланып, өз мүмкіндіктерін таразылап, бірлесіп жұмыс істейміз деген шешімге келген. Кәсіпкерліктің жаңа бағытын меңгеру үшін олар бірнеше рет Шығыс Қазақстан облысына барып, марал өсірудің қыр-сырын үйренген.
Одан кейін олардың бизнес-жоспарына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетіп, жер телімін беру мәселесін шешуге көмектескен. Жерді алғасын 2017 жылдың мамыр айынан бастап аумақты қоршауға, кешен салуға кіріседі. Сол жылдың тамыз айында Ауыл шаруашылығы министрлігінің рұқсатын алып, алғашқы 50 бас маралды әкеледі.
Жобаның жалпы құны 500 миллион теңгені құраған. Оның ішінде мемлекеттік бағдарлама негізінде 200 миллион теңге қарыз қаражаты берілген. Жоба ауылдық жерде жүзеге асырылғандықтан, несие бес жылға субсидияланып, жылдық құны 4 пайызды құрады.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі өңірімізге тән емес өндіріс түрлерін қолдау арқылы экономиканың бұрын көңіл бөлінбеген әлеуеті пайдаланылуда. Бастысы, тұрғындарымыздың пайдалы отандық өнімге қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Кесіліп алынған мүйіздер ешқайда жіберілмей, толығымен шипажай қажеттілігіне дайындалады. Оларды өңдеу, мұздату, сақтау шипажайдың өзінде атқарылады.
«Зәру» панто емдеу шипажайы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. Оның пантогематоген өнімі республикалық байқауда «Халыққа арналған ең жақсы өнім» номинациясында үздік болып танылды.
Панто емдеу шипажайының басшылығы қол жеткізген табыстарына қанағат етіп, тоқтап қалмады. Арнайы дайындалған технологияның арқасында марал пантосын жыл бойы қабылдауға қол жеткізілді. Жаңа өнім панто сабын шығарыла бастады. Шипажай базасы одан әрі кеңейіп, ұлғаюда. Оның аумағын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Арнайы мамандарды тарту мақсатында барлық жағдайы бар 10 тұрғын үй салынған. Жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Алғашқыда 50 орынға шақталған шипажайдың бүгінде 100 адам қабылдау мүмкіндігі бар. Үнемдеу және люкс класс нөмірлермен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы нөмірлер де бар. Бөлек орналасқан қонақүйлер де қарастырылған. Ем алушылар стандартты емдеумен қатар, қосымша ақылы қызметтерді ала алады.
Жалпы, бұл жоба медициналық туризмді дамытуға септігін тигізеді, өйткені біздің облыста медициналық кластер жақсы дамыған және пантомен емдеудің барлық қызмет түрлеріне сұраныс артып келеді. Бұның дәлелі — Ресейдің көршілес Орынбор облысының марал өніміне, оның ішінде пантогематогенге қызығушылық танытуы.
«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері «Зәру» панто емдеу шипажайы басшысы Бану Ғалиқызы Тілегеноваға, марал өсіру шаруашылығының басшысы Ертарғын Байназарұлы Тілегеновке, олардың ұжымдарына жылы ықылас пен көрсеткен құрметтері үшін алғыс білдіріп, отбасылық кәсіптерінің гүлдене беруін тілейді.
Біз «Зәру» панто емдеу шипажайы мен шаруа қожалығы атқарып жатқан жұмыстарын көрдік және табыстарына көзімізді жеткіздік.
Сәттілік серіктері болсын!
Серік БОТАҒАРИН,
«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.