Басты жаңалықтарМереке

Балалар шаттанған күн

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін тойлауды ақтөбеліктер таңертең ертемен бастап кетті.  

Триатлон саябағында өткен мерекелік марафонға қатысқан 6-13 жастағы 700 балапан таңғы салқынмен жүгіруге шықты. 6 ай-1 жас аралығындағы кішкентайлар еңбектеу жарысына қатысса,  1-2 жас аралығындағы балалардың ата-аналары қоларбаларын безендіріп, өз шығармашылығын көрсетті. Енді бірі караоке алаңында ән айтса, екіншісі батпырауық ұшырды.

«Қазақ халқына мың алғыс» стеласының жанында өткен мерекенің басты салтанаты «Ертегілер әлемі — балалық шақ» деп аталды. Мерекелік іс-шараға қатысқан облыс басшысы Асхат Шахаров балалар мен ата-аналарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

— Жаздың алғашқы күнінде ең маңызды мерекелердің бірі Балаларды қорғау күнін атап өтеміз. Әр ата-ана үшін ең үлкен бақыт — баласының адал, еңбекқор, саналы азамат болып өскенін көру. Ал мемлекет алдындағы басты міндет — еліміздің ертеңі болатын білімді, дені сау әрі отаншыл ұрпақты тәрбиелеуге барлық жағдай жасау. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шығармашылық пен спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған ауқымды бастама«Қазақстан  балалары» атты кешенді бағдарлама жүзеге асып жатыр.  Бүгінде өңірімізде 300 мыңнан астам бала бар. Жазғы демалыс кезінде балалардың тиімді әрі қауіпсіз демалуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі балалар — ертеңгі ел тірегі. Әр бала мейірім мен махаббатқа, қамқорлыққа бөленсін, — деді облыс әкімі.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Гаухар Нұрахметова да кішкентай ақтөбеліктер мен ата-аналарды балалар күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мереке аясында түрлі көрмелер ұйымдастырылып, шеберлік сағаттары өткізілді.

Колледждер мен техникалық шығармашылық орталығы робототехника және модельдеу саласындағы жетістіктерін көрсетсе, оқушылар өздерінің ғылыми және шығармашылық жобаларын таныстырып, қонақтардың үлкен қызығушылығына ие болды. Мектеп оқушылары өздерінің ғылыми жобаларын көрсетіп, келушілердің сұрақтарына жауап берді. Қаламыздағы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның 5-сынып оқушысы Әлижан Жарылқасын үш жылдан бері түрлі ғылыми жобалар жарысына қатысып, өзі жасаған дауыс арқылы басқарылатын роботын көпшілікке ұсынып келеді.

— Бұл көлікті мен робототехника пәнінен беретін ұстазыммен бірге жасадым. Көлікті жасау барысында әртүрлі бөлшектер мен техникалық құрылғыларды қолдандық. Ең басты ерекшелігі, бұл көлікті дауыс арқылы басқаруға болады, — дейді ол.

Сонымен бірге осы мектептің тағы бір оқушысы Айзере Есеналина билейтін роботын, облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Абылай Баймурзин «Жасанды интеллект көмегімен физикалық құбылыстарды модельдеу» деп аталатын жұмысын таныстырды. Бұл көрмеге қалдықсыз стартап құс шаруашылығы, қазақтың дәстүрлі әшекейлері мен ұлттық баскиімдерін заманауи тұрғыда жаңғырту, 3D-принтер арқылы атом электр станциясының моделін жасау, адам ағзасындағы биологиялық нүктелердің ерекшеліктерін зерттеу, т.б. тақырыптар бойынша әзірленген ғылыми жұмыстар қойылды.

«Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өнер орталығының алдында авариялық-құтқару техникасы мен құрал-жабдықтарының көрмесін ұйымдастырды. Балалар мен ата-аналар құтқарушылардың күнделікті жұмысында пайдаланылатын жабдықтармен танысып, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер жайында пайдалы ақпарат алды.
Аталған департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, капитан Арыстанбек Туменов балаларға қауіпсіздік ережелері мен құтқару қызметінің маңызын түсіндірді. Балалар құтқарушылардың киімдерін киіп, өрт сөндіру көліктеріне отырып көрді.

Сонымен бірге мереке иелері көркемсурет лицейі жас қылқалам иелерінің жұмыстарын да тамашалады. Қалалық техникалық шығармашылық орталығы үйірмелеріне баратын балалардың жасаған туындылары — ұшақтар мен кемелер ерекше қызығушылық тудырды. Орталықтың қосымша білім беру педагогі София Генжебаева ата-аналарды көрме жұмысымен таныстырып, балаларды жазғы кезеңде өтетін тегін үйірмелерге шақырды.

Ақтөбе қалалық жас натуралистер стансасы көрмесінің қасында балалар көбірек аялдады. Станса қызметкерлері суда, құмда жүретін тасбақаларды, теңіз шошқаларын, ақ көгершіндер алып келіпті. Станса әдіскеріАнатолий Осколковбалалардың табиғатқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған экологиялық бағдарламалар мен экскурсияларжайында баяндап берді.

Триатлон саябағында өткен марафонда ерекше қажеттілігі бар балалар бірінші болып жүгіріп, көрерменнің жылы ықыласына бөленді. «РАСтемка» аутизмге шалдыққан балалар ата-аналарыныңқауымдастығыосындай іс-шараларға бірнеше жылдан бері қатысып келеді. Биыл еріктілер балаларға серік болып, олардың мәреге жетуіне көмектесті.Барлық қатысушыға медальдар мен сыйлықтар табысталды.

6 ай-1 жас аралығындағы кішкентайлардың еңбектеу жарысы өте қызықты өтті. Ата-аналар балаларының мәреге бірінші келуі үшін барын салды. 1-2 жас аралығындағы балалардың ата-аналары қол арбаларын безендіру сайысы нағыз шығармашылық мерекеге айналды. Қатысушылардың бірі Карина Алтынбек баласының «Карусель» деп атаған қоларбасын бүкіл отбасы бірігіп әзірлегенін айтады: «Ең бастысы, баламыз қатты қуанды, біздің мақсатымыз да сол болатын», — дейді ол.

Қаламыздағы музыка мектептерінің оқушылары сахнада ән-жырдан шашу шашып, хореография студияларының өнерлі балаларымың бұрала биледі.

Концерт шымылдығын «Mega Stars» би өнері мектебі жас бишілерінің «Бақытты бала» композициясымен ашылды. Сонымен бірге көрермен Қазанғап атындағы өнер мектебі, Қ.Жұбанов атындағы музыкалық колледж, №1 және №3 балалар музыка мектептері, сондай-ақ«Таңшолпан» балабақшасының хоры,  «Саз», «Шаттық» студиялары, «ШәкіртSTAR», «Сымбат» хоры, «Media pro», «Тұран» орталықтарының жас домбырашылары мен қобызшылары, жетігеншілерінің өнерінен ерекше әсер алды. Концерт соңында балалар «Біз — бақытты баламыз» әнін бірге орындады.

Облыстық білім басқармасы берген дерек бойынша өңірде

Халықаралық балаларды қорғау күні аясында қаладағы бес түрлі алаңда бір мезетте мерекелік іс-шаралар өткізіліп, барлығы 10 мыңнан астам бала қатысқан.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button