Тарихи орынды тазалады


31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Түйетөбе» тарихи-мемориалды кешенінде тазалық жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның мақсаты — өткен тарихымызды құрметтеу, жастардың патриоттық рухын арттыру және қасиетті орындарды таза ұстау арқылы құрбандар рухына тағзым ету.Тазалық жұмыстарына облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының мамандары, облыстық «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының өкілдері, «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары мен еріктілер қатысты. Олар ескерткіш аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, айналаны қоқыстан тазартты.
Шара барысында қатысушылар саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарында жазықсыз жапа шеккен азаматтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
— Бүгінгі іс-шара —жас ұрпақтың өткенге құрмет көрсетуінің жарқын көрінісі. Сонымен қатар облыстың барлық ауданында да саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған орындарда тазалық жұмыстары өтті. Жалпы, бүгін 40-тан астам жас игі іске атсалысты, — деді облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы.
Айта кетейік, «Түйетөбе» — Ақтөбе қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан тарихи-мемориалды кешен. 1990 жылы ашылған бұл ескерткіш кеңес үкіметі тұсында жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың рухына арналып тұрғызылған. Мұнда табиғи тастан жасалған монумент қойылған. Оның бетінде «Жазықсыз жазаланғандар рухына тағзым» және «Смерть Ваша безвинна, память о Вас вечна» деген жазулар қашалып жазылған. 1930-1950 жылдар аралығында облыста7 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, олардың 2 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Түйетөбе — сол жазықсыз құрбандарды еске алатын, халқымыздың жадында мәңгі сақталатын киелі орын.
Іс-шараға қатысқан автожол колледжінің 2-курс оқушысы, «Жас волонтер» ерікті тобының мүшесі Ернар Игібай өз әсерімен бөлісті:
— Түйетөбе — үнсіз тұрған тас емес, елдің жүрегінде жатқан жаралы естеліктің көрінісі тәрізді.Ескерткіштің орналасқан жерінің табиғаты тамаша. Сондықтан оның айналасын таза ұстап, гүлдерін суарып, қоқыспен ластамауымыз керек.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



