Кім кінәлі?

Премьер-Лига
«Ақтөбе»-«Қайрат» — 1:2
30-31 мамыр күндері 11-тур ойындары өтті.
Көш басында тұрған «Ақтөбе» сырғып үшінші орынға түсті.
«Тобыл» өз алаңында 5:0 есебімен жеңіске жетті. Сырт алаңда ойнаған «Астана» да ұтты. «Ордабасы» әупірімдеп жүріп тең ойынға әзер қол жеткізді.
Бұл тур гол ең көп соғылған тур болды. Қақпаларға 26 гол соғылды, бұл әр ойында 3,71 гол соғылды деген сөз.
* * *
Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қайратты» қабылдады.
Өз алаңымыз футболшыларымызға қосымша күш сыйлайтын сияқты көрінген. Өйткені стадионды лық толтыратын Ақтөбе жанкүйерлерінің ойыншыларды 90 минут бойы тынымсыз қолдап отыратыны да, талапшылдығы да баршаға мәлім еді. Бірақ бұл жолы осының екеуі де жігіттерімізге көмек бере алмады.
Ал ойын өте жоғары қарқында өтті. Дегенмен бірінші таймда таблода есеп ашылғаны тіркелмеді. Дегенмен гол болды. 17-минутта Бағдат Қайыров сол қанатта жүрген Жан Жайроға тамаша пас берді де, Жан ортаға қарай ығысты, екі қорғаушының арасынан саңылау тауып, оң жақ бұрыштың төменгі тұсын көздеді. Осы жерде рикошет көмектесті. Гол. Бірақ төреші офсайд болғанын дәлелдеп, бұл голды есепке алмады. Бұған мойымаған Жан Жайро екінші рет оңды соққы жасады, бірақ қорғаушыға тиіп барып бағытын өзгерткен доп қақпадан әуелей ұшып кетті.
Жанкешті шабуылдар мен жойқын қарсы шабуылдар екінші таймға ауысты.
50-минутта алаң иелері өткір шабуыл ұйымдастырды да есеп ашты. Қақпа алдына жақындаған шақта Амаду Думбия допты сәл ілгеріде қапталдаса жүгіріп келе жатқан Оралхан Өміртаевқа тастады. Ал Оралхан оны ыңғайлы позицияда жүрген, дәл қақпа алдында келіп қалған жас футболшымыз Аян Байдәулетовтің аяғына қарай ысыра салды. Аян допты кідіртпестен тепті. Стадион дүр сілкінді — 1:0.
Екінші таймның ортасына таман қонақтар ақтөбеліктердің қақпасына соққан голды төреші есепке алмады. Бұл, әрине, дау туғызды. Даудың соңы алматылық Валерий Громыканың «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылуымен аяқталды. Бұл «Ақтөбе» үшін ең қолайлы шақ еді. Азшылықта ойнап жүрген команданы жерлестеріміз тықсыруға тиіс болатын. Олай болмады. Қонақтар бірлесе қимылдап, алаңда өз биліктерін жүргізе бастады.
75-минутта «Қайрат» бұрыштама орындады да әуелей келген допты Александр Мартынович баспен соғып, қақпаға қадай кіргізді. Қақпашы Андрей Влад жібек торды тесіп өте жаздаған допты көзбен шығарып салғаннан басқа ештеңе жасай алмай қалды — 1:1.
Бұдан кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтинге төреші «қызыл қағаз» көрсетті. Қонақтар тіпті күшейіп кетті. 87-минутта «Қайраттың» жас футболшысы Дастан Сатпаев ойын тағдырын шешкен голды соқты. Ол аяғына келе қалған допты еш асығып-аптықпастан дәлдеп тұрып қақпаның тоғыздығына жөнелтті. Ақтөбелік қақпашы секіргенімен доп зу етіп қақпаға енді де кетті — 1:2.
Осымен біздің жігіттер ұпайсыз қалды. Шынын айтқанда, «Қайратпен» тайталасуға шеберлігіміз жетпейтіні көрініп тұрды. 12 мың жанкүйер қанша қиқуласа да, футболшыларымыз жұлқынып шыға алмады, әйтеуір, допты тебуді ғана білді. Не тактика, не стратегия жоқ. Кім кінәлі? Ойыннан соңғы сұхбатта оны бас бапкер В.Левчук айта алмады. «Асығыс шешім қабылдағым келмейді» деді, «бұл ойын терең талданады» деді. Болды. Бұл бұрыннан да айтылып келе жатқан құр желеу екені мәлім. Ешуақытта келесі ойынның алдында өткен қателік неден болғандығы талданбайды, кім қандай ескерту алғаны айтылмайды. Мысалы, өткен турда ортақол команда «Жетісудан» жеңілгенімізден қандай сабақ алғанымыз белгісіз. Ол кезде В.Левчук «кінә менен болды» деді. Ал мына ойыннан соң В.Левчуктің екінші мәрте «кінә менен болды» деуге батылы бармағанға ұқсайды. Кінә кімнен болғанын жанкүйерлер өздері тауып алсын дейтін шығар…
Жалпы, осы кездесуден соң «Ақтөбенің» биыл чемпиондыққа таласуға дәрмені жете ме деген сұрақ туындады.
* * *
«Ақтөбе»-«Қайрат» — 1:2
Гол авторлары: Аян Байдәулетов, 50-минут (1:0), Александр Мартынович, 75-минут (1:1), Дастан Сатпаев, 87-минут (1:2).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Габи Кики, 27-минут, Бағдат Қайыров, 44-минут, Аян Байдәулетов, 51-минут, Джордже Ивкович, 85-минут, Ыдырыс Умаев, 90+8 минут, Неманья Анджелкович, 90+8 минут («Ақтөбе»), Дан Глейзер, 44-минут, Валерий Громыко, 45+2 минут, Жоржиньо, 79-минут, Дастан Сатпаев, 88-минут, Дамир Касабулат, 90+7 минут («Қайрат»).
Алаңнан қуылғандар: Ыдырыс Умаев, 90+9 минут, («Ақтөбе»), Валерий Громыко, 71-минут, Рафаэль Уразбахтин, 76-минут («Қайрат»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Лев Скворцов (Уче Агбо, 78-минут), Әлібек Қасым, капитан (Аян Байдәулетов, 33-минут), Неманья Анджелкович, Бағдат Қайыров, Габи Кики, Богдан Вэтэжелу, Жан Жайро (Ыдырыс Умаев, 77-минут), Данияр Үсенов (Дархан Бердібек, 51-минут), Амаду Думбия, Оралхан Өміртаев (Джордже Ивкович, 78).
Резервте болғандар: Игорь Трофимец, Саятхан Құсайынов (қақпашылар), Саят Жұмағалиев, Ислам Әбілқасов, Мирас Уманиязов, Айбар Абдулла, Еркебұлан Сейдахмет.
Бас бапкер: Вячеслав Левчук.
30 мамыр 2025 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 12 400 адам.
* * *
Басқа кездесулер:
«Елімай»-«Астана» — 0:2
«Тобыл»-«Атырау» — 5:0
«Оқжетпес»-«Қызылжар» — 3:2
«Ұлытау»-«Тұран» — 2:1
«Жеңіс»-«Ордабасы» — 2:2
«Қайсар»-«Жетісу» — 2:2
* * *
Біздің мергендеріміз:
Жан Жайро, шабуылшы — 4 гол;
Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 3;
Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;
Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;
Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;
Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;
Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;
Лев Скворцов, қорғаушы — 1;
Габи Кики, қорғаушы — 1,
Аян Байдәулетов, қорғаушы — 1.
(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).
* * *
Жерлестеріміз 12 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 1 рет тең ойнады, 3 рет ұтылды. Ұпай саны — 25. Доп айырмашылығы — 20-10.
* * *
11-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:
- «Астана» — 27;
- «Қайрат» — 26;
- «Ақтөбе» — 25;
- «Тобыл» — 23;
- «Оқжетпес» — 20;
- «Елімай» — 17;
- «Ордабасы» — 15;
- «Қызылжар» — 13;
- «Тұран» — 11;
- «Қайсар» — 11;
- «Жетісу» — 9;
- «Ұлытау» — 8;
- «Жеңіс» — 7;
- «Атырау» — 4.
Р.S. «Ақтөбенің», «Қайраттың», «Астананың», «Қайсардың» басқалардан бір кездесуі артық өткенін еске саламыз. Ал «Атырау» екі кездесуді артық өткізді. «Тобыл» мен «Ордабасының» бір ойыны кем.
* * *
12-тур ойындары:
14 маусым, сенбі:
«ҚЫЗЫЛЖАР» — «АҚТӨБЕ»
«Атырау» — «Ұлытау»
«Жетісу» — «Қайрат»
«Тұран» — «Жеңіс»
15 маусым, жексенбі:
«Астана» — «Оқжетпес»
«Ордабасы» — «Елімай»
«Қайсар» — «Тобыл»
Ертай АШЫҚБАЕВ.