Өзен жағасын тазартты


Республикалық «Таза Қазақстан — таза болашақ» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласының Алматы ауданына қарасты аумақтағы Жақсы Қарғалы өзенінің жағасында тазалық жұмыстары жүргізілді.
«Таза аймақ» акциясы бойынша ұйымдастырылған сенбілікке Ақтөбе қалалық әкімдігі, облыстық экология департаменті және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, металл конструкциялары зауыты, рельс-арқалық зауыты, «Ада Ойл фирмасы» ЖШС, «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС, т.б. кәсіпорындардың еңбеккерлері, «Жасыл ел» жасағына мүше студенттер мен еріктілер, барлығы 170-ке тарта адам қатысты.
Ұйымдастырушылар тарапынан сөз алған облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин:
— Тазалық — денсаулық кепілі, мәдениет өлшемі. Әсіресе, табиғат аясындағы, өзендер жағасындағы тазалыққа ерекше мән берілуі керек. Біздің департамент қызметкерлері жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының аясында қала маңынан өтіп жатқан Елек, Қарғалы өзендерінің жағалауын қоқыстан тазартуға атсалысты. Бұл жолғы сенбілікті Садовая ауылы маңындағы Жақсы Қарғалы өзенінің жағасында ұйымдастырғанды жөн көрдік. Қалалық әкімдікпен бірлесіп, бірқатар кәсіпорындарға ұсыныс айттық. Көпшілігі оны қолдады, — деді.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қоршаған ортаны қорғау қызметінің бастығы Толқын Бабағожина да өзі еңбек ететін ұжым мүшелерінің қаланы көріктендіру, тазалау жұмыстарына белсене қатысып келе жатқанын айтты.
— Біз әр апта сайын өз аумағымызда және қалада жүргізіліп жатқан тал егу, көріктендіру, тазалау жұмыстарына үлес қосып келеміз. Зауыт еңбеккерлерінің күшімен кәсіпорын айналасындағы санитарлық қорғау аймағына — 2 мың, ал қала ішіне 3 мың тал егілді. Әрине, бұл жұмыстардың жемісін ең алдымен өзіміз, яғни қала тұрғындары көреді, — дейді ол.
Шымырлап қана ағып жатқан Жақсы Қарғалының жағасы бұл күні қолына қап алып, қоқыс жинауға кіріскен адамға толы болды. Сенбілікке келгендер арасында жастардың қарасы көбіректеу. Бір қызығы, бұл күні олардың жұмысын алдын ала жеңілдетіп қойған жандар да бар болып шықты. Тазалық жұмыстары басталмас бұрын-ақ біз өзен жағалауында жинаулы тұрған қоқыс толы қаптарға кезіктік. Бұл — осы маңға демала келген ақтөбелік стоматолог мамандардың өз бастамасымен істеген ісі екен. «Бір ай бұрын да біз бұл жерді тазалап кеткен едік, бүгін келсек қайтадан қоқыс шашылып қалыпты. Тағы да жинастырып, енді әкететін көлік шақырып, соны күтіп отырмыз», — десті. Ал арнайы ұйымдастырылған сенбілік жайынан олар бейхабар екен.
Расында, өзен жағасындағы қалың ағаш арасына демала келгендер сыра, түрлі газды сусындардың бөтелкелері, қағаз қалбырлар, шытырлақ қалталардан басқа, тіпті киім, аяқ киімге дейін лақтырып кете беріпті…
Өзеннің жағасы ғана емес, арнасы да тазалауды қажет ететін секілді: кей тұста қураған ағаш құлап жатса, тағы бір тұста биік қамыс өсіпті. Бірақ бұл сенбілікке шыққан еңбеккерлер мен еріктілердің ісі емес, әрине.
А. САРЫБАЙ.












