Басты жаңалықтар

Суға түсу маусымы басталады

1 маусымнан бастап суға шомылу маусымы басталады. Табиғат аясында тынығуға асық тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметінің басты міндеті. Осыған орай жағажайлар мен су айдындарының техникалық және санитарлық жағдайы тексеріліп, қауіпсіздік ережелері күшейтіліп, рейдтер мен үгіт жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс көлеміндегі демалыс аймақтары маусымға дайын ба? Суға шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар қандай? Қауіпсіздік шаралары қаншалықты қадағалануда? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін мамандармен тілдескен едік. Сонымен…

Қауіпсіздік: 120 белгі қойылды

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Жанболат Төлепбергеновтің айтуынша, облыс әкімінің 2016 жылғы №227 қаулысына сәйкес бастапқыда 64 демалыс орны қарастырылса, биыл 69 нысанның су түбін тексеруге өтінім келіп түскен.

12-17 мамыр аралығында 10 аудандағы су айдындарын сүңгуірлік топпен тексеріп шықтық. Қазіргі таңда 46 орын тексерілді, оның ішінде 24-іне ғана суға түсуге рұқсат берілді. Ал Алға және Шалқар аудандарында тексеру жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Рұқсат етілген жағажай иелеріне тексеру актілері беріліп жатыр, — дейді Жанболат Төлепбергенов.

Су айдындарында адам өміріне төнетін қауіптің алдын алу үшін арнайы ескерту белгілерінің дер кезінде орнатылуы аса маңызды. Бұл ретте суға түсуге тыйым салынған аумақтарды нақты белгілеу — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір тетігі. Облыс аумағында  суға түсуге тыйым салынған 206орын анықталып, 2023 жылы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген. Өткен жылы 321 тыйым салу белгісі орнатылса, биыл Ақтөбе қаласы әкімдігі Алматы ауданына қосымша120 белгі қойды.

Биыл шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыс бойынша 367 адам тартылып отыр. Оның ішінде 142-сі төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері болса, соның ішінде 66-сы — кәсіби құтқарушы. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметінің 135 маманы, 60 ерікті және әскери бөлімнен арнайы дайындықтан өткен 30 жауынгер осы жұмыстарға жұмылдырылып отыр. Олар күн сайын рейдтерге қатысып, су айдындарында тәртіп пен қауіпсіздікті бақылайды. Біздің басты мақсатымыз — адам өмірін сақтау, қайғылы жағдайлардың алдын алу.

Қала аумағында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы құтқару бекеттері ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда қала ішінде үш құтқару бекеті жұмыс істеп тұр. Олар тұрғындар қалашығындағы су айдыны маңында, Нокин көшесінің бойында орналасқан жағажай аумағында және «Ақтөбе» су қоймасы жағасында орналасқан. Бұл құтқару бекеттері тәулік бойы жұмыс істейді. Әр бекетте кезекші құтқарушылар, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жабдықтар және қажетті құтқару құралдары бар. Сонымен қатар бұл жерлерде суға түсу ережелеріне қатысты түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Қауіпсіздіктек бақылаумен ғана емес, ақпараттандырумен де нығаяды, — деді Ж.Төлепбергенов.

Қауіп жоқ деме…

Биыл облыста суға түсу маусымы әлі басталмай жатып қайғылы жағдай тіркелді. 23 мамырда Шалқар көлінде рұқсат етілмеген жерде шомылған бала көз жұмды.

Баланың жоғалғаны туралы хабар түскен бойда біздің жедел-құтқару жасағымыз іздестіру жұмыстарын бастады. Алайда жасөспірімнің денесі келесі күні табылды. Бұл аумақта арнайы тыйым салу белгісі орнатылғанына қарамастан, бала суға түсіп, қайғылы жағдай орын алды,— дейді Жанболат Төлепбергенов.

Ол мұндай қайғылы жағдайлар көбіне қауіпсіздік талаптарының ескерілмеуінен және ата-аналардың балаларын жеткілікті түрде бақыламауымен туындайтынын айтады.Суға тек рұқсат етілген аумақта, құтқарушылардың бақылауында және арнайы қауіпсіздік белгілерімен жабдықталған жерлерде шомылу қажет.

Жағажайлардың ашылуы су түбінің тазалығы мен техникалық жабдықталуына тікелей байланысты. Ең басты талап — құтқару құралдарының толық болуы, сонымен қатар қауіпсіздік белгілері мен шекаралардың нақты айқындалуы. Жағажай иелерінен құтқару бекетін ұйымдастырып, білікті мамандарды жұмысқа алу, құтқару жилеттері, қайықтар мен шеңберлер сияқты құрал-жабдықтарды толық қамтамасыз ету талап етіледі. Сондай-ақ шомылуға тыйым салынған аймақтар мен қауіпсіздік шекаралары анық көрінетіндей етіп белгіленуі керек.

Халық арасында судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл 1289 рейд ұйымдастырылды. Сонымен қатар 7000-ға жуық мектеп оқушысына су қауіпсіздігі туралы арнайы сабақтар өткізілді, — дейді Жанболат Төлепбергенов.

Айта кетейік, былтыр суға кету фактісімен 13 адамкөз жұмған. Олардың алтауы — кәмелетке толмаған балалар. Қайғылы оқиғалардың дені суға түсуге тыйым салынған жерлерде болған.

Құтқарушы Есентуар

Құтқарушылартөнген қауіпке бетпе-бет келіп, адам өміріне араша түседі. Олардың жылдам шешімі мен батылдығы адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Есентуар Серғазыұлыжеті жылдан астам уақыт бойы судағы және төтенше жағдайларда азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға атсалысып келеді.

Мен 2018 жылдан бері жедел-құтқару жасағында қызмет етемін. Бұл жұмыс төтенше жағдайларда адам өмірін құтқаруды, алғашқы көмек көрсетуді және апат салдарын жоюды талап етеді. Оған жоғары жауапкершілік пен жасымас жігер қажет. Қызмет барысында су тасқыны, өрт, жол-көлік апаттары және іздестіру-құтқару жұмыстары сияқты күрделі жағдайларға тап боламыз. Әр шақырту — адамның тағдыры. Сондықтан шұғыл әрекет ету — біздің басты қағидамыз. Құтқарушы болу — мен үшін үлкен абырой әрі азаматтық борыш. Елдің қауіпсіздігі мен амандығы үшін аянбай еңбек ету — әрбір құтқарушының өмірлік миссиясы, — дейді Есентуар Серғазыұлы.

Көпшілік суға батып жатқан адам айқайлап, қолын сермеп көмек сұрайды деп ойлайды. Бұл — қате пікір. Ондай көбіне кинода ғана болады.Ал шынайы өмірде бәрі басқаша. Құтқарушының айтуынша, адам суға батып жатқанын сырт көз байқамай да қалуы мүмкін. Өйткені мұндай жағдайда адам қалыптан тыс, түсініксіз қозғалыстар жасайды.

Суға батып бара жатқан адам көбіне үнсіз қалады. Ол сұрақтарға жауап бермей бір нүктеге қарап тұруы мүмкін. Тыныс алуы үзіліп, ауыр күйге түседі. Мұндай сәтте ең бастысы — адамды құтқару, сол үшін жедел әрекет ету, — дейді Есентуар.

Суға батып жатқан адамды байқаған кезде ең алдымен сабыр сақтау керек. Құтқарушы Есентуар Серғазыұлының айтуынша, мұндай жағдайда суға өзіңіз секіріп, көмек көрсетуге асықпаңыз, егер арнайы дағдыңыз болмаса, бұл екі адамның да өмірін қатерге тігеді.

Ең алдымен, жақын маңдағы ересектерге, құтқарушыларға немесе кез келген қауіпсіздік қызметіне дереу хабар беру қажет. Егер жағалауда құтқару шеңбері, арқан немесе ұзын таяқ сияқты заттар болса, соны қолданған дұрыс. Суға тек арнайы дайындықтан өткен мамандар түсуге тиіс, — дейді ол.

Құтқарушы шомылу кезінде барынша сергек болуға, балаларды қадағалаусыз қалдырмауға және тек арнайы рұқсат етілген орындарда суға түсугешақырады.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button