Спорт

Боксшы мен балуан қыз

Бәйішев университетінің студенттері Гүлнұр Баханова мен Игорь Соловьев қоржынға алтын медаль салды. Ел мақтаныштарын университет басшылығы сән-салтанатымен күтіп алды. Іс-шараға университет ректоры Ольга Лыгина, спортшылардың бапкерлері мен жақындары қатысты.

Ең алдымен университет ректоры спортшыларды тарихи жеңісімен құттықтады.

Жас спортшыларымыз дүбірлі додада топ жарып, ел мерейін асқақтатты. Игорь Соловьев Шри-Ланка мемлекетінің Коломбо қаласында өткен Азия чемпионатында (U 22)  80 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, қарсылас шақ келтірмеді.  Ал Гүлнұр Баханова болса, XIII Жазғы универсиада ойындарында дзюдо күресінен 70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.Ел намысын асқақтатып, жеңіске жеткен спортшылардың ата-анасына,бапкерлеріне алғысым шексіз. Университет қабырғасында денешынықтыру және спорт мамандығының ашылғанына көп бола қоймаса да, шәкірттеріміз осындай жетістікке жетіп отыр, — дейді университет ректоры О.Лыгина.

Жерлесіміз Игорь Соловьев қатысқан Азия чемпионаты жастар арасында өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 100 спортшы қатысты.

Жарыс тартысты өтті. Қарсыластарым Үндістан, Ауғанстан мемлекеттерінің мықты спортшылары екен. Тіс қаққан спортшылар жарысқа жоғары дайындықпен келген. Алайда бапкерім Болат Арынғазиевтің үйреткен тактикалары қарсыласқа дәл соққы беруге септігін тигізді. Финалдық ойында Ауғанстан спортшысын айқын басымдықпен жеңдім. Бұған дейін көптеген халықаралық, республикалық, облыстық жарыста бағым жанып, еліміздің көк Туын көкте желбіреткен едім. Ендігі мақсатым — 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алу. Ол үшін тынбай еңбектеніп, бос уақытымды жаттығуға арнап жатырмын, — дейді И.Соловьев.

Бапкері Болат Арынғазиевтің айтуынша, Игорь — өте батыл, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын спортшы. Боксшы бұған дейін қоян-қолтық ұрыс, грэпплинг спортымен шұғылданған.

— Игорь бала кезінен спортқа жақын. Ол жеті жасынан қоян-қолтық ұрыс, грэпплинг спортымен айналысқан. Биыл спортшы үшін табысты басталды. Наурыз айында Черногория мемлекетінде өткен жарыста 2-орынды жеңіп алды. Енді Тайландта өтетін жарысқа дайындалып жатырмыз. Бүгінде бокстан олимпиада резервін даярлайтын балалар-жасөспірімдер облыстық мамандандырылған спорт мектебінде 500-ге жуық спортшы жаттығады. Олардан үлкен үміт күтеміз, — дейдіспортшының бапкері.

Ақтөбеде бокспен қатар дзюдо спорты да қарқынды дамып келеді. Былтыр өңірде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өткен-ді. Бұл кәсіби спортшыларға халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізуге көмектесіп қана қоймай, спортты жастар мен жалпы халық арасында танымал етуге ықпал етеді.

Дзюдодан Түркістанда өткен универсиада ойындарында алтын жүлдегер атанған Гүлнұр Баханова 70 келі салмақта белдесті. Балуан қыздың бапкері Ақниет Шахмерденнің айтуынша, спортшы жарыстың алдында жарақат алғанына қарамастан, кәсіби шеберлігін көрсете білді.

Унверсиада ойындары 15-18 мамыр аралығында өтті. Оған кіл мықты балуандар қатысты. Гүлнұр Алматы, Шымкент құрама командаларының ойыншыларын жеңіп, жүлдегер атанды. Балуан қыз «иппон», яғни қылғындыру әдісін шебер меңгергендіктен, қарсыластарына тойтарыс беру оның үйреншікті әдісіне айналған. Осы жарыста, өкінішке қарай, ерлер арасында 60 келі салмақта сынға түскен спортшымыз Жасұланбек Селмансилим жеңіліс тапты. Спорт шеберлігіне кандидат балуан — көптеген ел біріншіліктерінің, Азия чемпионаттарының жеңімпазы. Бүгінде ол Орал қаласында өтіп жатқан чемпионатқа кетті. Жарыстан келген соң Германияда өтетін халықаралық универсиада ойындарына дайындықты бастаймыз, — дейді бапкер.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button