Басты жаңалықтарЖастар

Биыл «Жасыл елде» 3200 жас жұмыс істейді

Өңірде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XXI жұмыс маусымының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында ұйымдастырылды.

Еңбек жасағының ашылу рәсіміне еліміздің барлық өңірінен белсенді жастар қатысып, маусымның ресми басталуына куә болды. Жиында облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, жастарды еңбек маусымының ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда, «Тазалық әр адамнан, әр үйден басталуы керек», деп атап өткен болатын. «Жасыл ел» сияқты жобалар — осы бастаманың нақты көрінісі. Сіздердің еңбектеріңіз — елге қызмет етудің жарқын үлгісі, — деді.

Сонымен қатар өңір басшысы «Жасыл ел» штабының үздік 100 сарбазына Астана қаласына арнайы жолдама бөлінгенін атап өтті. Бұл жолдама маусым қорытындысында ең белсенді, ең үздік деп танылған жастарға табысталады.

Сондай-ақ іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров арнайы қатысып, жастарға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

— «Жасыл ел»— тек маусымдық жұмыс емес, жастардың өмірлік тәжірибе жинауына, ортаға бейімделуіне мүмкіндік беретін бірегей жоба. 3200-ден астам жастың еңбекке араласуы «Жасыл ел» қозғалысының жастар арасында қаншалықты сұранысқа ие екенін және олардың ел болашағына бей жай қарамайтынын дәлелдейді. Сонымен қатар бұл жоба Ақтөбе өңірінде жақсы дамып, ұйымдастыру және қамту жағынан республика бойынша алдыңғы қатарда тұр, — деді ол.

Облыстық «Жасыл ел» штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев биылғы маусымдағы міндеттер мен негізгі бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, жастардың қатысуымен өңірде бірнеше ірі экологиялық акциялар жалғасуда.

Біз «Таза қала — таза жағалау», «Менің атаулы ағашым», «Ардагерлерді ардақтайық» сынды акцияларды ұйымдастырып келеміз. Сәуір айынан бері 500-ге жуық жас ағаш егуге қатысты. Мамыр айынан бастап 50 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық қала полигонына жөнелтілді, — деді ол.

Маусымның ашылуына орай Триатлон саябағында өткен экологиялық акцияда республиканың түкпір-түкпірінен келген жастар 20 түп қарағай көшетін егіп, қоршаған ортаны қорғау ісіне үлес қосты.

Айта кетейік, 21 жылда «Жасыл ел» бағдарламасына өңірден 80 мыңнан астам жас еңбекке тартылған. Тек 2024 жылы 2 мыңға жуық жас еңбек жасағына қатысты. Ал биылғы маусымда бұл көрсеткіш 3200-ге жетіп отыр.

Облыстық штаб төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің айтуынша, биыл еңбек маусымы қорытындысы қазан айында өтеді. Арнайы комиссия шешімімен үздіктер анықталады.

— Әр жұмысшы-сарбаз алғашқы күннен бастап жеке портфолио жүргізеді. Онда марапаттар мен Алғыс хаттар жиналады. Соның негізінде сертификаттар мен жолдамалар табысталады, — деді ол.

Жиынға қатысқан студенттер «Жасыл ел» жасақтарында еңбек ету үлкен тәжірибе алаңы екенін айтты.

 — Біз «Лесхоз» жасағында жұмыс істейміз. Жалақымыз — 150-180 мың теңге аралығында. Өз қажетімізге толық жетеді, — дейді Миржан Айсұлтан.

Ал Қызылорда облысынан келген делегат мүшесі Абылай Болатбеков:

—Ақтөбеде студенттік құрылыс отрядтары жақсы жолға қойылған. Біздің өңірде мұндай жүйе аса дамымаған. Бұл жерден көп нәрсе үйреніп жатырмыз, — деп пікірін білдірді.

«Жасыл ел» — жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, еңбек арқылы елге қызмет етуге жол ашатын бірегей жоба.

Шара облыстық филармония әншілерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button