Агломерация және Қазақстандағы қалалардың болашағы қандай болмақ?
Жолдау
Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның шағын қалалары мен аймақтарын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша көптеген жұмыстар көзделген. «Ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамуы — өз алдына бөлек мәселе… Қазақстанда келешегі зор қалалар шоғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады», — деді Елбасы Жолдауында. Осыған байланысты, Елбасы үкіметке елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауды тапсырды. Ғалымдардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстан қалаларында ел тұрғындардың 70%-ынан астамы өмір сүріп, жұмыс жасайтын болады. Елімізде Алматы маңында агломерацияның қалыптасу үрдісі бастапқы сатыда тұр. Алыс болашақта халық санының өсуі, жаңа қалалардың құрылуы және оңтүстік астанамыздың Қапшағай, Талғар, Есік, Қаскелең сияқты қалалармен және жақын қоныстанған елді мекендермен қосылуы нәтижесінде байқалуы мүмкін.
Президент Н.Назарбаев 2009 жылы Ақтөбе қаласы халқының санын болашақта 1 миллионға жеткізу міндетін жүктеді. Осыған байланысты ғалым-мамандар Ақтөбе қаласы дамуының математикалық-экономикалық моделін жасады. Осы модель бойынша 2040 жылға қарай Ақтөбе миллиондар қаласына айналып, бұл өңір Батыс Қазақстанның астанасы аталады. Ғалымдардың пікірінше, миллиондық межеге жету үшін қала халқы 2,5 еседей өсуі қажет. Бірақ қаланың бұл мәртебеге қол жеткізуі басқа да факторларға байланысты жүзеге асырылуы керек, өйткені жалпы Ақтөбе облысында тұратын халықтың саны — 765 мың. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ұзақ мерзімді болжамның жүзеге асуына барлық алғышарттар бар: қалада мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму стратегиясы белсенді жүргізіліп, тау-кен металлургия, мұнай-газ өңдеуші және құрылыс өнеркәсіптері, жаңа индустриялық объектілері ашылады, ғылыми сыйымдылығы мол салалар қалыптасып, технополистер құрылады.
Қазақстанда 2010 жылдың аяғында 84 қалада — 8,9 млн. (55,3%), ауылдық жерде 7,5 млн. (44,7%) адам тұрып жатқан. Егер Қазақстанда 1926 жылы 44 қала мен қала типтес кенттер болса, 2009 жылы олардың саны 325-ке жетті. Қалалар бір-бірімен білікті жұмыс күші мен әлеуетті инвесторлар үшін әлемдік бәсекелестікке түсіп кетті, өйткені қала қазіргі заманғы әлемде инновация аймағындағы өзіндік мүддесі бар біртұтас ағза болып отыр.
Қазір қалалар негізінен өндірістік, зияткерлік және ғылыми әлеуеті зор, жаңашылдық пен инновацияның тарихи қалыптасқан орталықтары болып табылады. Сәйкесінше, қалалар даму технологияларына, инновацияларға деген сұранысты талап етіп, өздері соны қанағаттандырады. Барлық заманда осылай болған және болашақта да солай болады. Бірақ дәл қазіргі уақытта әлем қалалардың түпкілікті өзгерісінің дәуіріне қадам басты.
Қазақстан қалаларының қазіргі жағдайдағы тиімді дамуы, әлеуметтік даму саласының 3 бағытына бейімделуі тиіс: халықты жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын жасау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Президент Н.Назарбаевтың айтуы бойынша, бұның барлығы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы қажет. Жұмыс берушілер мен инвесторларды капитал салудың, экономиканы жаңартудың, жеке кәсіпкерлікті дамытудың нақты бағыттарына қарай бейімдеудің де маңыздылығы жоғары. Жылдамдатылған экономикалық жаңартусыз үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасын жүргізу мүмкін емес. Конструкциялық бағыт-бағдарсыз атап өтілген бағыттардан келер пайда аз, қалалардың экономикалық әлеуетін, олардың күшті және әлсіз жақтарын зерттеп, қауіпті жақтарын және мүмкіндіктерін анықтау толық сараптаудан өтуі қажет. Бұл — өте күрделі жұмыс, сондықтан ол болашақта адами әлеуетті дамытуды талап етеді.
Қазіргі таңда қалаларды, әсіресе шағын қалаларды қолдауға байланысты мемлекет тарапынан жасалатын іс-шаралар, төменгі қажетті өмір сүру деңгейін сақтай отырып ең маңызды деген мәселелерді шешуге қаржы ресурстарын бөлумен шектеледі. Қалалық елді мекендердің проблемаларының көптігін ескерсек, шағын және орта қалаларды дағдарыстан шығарудың бұндай жолы аса тиімді емес. Негізгі міндет — қала экономикасын тұтас қатыстыра отырып қалада жұмыс жасауға мүмкіндік беретін әлеуметтік жағдай жасау, өзін-өзі дамыту механизмін құру және осы арқылы халықты жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешу.
Қазіргі таңда Қазақстанның шағын қалаларында жолдардың жоқтығы, білім берудің және денсаулық сақтау салалары деңгейінің төмендігі, баспана мен жұмыс орындарының жетіспеушілігі секілді өткір мәселелер бар. Соңғы 10 жыл ішінде еліміздегі қала халқының үлесі 2,4%-ға қысқарды. Бұрынғы өнеркәсіптік және өнеркәсіптік емес функцияларынан біртіндеп айрылып бара жатқан кейбір қалалар (мысалы Темір, Жем, Державинск, Текелі, Форт-Шевченко, Қазалы және т.б) қала типтес кенттер қатарына өтуі керек. Дезурбанизация процестері халықты қоныстандырудың жаңа жүйесін қалыптастырды және мемлекет қала халқын өзгермелі нарықтық экономика жағдайларына бейімдеді. 2002 жылы экономикалық зерттеулер институты құрастырған «Қазақстанның өндірістік күштерін дамыту мен орналастырудың келешектегі негізгі бағыттарына» сәйкес, Қазақстанның ерекше күйзелу жағдайындағы және артта қалған қалалар анықталған. Үкіметтің уақыт өте қабылдауға мәжбүр болатын, шағын қалаларды әлгіндей жағдайдан шығарудың бағдарламасы қалалардың экономикалық дағдарысының себептерін жоя алмайды, өйткені олар түп-тамыры тереңде жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерден туындаған.
Өткен ғасырдың 60-80 жылдары шағын және орташа қалалардың мәселелері мемлекеттік деңгейде бірнеше рет қаралды, көптеген үкімет қаулылары шығарылды, бірақ бұлардың көпшілігі орындалған жоқ, себебі олардың мақсатты түрдегі даму бағдарламасы болған жоқ. Қалалар мен жергілікті билік органдарының басқару жұмыстары деңгейінің төмендігінен басқару жүйесін орталықтандырылған және дотациялық механизмдерге ауыстыру — көптеген шағын және орташа қалалық елді мекендердің күйзелуіне әкеліп соқтырды.
Жаңа экономикалық реформа кезінде, басқарудың орталықтандырылмаған жағдайында, шағын және орташа қалалардың өз бетінше дамыту қабілеттерін өзіндік ресурстар мен мүмкіндіктер негізінде қалпына келтіруге бағытталған мәселелерді шешуге жаңаша тәсілдер қажет. Егер қалалар мен аймақтардың қарым-қатынасы мемлекеттік деңгейде де тең құқылы негізде жүргізілетін болса, шағын және орташа қалалардың өз бетінше даму үдерісі оң нәтиже беруі мүмкін. Өзіндік ресурстар негізінде шағын және орташа қалалардың одан әрі дамуы үшін оларға тиімді шарт негізінде өз ресурстарының бір бөлігін басқару мүмкіндігін беру қажет. Бұл шағын және орташа қалалардың тең құқылы шаруашылық жүргізуші және экономикалық қызмет субъектілері ретінде қарастырылуы тиіс екендігін білдіреді.
Қазіргі кездегі жергілікті басқару органдарының, денсаулық сақтау және білім беру секілді салалардағы әлеуметтік қызмет көрсетулерді тым болмаса минималды деңгейде арттыру бұл мәселелерді шешпейді. Сондықтан үкіметтің, аймақтық және қалалық басқару органдарының нақты қаржылай көмегі шағын қалалардағы жобаларды инвестициялау үшін кәсіпорындарға субсидиялар, заемдар мен салықтық жеңілдіктер көрсету түрінде жүзеге асырылуы тиіс. Көптеген қалалар дотациялық шарттар негізінде қызмет етеді, себебі табылған қаражаттың басым бөлігі жоғарыдағы бюджетке аударылады. Субсидия алушының конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша қабылданған оң шешімі мен аймақтағы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің құқықтық актісі инновациялық жобаларға субсидия берудің негізі болып табылуы тиіс.
Меніңше, шағын қалаларды күйзелісті жағдайдан шығару үшін инновациялық жүйені құрудың орталық және аймақтық билік көмегімен жүзеге асырылатын, экономикалық қолдау көрсетудің жан-жақты шараларын қарастыратын мақсаттық кешендік бағдарлама жасалуы қажет. Бұл құжаттарды барлық мүдделі тараптар (мысалы, үкімет, кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменттері, кәсіпорындардың, ғылыми мекемелердің және университеттердің басшылығы) жасап, жүзеге асырады. Бұндай бағдарламада олардың әрқайсысының жауапкершілігі мен өзара қарым-қатынас жасау принциптері нақты анықталуы тиіс.
Соңғы жылдардағы мемлекеттегі экономикалық өсу мен әлеуметтік көрсеткіштердің тұрақталуы көптеген қалаларға ағымдағы мәселелерді шешуден аумақтарды стратегиялық жоспарлауға көшуге мүмкіндік беріп отыр. Қалалар экономикасын жаңартудың негізгі мәселесі — кикілжіңді жағдайға байланысты қолданылатын басқарушылық әрекеттердің көбісінің тиімсіздігі. 1990 жылдардағы жете ойластырылмаған реформаларды жүргізудің ақырында әлеуметтік қарама-қайшылықтар шиеленісіп, экономикалық өмір тәртібі бұзылды, көлеңкелі бизнес белең алды. Күйзелу тенденцияларын жеңу мен экономикалық дамуға өту қазіргі заманғы қазақстандық экономиканың қызмет етуінің заңдылықтары мен әлеуметтік механизмдері туралы шынайы түсінікті қалыптастыруды талап етеді.
Бауыржан Жүнісов,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетінің деканы, профессор.



