Серкелер сүрінген тур

Премьер-Лига
«Жетісу»-«Ақтөбе» — 2:1
24-25 мамыр күндері 10-тур ойындары өтті.
«Қайрат» қатарынан екінші рет ұтылып қалды. «Ақтөбе» де екінші рет ұпайсыз қалды. «Ордабасы» үшінші рет жеңілді.
Серкелердің арасында «Астана» мен «Тобыл» ғана жеңіске жетті.
«Жетісу» биылғы чемпионатта алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Биылғы чемпионаттағы алғашқы жеңісіне «Ұлытау» да қол жеткізді.
* * *
Бұл турда «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісумен» кездесті.
Жалпы чемпионат басталғалы бірде-бір жеңіске жете алмай келе жатқан «Жетісудан» қорқуымыз керек пе еді? Керек еді. Тоғыз тур бойы не жеңіліп, не тең түсумен келе жатқан «Жетісудың» да бір жеңіске жететін күні болуға тиіс еді ғой. Сол күн 25 мамыр болса ше? Жоқ. Өйтіп үркетіндей де жайымыз жоқ сияқты еді. Талдықорғандықтар азулы делінетін командаларды әзірге жеңіп кеткен ештеңесі жоқ. «Астана», «Ордабасы» командаларынан ұтылды. «Елімай» мен «Оқжетпестен» де жеңілді. Тең түскен командаларды өзімен деңгейлестер деуге болады: «Ұлытау», «Тұран». Бұл тізімге «Қызылжар» мен «Жеңісті» де қосуға болар. Өзімен тең ойнаған «Атыраудың» да биылғы шамасы белгілі.
Осыларды сараптай келгенде бұл сапарынан «Ақтөбе» олжасыз оралмауға тиіс сияқты көрінді. Әрине, қонақтардың табысқа жететіндігіне күмән да келтірілді. Мысалы, ұлттық құрамамыздың бұрынғы ойыншысы Евгений Аверченко: «Кеше ғана сырт алаңда «Ұлытау» «Ордабасы» командасын жеңді. Ал талдықорғандықтар чемпионатта жеңіске жете алмай келеді. Турнир кестесіндегі лидерді мына кездесуде «Жетісудың» жеңіп кетпейтін несі бар?» — деген сәуегейлік айтты. Ешқандай дәлелге сүйенбеген бұл сәуегейлікке ләппай дей алмадық. Ал қазақ футболы ардагерлерінің бірі Әли Сүймағамбетов: «Жетісу» құрамы жағынан әлсіз команда, дегенмен «Ақтөбеге» тойтарыс беруі де мүмкін, бірақ сол мүмкіндігі тым шектеулі, сол себепті бұл кездесуде қонақтар жеңеді деп ойлаймын», — деді. Бұл пікірді ресейлік «Vseprosport.ru» порталы да қолдады: «Чемпионат көшбасшысы қазір тамаша формада. Сол себепті үш ұпай олжалайды деп ойлаймыз», — деді олар.
* * *
Әп дегеннен «Ақтөбе» ойынды шабуылмен бастады. Және осы қалпынан бірінші тайм біткенше айныған жоқ. Дүркін-дүркін жасалған шабуылдар алаң иелерінің берекетін алумен болды. Біздің жігіттер қайткенде де бірінші боп гол соғуды мақсат еткен болуы керек, бір-біріне пас тастап, әрлі-берлі жүгіріп, алаң иелерінің әр қадамын аңдып бақты. Сол арқылы табысқа да жетті.
Жалпы ойынның алғашқы бөлігінде алаң иелері көбіне көп қорғанумен болды. «Ақтөбенің» қақпашысын да әурелеп әлекке сала қоймады. Дегенмен алушыны аңдушы жеңетіні, сірә, рас. Ақыры «Жетісудың» жігіттері сыр беріп алды.
40-минутта бұрыштамадан Жан Жайро әуелете тасталған допқа Оралхан Өміртаев бірінші боп жетіп, баспен қабылдап, оның бағытын қақпаның алыс бұрышына қарай өзгертіп жіберді, сол тұста футболшылардың арасынан суырыла шыққан Габи Кики орнынан секіре көтеріліп, дереу соққы жасады. Қақпашы Денис Кавлинов бұған қарсы ештеңе жасай алмай қалды. Гол — 0:1.
Осымен бірінші тайм аяқталды. Ал екінші таймда допты талдықорғандықтар алаңның біздің футболшылар жүрген бөлігіне аударумен болды. Үзіліс кезінде бұлардың бас бапкер Самат Смақовтан нақты тапсырма алғаны байқалып тұрды.
Сірә, жігіттерінің бірінші таймда қорқасоқтап ойнағанын пайымдаған Смақов енді ештеңеден сескенбеу қажеттігін, тәуекел деп тас жұту керектігін басып айтса керек. Расында да, бір голмен ұтылдың не, бірнеше голмен ұтылдың не, бәрібір ғой. Сол себепті аянбай арпалысқан жөн. Ақыры, осы батылдық жетісулықтарды тығырықтан шығарды. «Жетісу» командасы кезекті шабуылын ұйымдастырды да, 49-минутта ақтөбелік үш футболшымен арбасып келе жатқан Аслан Ахмедов аяғындағы допты қапталдаса жүгіріп келе жатқан Ринат Серікқұлға тастай салды. Ринаттың соққысын қақпашы Андрей Влад қайтара алмай қалды —1:1.
Қонақтар, әрине, есе қайтарудың жолын ойластырды. Бірақ бірінші таймдағыдай емес, бұл жолы жетісулықтар алдана да қоймады, шегіншектеуді де мақұл көрмеді. Алма-кезек шабуылдар өріс алды. Әсіресе төреші ысқырығы берілер сәт жақындаған сайын қонақтар неқилы амалдарға баруға мәжбүр болды. Оралхан Өміртаев айып алаңында симуляция жасап, кескен теректей құлап түскені үшін ескерту қағазын алды. Ал ойын аяқталуға үш минут қалғанда «Жетісу» және бір шабуылды сәтті аяқтады. Біздің қорғаушылардың жайбасарлығын пайдаланған, ойынға 71-минутта қосылған Максим Житнев өзіне тасталған пасты тиімді пайдаланып кетті. Ол өзін аңдыған үш қорғаушыны да қапы қалдырып, қақпа торын бүлк еткізді — 2:1.
Бұдан әрі онсыз да шаршаған, шалдыққан қонақтар алаң иелерінің қақпасынан саңылау табудың мүмкін еместігіне көз жеткізді.
Сөйтіп, командамыз Ақтөбеге еш ұпайсыз оралды.
Дегенмен бірінші таймда соншама сенімді ойнаған команданың екінші қырық бес минутта дәрменсіздік көрсетуі нені аңғартады?
Бәлкім, «Жетісудың» бас бапкері Самат Смақов жігіттерін жігерлендірер сөздер айтқан шығар. Бірақ ондай сөздерді кім айтпай жатыр? Сірә, бірінші таймды іштей саралап шыққан Самат «Ақтөбенің» өзі байқаған аз-кем осал тұстарын, қайткенде де, сол тұстардан нәтиже шығарудың тиімді жолдарын шәкірттеріне бажайлап түсіндірген болар.
Екіншіден, екінші таймда В.Левчук алаңға Фредди Гондоланы шығарудан басқа айла таппады. Әншейінде қарсыластардың мысын басып тастайтын Әділхан Таңжарықов, Неманья Анджелкович, Уче Агбо, Ыдырыс Умаев сияқты футболшылар запаста да жоқ болып шықты. Запаста сондай-ақ Еркебұлан Сейдахмет те, Лев Скворцов та, Рабиу да болмады. Джордже Ивкович те алаңға шықпады. «Кадрлар бәрін де шешеді» дейтін ескіден келе жатқан қисынға сүйенсек, осылардың қай-қайсысы да үміт артып жүрген кадрларымыз еді ғой. Бұлардың арасында жарақат алуына байланысты алаңға шыға алмайтындары да болғаны даусыз. Егер оларды ауыстыра алатын майталман футболшыларымыз болмаса, келешекте турнир кестесіндегі жоғары орыннан қайтіп үміттенеміз?
Үшіншіден, Вячеслав Левчук үзілісте жігіттерге қайдан қауіп төнетінін мықтап ескертуі керек еді. Ескерткен де шығар. Бірақ соны миға ұмытылмастай етіп сіңіруі керек еді. «Жетісудың» сапында бағасы 200 мың евродан асып тұрған футболшылар, жаңылыспасақ, екеу-ақ екен. Ал бізде одан әлдеқайда көп. Осындай артықшылықты пайдаланудың ретін таба білуіміз керек қой.
Мұның бәрін таусыла айтып отырғанымыз, келесі қарсыласымыз — «Қайрат». Одан соң «Астана», «Ордабасы», «Тобыл» тәрізді командаларға да кезек келеді. Ал оларды жеңу үшін әр ойыншының жеке қабілеті ғана емес, тұтас команданың толыққанды ұйымшылдығы керек-ау.
* * *
«Жетісу»-«Ақтөбе» — 2:1
Гол авторлары: Габи Кики, 40-минут (1:0), Ринат Серікқұл, 49-минут (1:1), Максим Житнев, 87-минут (2:1).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Рамазан Каримов, 27-минут, Сұлтан Асқаров, 65-минут, Давид Есімбеков, 90+6 («Жетісу»), Оралхан Өміртаев, 85-минут, Аян Байдәулетов, 90+6 минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Әлібек Қасым (капитан), Габи Кики, Бағдат Қайыров, Дархан Бердібек (Фредди Гондола, 58-минут), Аян Байдәулетов, Жан Жайро, Данияр Үсенов, Амаду Думбия, Оралхан Өміртаев.
Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Ислам Әбілқасов, Мирас Уманиязов, Айбар Абдулла, Джордже Ивкович.
Бас бапкер: Вячеслав Левчук.
25 мамыр 2025 жыл. Талдықорған қаласы, «Жетісу» стадионы.
* * *
Басқа кездесулер:
«Қайрат»-«Оқжетпес» — 1:2
«Ордабасы»-«Ұлытау» — 0:1
«Тұран»-«Тобыл» — 1:2
«Атырау»-«Қайсар» — 1:2
«Астана»-«Жеңіс» — 4:2
«Қызылжар»-«Елімай» — 1:1
* * *
Біздің мергендеріміз:
Жан Жайро, шабуылшы — 4 гол;
Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 3;
Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;
Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;
Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;
Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;
Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;
Лев Скворцов, қорғаушы — 1;
Габи Кики, қорғаушы — 1.
(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).
* * *
Жерлестеріміз 11 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 1 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды. Ұпай саны — 25. Доп айырмашылығы — 19-8.
* * *
10-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:
- «Ақтөбе» — 25;
- «Астана» — 24;
- «Қайрат» — 23;
- «Тобыл» — 20;
- «Елімай» — 17;
- «Оқжетпес» — 17;
- «Ордабасы» — 14;
- «Қызылжар» — 13;
- «Тұран» — 11;
- «Қайсар» — 10;
- «Жетісу» — 8;
- «Жеңіс» — 6;
- «Ұлытау» — 5;
- «Атырау» — 4.
Р.S. «Ақтөбенің», «Қайраттың», «Астананың», «Қайсардың» басқалардан бір кездесуі артық өткенін еске саламыз. Ал «Атырау» екі кездесуді артық өткізді. «Тобыл» мен «Ордабасының» бір ойыны кем.
* * *
10-тур ойындары:
30 мамыр, сенбі:
«Жеңіс» — «Ордабасы»
«Елімай» — «Астана»
«Тобыл» — «Атырау»
«АҚТӨБЕ» — «ҚАЙРАТ»
25 мамыр, жексенбі:
«Оқжетпес» — «Қызылжар»
«Ұлытау» — «Тұран»
«Қайсар» — «Жетісу»
Ертай АШЫҚБАЕВ.