641 түлек — «Алтын белгіге» үміткер

Тағы бір оқу жылы аяқталды
Әне-міне дегенше тағы бір оқужылы да өз мәресіне жетті. Бүгін, 23 мамырда еліміздің мектептерінде осы оқу жылының соңғы қоңырауы соғылып, «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіліп жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 11-сынып түлектері үшін оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты шара мектептердің шешіміне сай 23 немесе 24 мамырға белгіленген.
Ендігі басты мәселе — мемлекеттік емтихан уақыты, аттестат тапсыру рәсімі мен жазғы демалыс барысы. Осы және өзге де мәселелер жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаевамен сұхбаттасқан едік…

— Биылғы оқу жылының қорытындысы туралы айтып өтсеңіз.
— Облыс аумағында 405 жалпы орта білімберетін, 2 кешкі, 22 жеке, 1 басқамемлекеттікорганға қарайтын мекеме, 4 арнаулыбілім беру ұйымы және Назарбаев Зияткерлік мектебі жұмыс істейді. Осы білім беру мекемелерінде білім алып жатқан 185 819 оқушы тағы бір оқу жылын аяқтайды. Оның 19142-сі бастауышты бітірсе, 10481-і — 11-сынып түлектері.
Сонымен қатар 9-сыныптың 1564 оқушысы және 11-сыныптың 679 оқушысы — үздік аттестатқа, ал 641 түлек — «Алтын белгіге» үміткер.
— Мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру сәнге айналғалы қашан. Биыл оған қатысты қандай да бір шектеулер бола ма?
— Оқу жылының аяқталуына байланысты білім беру ұйымдарында қаражат жинауға, аниматорларды, агенттіктер мен жеке студияларды жалдауға, сондай-ақ балабақшалар мен бастауыш сыныпты бітірушілерге мерекелік шаралар өткізу үшін қаражат жинауға тыйым салынады. Аталған заңбұзушылықтар анықталған жағдайда заң аясында қатаң шаралар қолданылатын болады.
— Мемлекеттік емтихандар мен аттестат тапсыру мерзімдері қандай?
— Салтанатты жиындардан кейін 10 мыңнан астам түлек қорытынды аттестацияға дайындалады. 9-сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихандар 29 мамырдан 10 маусымға дейін, ал 11-сынып түлектері үшін 30 мамырдан 16 маусымға дейін өтеді. Аттестаттар 18-20 маусым күндері салтанатты түрде табысталады.
5-8 және 10-сынып оқушылары 26-30 мамыр аралығында қазақ тілі пәнінен аралық емтихан тапсырады. Мұндай оқушылардың жалпы саны — 78162.
— ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдіргендер саны қанша?
— Негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамыр мен 7 шілде аралығында өтеді (әр түлекке 2 мүмкіндік беріледі). Яғни мұнда мемлекеттік грант үшін тест тапсыруға 18959 түлек ниет білдіріп отыр. Ақылы негізде оқуға түсетін талапкерлерге ұлттық бірыңғай тестілеу тамыз айында ұйымдастырылады.
— Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы жағдай қалай?
— Колледждерде 28 мыңнан астам білім алушы оқу жылын аяқтайды, оның 8812-сі —түлектер.Қазіргі таңда 5120 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр.Биыл бітіретін түлектердің 808-і — үздік диплом алуға үміткер.
20 колледжде 2 478 оқушы үшін демонстрациялық емтихандар өткізіледі. Бұл формат жұмыс берушілерге түлектердің біліктілігін тікелей бағалауға мүмкіндік береді.
Айтпақшы, облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 8 929 бала оқиды, оның 519-ы — арнайы мектептерде, 3 742-сі орта мектептерде білім алады. Биыл 166 оқушы 9-сыныпты аяқтайды, олардың 101-і колледжге түсуге талаптанып отыр.
— Оқушылардың жазғы каникулы қалай ұйымдастырылады?
— Биыл барлығы 291 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Бұл үшін 7 қала сыртындағы лагерь (2-еуі — мемлекеттік және 5-еуі — жекеменшік), 699 мектеп жанындағы лагерь және қосымша білім беру мекемелері жанынан 49 жазғы алаң жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта «Әлия», «Campit», «Шұғыла», «Мұғалжар» және «Нефтяник» қалааралық лагерьлерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бес маусымдық лагерь алғашқы кезеңде 1312 баланы қамтыса, жаз бойы 8092 оқушы демалатын болады. Әр ауысым 10 күнге созылады. Ал жыл бойы «Күншуақ», «Әсем» лагерьлерінде 2532 бала демалады. Тағы 233 кәмелеткетолмаған бала «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық балалар орталықтарына барады. 3960 бала демеушілік қаражат есебінен лагерьге жолдамамен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ мектеп жанындағы лагерьлерге 161 185 бала, ал қосымша білім беру мекемелері жанындағы 49 жазғы алаңға 21 010 бала барады.
— Облыс әкімі Асхат Шахаров аппарат мәжілісінде жауапты мемлекеттік органдарға балалардың лагерьлердегі қауіпсіздігін және әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін демалыстың қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұған қатысты не айтасыз?
— Әрине,бірде-бір лагерьдің жағдайы санитарлық, қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмей, балаларды қабылдауына жол берілмейді. Барлық лагерь көпсатылы тексерулерден өтеді, әсіресе медициналық көмекке, тамақтануға, қызметкерлердің біліктілігіне ерекше назар аударылады.
Әуелгі кезекте мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топ өкілдерінің балаларына тиісті қолдау көрсетіледі. Мәселен, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі және басқа да санаттағы 21 мыңнан астам бала тегін жазғы демалыспен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік осал топ балаларының 98 пайызы жазғы бағдарламалармен қамтылады.
— Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін лагерьден басқа тағы қандай жобалар жоспарланған?
— Биыл өңірде «Тарих ізімен» атты жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Оның аясында 28321 баланы қамтитын 300 өлкетану жасағы құрылады. Жасақтар аймақ пен елдің тарихи орындары мен көрікті жерлеріне барады.
Сонымен қатар 18 колледж базасында кәсіптік бағдар беру лагерьлері ашылады. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Skills Camp» жобасы іске асырылмақ, онда 3000 оқушы бірқатар мамандық бойынша оқудан өтеді. Сондай-ақ дарынды балаларға арналған «Зияткер» зияткерлік лагері жұмыс істейді, онда 500 оқушының олимпиадаларға дайындалуға мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ 716 оқушы «Жасыл ел» және «Спарта» мектеп шаруашылығына жұмысқа орналасады, 30 мыңнан астам бала туристік жорықтар мен экскурсияларға қатысады деп жоспарланып отыр.
Сұхбаттасқан Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



