Басты жаңалықтар

Қойнауы құтты мекен

Алға — облыс орталығына ең жақын орналасқан аудан. 1933 жылы құрылған өңірде қазір халық саны 45 мыңға жуықтады.

Ауданда ауызсу мен газ мәселесі толықтай шешілуге жақын. Мәліметтерге сай, тұрғындардың 98 пайыздан астамы газбен және таза ауызсумен қамтылып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында Алға өңіріндегі 25 елді мекенге газ құбыры тартылды. Ауданда көгілдір отынның игілігін көріп отырған тұрғындар үлесі 98,8 пайызға жетті. Алдағы уақытта инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарына Жерұйық ауылын енгізу көзделген. Бұл ауылды газбен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті.

Айта кетейік, Үшқұдық ауылдық округіне қарасты Жерұйықта 200-ден астам тұрғын бар. Ал Ақсазды, Ерназар, Қызылту мен Құмсай ауылдары халық санының аз болуына байланыстыгазбен қамтамасыз ету мақсатындағы жоспарға әзірге енбейді.

Ауданда ауызсумен қамту көрсеткіші де жоғары — 98,5 пайыз. Биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделген. Осы мақсатта Тікқайың мен Көктоғай ауылдарына су құбырларын тарту жұмыстары қолға алынған. Осының нәтижесінде жалпы саны 668 адам болатын екі ауыл халқы үшін таза ауызсу қолжетімді болады.

Жыл басындағы қоныстой

Биылғы жыл жақсы жаңалықпен ашылған еді: қаңтардың басында 23 отбасыаудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиевтің қолынанжаңа баспананың кілтін алды. Оның ішінде бұрыннан тұрғын үй кезегінде тұрған 19 отбасы Алға қаласындағы көп қабатты үйден пәтер алса, тағы да 4 отбасына Маржанбұлақ ауылынан баспана берілді. Оларды баспанамен қамту үшін республикалық, сондай-ақ облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

15 қаңтарда ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров Алға қаласынан пәтер алған тұрғындармен де кездесті. Бұл туралы облыс басшысы: «Жаңа жылда 19 алғалық отбасы үйлі болған еді. Қоныстойларын тойлаған тұрғындардың қуанышына ортақтасайын деген ниетпен үйлеріне кіріп шықтым. Жылы әрі жап-жарық. Жалпы, тұрғын үйді қолжетімді ету — мемлекеттік саясаттағы басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы алдымызға 2029 жылға дейін Қазақстанда жылына 10 мың адам жалға берілетін тұрғын үймен қамтылуға тиіс деген міндет жүктеді. Сол тапсырманы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жүзеге асырамыз», — деп жазды.

Аудан тұрғындарының жартысынан астамы, нақты айтқанда 23,6 мың адам Алға қаласында тұрады. Тұрғын үй кезегіне 1650 адам тіркелген. Қазір тағы бір көп қабатты үйде қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл болашақта тағы 60 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге ауданда «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасының аясындағы жұмыстардың қарқыны да жақсы. Биыл осыбағдарлама арқылы 14 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жүргізіледі.

 Жолдар мен көпірлер

Жолдар — экономиканың күретамыры ғана емес, сонымен бірге халықтың әл-ауқаты үшін де ең маңызды мәселенің бірі. Облыс орталығына ең жақын орналасқан аудан болғанымен, былтырға дейін алғалықтар үшін Ақтөбеге жетудің өзі оңайға соқпаған еді. Өткен жылдың соңында Ақтөбе-Қандыағаш күрежолын қайта жаңғырту жұмыстары толықтай аяқталып, төрт жолақты жол халық игілігіне пайдалануға берілді. Жобада қамтылған жолдың ұзындығы 96 шақырым болса, осының ішінде Алға ауданының орталығы мен бірқатар ауылдарын Ақтөбемен жалғайтын жол да бар.

Соңғы жылдары ауданда жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырыла бастады. Өткен жылы ғана аудандық маңызы бар, яғни ауыларалық жолдарды жөндеуге бағытталған, жалпы құны 3,2 миллиард теңге болатын 8 жобақолға алынды. Бұл жобалардың аясында жалпы ұзындығы 43,8 шақырым болатын жолды жөндеу көзделген. Оның ішінде Алға қаласы мен Тоқмансай ауылы аралығындағы жолдың 26, 6 шақырымына — орташа жөндеу, Нұрбұлақ, Болгарка, Талдысай, Сарықобда ауылдарының кіреберіс жолдарына жөндеу жүргізу, т.б. жұмыстар бар.

Сондай-ақ Алға қаласы мен Қарабұлақ, Бестамақ ауылдарындағы көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл істер биыл да жалғасын таппақ. Бұрынғы жобалардың жалғасатыны бар, сондай-ақ жол бойындағы жаңа басталатын жұмыстарды қоса алғанда, жалпы ұзындығы 57,9 шақырым жол жөнделетін болады.

Қарақобда мен Тоқмансай ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылында көшелерге асфальт төселеді. Екі ауыл бойынша жалпы саны 13 көшеге асфальт төселеді. Олардың жалпы ұзындығы — 7,4 шақырым. Қазіргі күні Қарақобдада жұмыстар басталып кетті. Сондай-ақ Маржанбұлақ, Қарақұдық, Бесқоспа ауылдық округтерінде де жолдарға асфальт төселеді.

Аудан орталығында былтыр жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болатын көшелер орташа жөндеуден өтіп, сонымен бірге №1 тұрғын үй алабындағы бірқатар көшеде жаңадан жол салынған еді. Биыл Алға қаласында9 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Жол қатынасы үшін, әрине, көпірлер сапасы да маңызды. Биыл Алға-Қарабұлақ жолындағы көпірді қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын толығымен аяқтау көзделген.Бесқоспа ауылдық округіне қарасты Есет батыр ауылындағы көпір де күрделі жөндеуден өтеді.

Жаңа кешен ашылды

Аудан экономикасында басты сала — ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы. Былтыр сүт, ет бағытында инвестициялық жобалар іске асырылды. Биыл да Алға қаласында жеке кәсіпкер өз қаражатына жаңа мал сою кешенін ашты.«Әсет» кешенінің аумағы бір гектардан асады, жалпы қуатына келсек, мұнда тәулігіне 10 бас ірі қара және 30 ұсақ мал сойылады.

Бұл жоба арқылы 7 адам жұмыспен қамтылды. Ал кешен иесі өз ісін одан әрі дамытып, ет өңдеу, шұжық цехтарын ашуды көздеп отыр.

Ауданда ірі қара мен жылқы саны көбейіп келеді. 2023 жылмен салыстырғанда, өткен жылы ірі қараның саны — 115,7 пайызға, жылқының саны 124 пайызға артқан. Түйе түлігі, керісінше, кеміпті.

Ауданда 500-ге тарта агроқұрылым бар, олардың арасында 87 шаруашылық асылтұқымды мал бағумен айналысады. Егістіктің жалпы көлемі — 70 мың гектардан астам, оның ішінде 15 мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақыл егіледі.

Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығының өсімі 105,8 пайызға жетті.

Кәсіп бастауға ниеттілер көп

«Ауыл аманаты» жобасына алғалықтар бастан-ақ белсенді қатысып келеді. Өткен жылы аудан бойынша 137 жоба мақұлданған. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында тағы 12 жоба қолдау тапты.

«Ауыл аманаты» жобасының аясында аудан тұрғындары бүгінге дейін 68 құс шаруашылығын, 45 жылыжай ашқан.Сонымен қатар мал шаруашылығы бағытында — 91, шағын және орта бизнес саласында 243 адам жаңа іс бастады.

Жалпы, ауданда іс бастауға ниетті азаматтар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Жеке кәсіпкерлер бастамасымен қолға алынған инвестициялық жобалардың бірін жоғарыда айттық. Сондай-ақ Қарақұдық ауылдық округіне қарасты Сарытоғайда да ірі кемпинг кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қазір мұнда 50 орындық асхана мендүкеннің құрылысы аяқталды.

Талдысайда мектеп салынады

Ауданда қазір балалар білім алып жүрген мектептер саны — 30. Бұл мектептерде 1,5 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді. Өткен жылы Алға қаласындағы В.Пацаев атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған бюджеттен 445,8 миллион теңге қаржы жұмсалды.

Биыл Алғада жеке қаражат есебінен салынған «Сафия» балабақшасы пайдалануға берілді. Жаңа үлгідегі балабақшада қазір 100-ден астам балдырған тәрбиеленіп жатыр. Бұл мекеме 250 балаға дейін қабылдай алады.

Қаңтар айындағы жұмыс сапарының барысында облыс әкімі Асхат Шахаров Талдысай ауылының тыныс-тіршілігімен де танысқан еді. Мұндағы 1975 жылы салынған мектеп ғимараты апатты деп танылған. Облыс басшысы осы сапарында биыл Талдысайда 60 орындық жаңа мектеп құрылысының басталатынын айтып, ауыл жұртын қуантты.

Басты байлық — денсаулық

Былтыр аудандық орталық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, бұл өңірдің денсаулық сақтау саласына серпіліс әкелді. Аурухананың жылыту жүйесі, едені мен есік-терезелері толығымен жаңартылды. Мұнда дәрігерлер күніне 500 адамды қабылдай алады. Ал стационарда 70 орын бар, оған қоса 90 орындық күндізгі стационар да жұмыс істеп тұр. Ауруханаға құны 187 миллион теңге болатын компьютерлік томограф орнатылып, басқа да заманауи жабдықтар алынған.

2024 жылдың соңында Тоқмансай мен Қарабұлақ ауылдарында да жаңа медициналық пункттер ашылды. Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында салынған нысандар. Осы ұлттық жобаның шеңберінде ауданға рентгендік маммографиялық аппарат, рентгендік флюорографиялық стационарлық аппарат,  скринингтік есту құрылғысы, қан және қан алмастырғыштарды жылыту аппараты сынды құрал-жабдықтар алу да жоспарланған.

Өткен жылы Алғада және Маржанбұлақта бассейні бар денешынықтыру кешенінің құрылысы да басталды. Қазір бұл құрылыстар жалғасып жатыр.

Тоғыз Мәдениет үйі бар

Алға ауданында 9 Мәдениет үйі, 4 ауылдық клуб және 15 кітапхана жұмыс істеп тұр. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне 16 нысан енген. Оның ішінде Есет батыр Көкіұлы мемориалды кешені —елімізге белгілі туристік бағыттардың да бірі. Ал үлкен жолдың бойында орналасқан көне мешіт — Шәкен ишан мешіті жақын жылдары қайта қалпына келтірілді.

Инженерлік инфрақұрылымы, мал шаруашылығы жақсы дамып, бүгінде тек аудан халқы ғана емес, облыс орталығы тұрғындарының бір бөлігін мал өнімдерімен қамтып отырған Алға өңірінде бірқатар өзекті мәселелер де бар: экология (яғни бұрынғы Алға химия зауытының орнындағы қалдықтар мәселесі); тұрақты жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп орнының жоқтығы. Осы орайда өткен жылы сингапурлық инвесторлар Алғада цемент зауытын іске қоспақ жоспарын жария еткен еді. Бұл жоба іске асқан күнде500 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ инвесторлардың айтуынша, бұл — ағынды суы жоқ, қалдықсыз өндіріс, яғни экологиялық тиімді жоба.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button